Дәрігерлердің қателігін кешіру ұсынысы қоғамда қатаң сын туғызды

3439

Еліміздің бас дәрігері Ажар Ғинияттың бүлдіршінді өлтіре жаздағаны халықты естен тандыра жаздады. Заңгерлер адамдардың денсаулығы мен өміріне салғырт қарайтын ақ халаттыларға аяушылық танытудың қажеті жоқ деп санайды. 

Дәрігерлердің қателігін кешіру ұсынысы қоғамда қатаң сын туғызды

Мәжіліс "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қарауға алды. Құжат дәрігерлер қауымының мәртебесін көтеруге бағытталған.

Заң жобасының тұсаукесерінен шыққан Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ұятты мәлімдеме жасады.

"Алғашқы қателігім есімде. Баланы ішек инфекциясынан емдедім, балдырғанның қызуы түсе бастады, бәрі жақсы сияқты. Алайда үшінші күні қызуы қайтадан күрт көтерілді. Баланың өң-түсі жоқ, бозарып кеткен. Бұл көрініс жадымда жатталып қалды. Содан көмек сұрап, әріптестеріме жүгіндім. Олар баланы қарады. Мен оны ішек инфекциясынан емдеп жүрсем, бала төмен түскен үлестік пневмониямен дертті екен", – деді Ажар Ғиният.

Оның айтуынша, бала аман қалған. Бірақ бұл мәлімдеме қазақстандықтарға төбеден жай түскендей әсер етті. Пікір білдірген интернет пайдаланушылар бұл Денсаулық сақтау министрінің тек бірінші қателігі ғана екеніне, содан бері оның қанша қателік жібергенін тексеру қажеттігіне назар аудартады. Себебі ішек ауруын өкпе дертінен айыра алмаған дәрігер өзге сырқаттарға қандай "көмек" көрсеткені белгісіз.

Белгілі қазақстандық заңгер, қоғам белсендісі Анна Димитриевич Парламентке енгізілген жаңа заң жобасында медициналық қызметкерлердің кәсіби міндеттемелерін лайықты орындамағаны үшін жазаны гуманизациялау, сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 317-бабының ("Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы") жазасын жеңілдету ұсынылып отырғанын, бұған өзінің қарсы екенін жеткізді. Өйткені ол кәсіби жұмыс бабында дәрігерлер денсаулығынан айырған сырқаттарды қорғапты. Біліксіз әрі арсыз ақ халаттылар өзін айыпты санамақ түгіл, тіпті кешірім сұрамайтын көрінеді.

"Мен шыны керек, осы жаңалықты естігенде естен тана жаздадым. Мысалы, министрдің айтуынша, денсаулыққа абайсызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мен тұтқындау мерзімін төмендету ұсынылды. Пациентті өлтірсе, "бас бостандығынан айыруды" "бас бостандығын шектеуге", яғни бостандыққа шығаруға ауыстырмақ. Ол заң жобасында медқызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізілетінін қосты. Бірақ сақтандыру түрінде ұсынылған тарту халыққа ештеңе бермейді, азаматтарды түк те қорғамайды. Бұл жай көзбояушылық. Қазірдің өзінде заң жұмыс істемейді, 10 жағдайдың біреуінде ғана дәрігердің қателігін дәлелдеу мүмкін болады. Қаншама адам жыл сайын солардың қатесінен денсаулығын жоғалтады. Біразы дәрігерсымақтар кесірінен өмір-бойға мүгедек болып қалады. Мен мұндай қылмыстық істердің санатын жақсы білемін. Дәрігерлердің көбі тіпті адам өлтірсе де жазадан құтылып кетеді", – деді заңгер.

Денсаулық сақтау министрлігі осы арқылы саладан кадрлардың кетуіне тосқауыл қоюға ниетті. А.Димитриевич мұны халықтың денсаулығы есебінен жасауға болмайтынын ескертті. Бұған мысалы, медицина қызметкерлерінің аз жалақысын көтеру арқылы қол жеткізуге болады. Басқаша ынталандырсын. Ақ халаттылардың басым көпшілігі мемлекеттік баспана алуға құқылы санаттан шығарып тасталған. Қайта енгізіп, үй кезегіне тұрғызуға болады. Сонда олар ең құрығанда үй алғанша, қызметін құндап, одан айырылмауға тырысады.

Ондай игілік ұсына алмағандықтан, билік оңай жолға түсіп, ұлттың денсаулығын бәске тігіп отыр. Заңгердің байламынша, мұндай өзгеріске үнсіз көне салса, адамдар біліксіз хирургтардың үстеліндегі кесек етке айналады: оны қалай бөлшектеймін десе де, еркі болады.

Әлеуметтік желіде пікір білдірген қазақстандықтар да мұндай гуманизацияға үдере қарсы шықты.

"Біз дәрігерлерге қапысыз сенеміз, олардың емдеуін мүлтіксіз ұстанамыз. Сондықтан олар жауапкершілік арқалауға тиіс. Әйтпесе, бәрібір жазаланбайтынын біліп, ойына келгенін істейді, сынақ қояды", – деп қауіптенеді Әйгерім Бердібаева.

Өзге азаматтар қазіргі кезде кез келген университеттің дипломын сатып алуға болатынын, сөйтіп, кез келген саланың дәрігері болып шыға келетінін еске салады. Содан олар емханада отырып, зарядталған сумен, улы сынаппен, даладан теріп алған түрлі шөппен емдеуге кірісуі мүмкін. Салдарынан, қазақстандық онсыз да сапасы төмен медицина орта ғасырлық құрдымға құлайды. Тағы бірі осындай түзетулерге келісім берген Үкіметтегілер қазақстандық емханаларда емделмейтінін, шетелдік озық клиникаларды таңдайтынын еске салды. Бірқатар адам өз емханаларында пара бермесе, сырқатқа дұрыс қарамайтын дәрігерлер барына шағымданады.

Айгүл Қадыр қазіргі кезде дәрігерлердің көбі нақты диагноз қоймайтынын, диагноз деген тұсқа сұрақ (?) белгісін қоя салатын медқызметкерлер көбейіп кеткенін айтты. Сонымен бірге мемлекет медсақтандыру жарнасын барған сайын өсіруде.

Азаматтардың бір бөлігі перзентханаларда дәрігерлердің дұрыс босандырмауы салдарынан гидроцефалия болған, мойны шығып кеткен не сынған, тіпті сал болып қалған нәрестелер көбейгенін қамыға қаперге салады. Ал ісіне бей-жай қарайтын ақ халаттылардың көз алдында ауруханада жатып, инсульт болған адамдар қаншама?

Денсаулық сақтау саласын жайлаған кесел көп. Одан арылу орнына шенеуніктер соны тіпті өршітетін жаңашылдықтарына өмірге жолдама бермек. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, дәрігерлік қателіктерге шағымданушылар өте көп. Бірақ көбісі бойынша қылмыстық іс қозғалмайды. Соның өзінде Қазақстанда жыл сайын 600-800-ге жуық іс ашылады.

"Соның өзінде кінәлілер жазалана бермейді. Әдетте, қылмыстық істер қозғалады, бірақ тергеу кезінде дәлелденбегендіктен жабылады", – деп мәлім етті министрлік.

Кейінгі жылдары 2 медицина қызметкерінің бостандығы шектелген. 9-ы – шартты жазаға кесілді. 11-і сотталды, бірақ рақымшылыққа ілігіп, жазадан босатылды. 19 дәрігер істің ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты жазадан босатылды. Сот залында 11 адам ақталды.

Көбінесе, қылмыстық істер хирургиялық араласумен байланысты мамандықтарда қозғалады, онда үнемі өлім қаупі бар. Бұл акушер-гинекологтар – 10 адам, хирургтар – 10, травматологтар – 8, қалғаны – анестезиологтар, реаниматологтар.

Қызылорда облысының тұрғыны Жадыра 2021 жылғы желтоқсанда жол апатына ұшырап, жедел жәрдеммен Қармақшы аудандық ауруханасына түседі. Кезекші дәрігер М. пациенттің арқасының қатты ауырып тұрғанын біліп, рентгенографияға жолдаған. Дегенмен рентген түсірілімінен ештеңе көре алмапты. Сөйтіп сырқат үйіне жіберілген. Ауру сезімі үдеген. Содан ол өз емханасына қаралады. Ондағы дәрігері Н. пиелонефрит деген диагноз қойып, күндізгі стационарға бағыттаған. Жадыра толық емдеуден өтсе де, аурудан арыла алмапты. Онысы жанын қоярға жер таптырмаған. Түшкіргенде, жөтелгенде күшейген. Төсектен тұруы қиындағандықтан шағым айтып, емханасына қайта жүгінеді.

Невролог М.-нан МРТ-ға жіберуді өтінеді, ол одан бас тартқан. Учаскелік дәрігер де ондай бағыттама беруден бас тартады. Мазасызданатын ештеңе жоқтығын, ауру сезімі бүйректен тарайтынын түсіндірген. Науқастың жағдайы жақсармағандықтан, 2022 жылғы 4 сәуірде қайтадан пиелонефрит диагнозымен амбулаториялық емдеуге жолдапты. Биылғы тамызда Жадыраның сырқаты жанына батады, саусақтары, аяқтары жансызданады, желкесі құрыса бастайды. Учаскелік терапевт Н. тағы да невролог М.-ға бағыттайды. Шу көтергеніне ашуланған терапевт Н. сырқатты жақтырмай, бұл жолы оны амбулаториялық емдеуге де жолдамай қойыпты. Бірақ қайта оралған пациентті аяған невролог оны Қызылорда қаласына МРТ-ға түсуге жолдады. Жадыра ақыры 3 қыркүйекте магниттік-резонанстық томографиядан өте алды. Зерттеу нәтижесі Жадыраның омыртқасы сынғанын көрсеткен. Егер қаптаған біліксіз дәрігер бір-біріне сілтеп, 10 ай сергелдеңге салмағанда, Қазақстан азаматы осынша ұзақ уақыт бойы қиналмас па еді. Уақытылы емдеу қабылдап, реабилитациялаудан өтетін еді. Енді оны ұзақ емделу, қымбат препараттарға, процедураларға шығындалу күтіп тұр. Ол медициналық ұйымды және мамандарын сотқа бергісі келеді. Алайда жауапсыз ақ халаттылар тағы да сүттен ақ, судан таза шығып, құтылып кетуі, басқа сырқаттардың басын допша тепкілеуін жалғастыруы мүмкін.

Ажар Ғиният Парламентті осы қиянатқа көз жұма қарауға көндіріп көрмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу