Дәріханалар билікке "шантаж" жасауда

4051

Наурызда коронавирус өршісе, Қазақстан дәрісіз қала ма? 

Дәріханалар билікке "шантаж" жасауда Фото: Максим Морозов

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың дерегінше, коронавирус пандемиясы биылғы наурыз айының соңында шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Ал эпидемиологиялық жағдай 2021 жылдың соңына дейін сақталады. Оның дерегінше, әзірге "дәрілік заттардың 2 айлық қоры қалыптастырылды". Ендеше көктемнің алғашқы айында COVID-19 індетінің жайылуы шынымен өршісе, "дәрі жетпей қалуы мүмкін". Мұны дәрі-дәрмек саудалаушылар айтып отыр.

Депутат дәріханашының шашбауын көтерді

Кеше тіпті жаңа сайланған Парламент төрінен солардың сойылын соққан депутаттық сауал жарияланды. Оппозициялық "Ақ жол" фракциясы атынан сөз алған Мәжіліс депутаты Айгүл Жұмабаева дәріхана иелерінің жағдайына шын алаңдап отырғанын ашық айтты.

"Бізге дәріхана қожайындары жүгініп, дәрі нарығында қалыптасқан жағдайды шешуге ықпал етуімізді сұрады. Таяуда, 2020 жылғы 31 желтоқсанда дәрілердің шекті бағасы туралы ДСМ-ның кезекті бұйрығы күшіне енді. Нәтижесінде, бірқатар антиковидтік препараттардың құны 48%-ға дейін арзандатылды. Бұл ретте алғашқы көмек үшін аса қажет аспирин, парацетамол секілді препараттар сыртында, аталған тізімге аллергияға қарсы адвантан, сырқат естен танғанда тағайындалатын преднизолон, сондай-ақ кардиомагнил, көз тамшылары, ауырсыну сезімін басатын жақпа майлар да кіріп кетіпті", – дейді А.Жұмабаева.  

Аталған бұйрық 11 қаңтарда жарияланды және он күн өткенде, 21 қаңтардан бастап күшіне енді. Яғни, сол күннен бастап, барлық дәріхана тізбедегі дәрі-дәрмектер бағасын түсіруге тиісті.

Депутаттың айтуынша, дәріханалар арзанға сатқысы келмейді. Себебі, онда сатып алған бағадан арзан өткізуге тура келетін көрінеді:  парацетамолды 80 теңгеден жеткізеді, 60-қа сату керек. 630 теңгеден алатын кардиомагнилді енді 483 теңгеден қымбатқа бұлдауға болмайды.

"Дәріханалар иелерінің мәліметінше, жеткізушілер бірқатар препаратты әкелуден бас тартуда, салдарынан кардиомагнил, клексан, адвантан, ципролет, гепарин жақпасы жоқ. Ал көтерме бағасы сол бойы төмендемеді: мысалы, сумамед 4397 теңгеден сатылады, ал шекті бағасы – 3641. Сала өкілдерінің пікірінше, Денсаулық сақтау министрлігінің осы әрекетінен ұсақ дәріханалардың 70%-ы зардап шегеді. Ал дәріханалардан 131 аталымдағы дәрі жоғалып кетпек", – деп "қорқытады" қалаулы Айгүл Жұмабаева.

Оның байламынша, министр Алексей Цойдың бұл бұйрығын орындау дәріхана бизнесін шығынға отырғызады.

"Кеше Үкімет отырысында министр Цой маңызды препараттардың үстеме құны азайтылып, халыққа қолжетімді бола түскенін хабарлап жатты. Алайда Денсаумині қабылдап жатқан шаралар ең көп сұранысқа ие дәрілердің тапшылығын туғызуға, фармнарықтың дағдарысына, дәріханалардың күйреуіне соқтырады", – деген "ақжолдық" депутаттар коронавирустың өршігенін ескерте келе, министр Цойдан бұйрығындағы дәрілердің бағасын қайта қарауды талап етті.

Яғни, бағаның қайта қымбаттағанын қалайды.

Дәрі сатушылар шын "бишара" ма?

ДСМ бұл қадамға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынымына орай барды. Нарыққа зерттеу жүргізген антимонополиялық орган Қазақстанда дәрі-дәрмектердің, әсіресе КВИ-мен күреске қажет препараттардың бағасы шектен тыс, жасанды қымбаттатылғанын анықтады. Нағыз "оба кезіндегі думан" деуге келеді.

Содан антимонополистер өткен жылдың соңында кем дегенде 230 препараттың бағасын орташа есеппен 27%-дан артыққа арзандату шараларын қабылдауды ұсынады.

Осының негізінде ДСМ былтырғы желтоқсанда "Дәрілік заттардың шекті бағалары мен үстеме бағаларын реттеу және қалыптастыру қағидаларына" өзгерістер енгізді.

"Бұл ретте бағаны қалыптастыру кезінде қымбаттатуға мүмкіндік беретін факторлар анықталды. Мысалы, біз әшкерелегеніміздей, дистрибьюторлар соңғы жылдағы инвойстар (тауардың ерекшеліктері, саны мен бағасы туралы сатушының сатып алушыға жіберетін құжаты) ішінен ең жоғарғы бағасы барын есепке алады. Оның үстіне тікелей өндірушінің инвойсы әрдайым ұсыныла бермейді. Бұл дәрі-дәрмек жеткізушілерге препараттарды зауыттың тікелей өзінен емес, жасанды делдалдар арқылы сатып алуына жол ашады. Осы арқылы өнімнің қымбаттауына алғышарт түзіледі", – дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Марат Омаров.

Оның байламынша, елімізде өндірушілер мен зауыттар ұсынатын бағаны да қайта тексеру, өзге елдердікімен салыстыру ісі дұрыс жолға қойылмаған. Мысалы, шетелдік фармзауыттар бір өнімін Ресейге арзан, ал Қазақстанға қымбат саудалайды. Олармен білікті саудаласып жатқан ешкім жоқ, бергенін ала салады. Салдарынан, экономикалық даму деңгейі бойынша ұқсас мемлекеттерде, Ресей, Беларусь, Украинада, тіпті Өзбекстанда дәрілер бізге қарағанда арзан.

Агенттіктің дерегінше, бізге сатылатын дәрілер құнының 30%-дайы жай ғана маркетингтік үстеме. Басқаша айтқанда, бренд үшін төлейміз.

Дәріханалар алдауын қоя ма?

Әлеуметтік желілер мен интернет форумдарда пікір білдірген қазақстандықтар қымбат дәрілерді көрші Ресейден алғызатынын айтуда.

"Дәріханалар дистрибьюторлармен ауыз жаласып, Денсаулық сақтау министрлігіне қысым көрсетуде, нағыз шантаж жасауда. Жақында ғана ата-анама керекті дәрілерді Ресейден алғыздым, оларда біздегіден 3 есе арзан! Және ол дәрілердің бәрі Ресейде жасалмайды, импорттық. Еуропалық бір өндіруші бір сауда белгісі бар, қаптамасы да бірдей өнімін екі елге әртүрлі бағамен саудалайтын сияқты. Мысалы, бір дәріні Ресей облыстарында 1000 рубльден сатып аламыз, бізде дәріханалар шамамен 15 мың теңге сұрайды. 14 таблеткасы ғана бар Плавикс бізде 8 мың 500 теңге тұрады. Ал Ресейде 100 таблеткалы қорабы шамамен 17 мың теңгеге сатылады", – дейді Катя Левенцева.

Тағы бір азаматтар суық тисе, құны шарықтаған тайлол, фервекс секілді ұнтақтарды ала алмайтынын, амалсыз, ескіше парацетамол, лимонды шай, сүтке сары май салып, тосап ішуге тура келетінін жеткізді.

"Жөтел мен тамақ ауырғанда соратын дәрілер құны удай. Содан жұрт дүкеннен құрамында эвкалипті бар кәмпитті грамдап сатып алып, сорады. Егер құнын түсіре алмаса, дәріханалар дәрі сатпасын! Сөрелерінде маркетингтік үстемесінен басқа ештеңесі жоқ "пустышкалар" азаяды. Одан халыққа зиян келеді деп ойламаймын. Өмірлік маңызды дәрілерді мемлекет өзі табады. Ал дәріханалар халықты алдауын азайтады. Әйтпесе, дәріханашылар науқастар үстінен күреп табыс табуға жаман үйренген. Шынында, азық-түлік дүкенінен еш жері артық емес", – дейді Әділ Бейсенбай деген азамат.

Қазақстандықтар коронавирус пандемиясы күшейген шақта дәріханалардың шаш-етектен табысқа кенелгенін еске салды. Расында, елімізде 2020 жылғы жаздың екі аптасында ғана (шілдеде) дәріханалар 10 миллиард теңгеден астам пайда тапқан. Мұны онлайн бақылау-кассалық аппараттардың деректерін талдаған Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлаған болатын.

Ведомство көптеген дәріхана шынайы табысын жасырып қалғанына нұсқады: негізінен, клиенттеріне чек бермейді. Мысалы, 10 мыңға жуық дәріхананың небары 7 674 онлайн-касса орнатқан. Қалғанында мұндай аппарат жоқ, сонымен бірге қызметін де тоқтатпаған. Оларды салықшылар тексере алмайды: 3 жылдық мораторий күшінде.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу