Дархан Сатыбалды Алматыдағы ірі жол апаты туралы пікір білдірді

Алматы қаласының әкімі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. 

Дархан Сатыбалды Алматыдағы ірі жол апаты туралы пікір білдірді Фото: gov.kz

Оның сөзінше, 3 адамның өмірін қиған жол апаты қала үшін орны толмас қасірет саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Әл-Фараби даңғылында қаза болғандардың ағайын-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Алматыда көлік саны күн санап артып, жолдарға түсетін салмақ көбейіп келеді. Жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылауды күшейтіп, жүйелі жұмысты жалғастырамыз, – деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ, Дархан Сатыбалды полицияға барлық заң бұзушылыққа қатаң шара қабылдауды тапсырғанын жеткізді. 

Әкімнің сөзінше, осы жылы жалпы ұзындығы 290,2 шақырым болатын 360 көшеде, яғни 17 магистральды көше орташа жөндеуден өтпек. Қазіргі уақытта жол жабынындағы ақауларды жою, люктер мен жаңбыр суын қабылдайтын құдықтардың шөгуін қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен. 

– Мердігер ұйымдар жұмыстың сапасын қамтамасыз етіп, белгіленген мерзімді қатаң сақтауы тиіс. Бұл мәселе жеке бақылауымда, – деп жазылған әкімнің жазбасында.

Айта кетейік, 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Салдарынан Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апатынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушысы оқиға орнында қаза тапқан еді. 

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу