Дәурен Абаев отандық БАҚ-ты қолдаудың жолын қарастырады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2604

Отандық ақпарат құралдарын қолдау үшін жеңіл ішімдікті жарнамалауға рұқсат берілмекші.

Дәурен Абаев отандық БАҚ-ты қолдаудың жолын қарастырады Фото: Мария Матвиенко

Парламенттегі үкімет сағатында елдің ақпарат құралдарының бірқатар өзекті мәселесі, оның ішінде журналистердің жай-күйі сөз болды. Мәжілісте 5 желтоқсанда өткен үкімет сағатында Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев қазіргі алмағайып, аласапыран шақта отандық ақпарат құралдары күйзеліске ұшырап отырғанын жасырмады.

"Әлемдік экономикадағы дағдарыстың дендеуі салдарынан отандық БАҚ-тың жағдайы едәуір қиындады. Осыған байланысты біз үшін оларды қолдау шараларын түзуіміз маңызды", – дейді министр.

Бірақ, шығысы трлн теңгеден астам сомаға (Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың дерегі – abctv.kz) қысқарып, бүйірі ортайып жатқан бюджетте отандық журналистиканы демеуге бөлер артық ақша жоқ. Сондықтан, мемлекеттік қолдау қаржылық емес, "құқықтық және экономикалық" түрде болады.

Бір айта кетер жай, дүлей соққан дағдарыс дауылы есеңгіретіп тастады ма, үкімет басын бір тастан екіншісіне ұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын келешек ұрпақтың саулығы және маскүнемдік алғышарттарын жою деген ұранмен сыра және басқа да градусы төмен ішімдік түрлерін жарнамалауға заңда тыйым салынған. Енді, бір жағынан, телеарналарды ұстап тұруға кететін шығынды азайту көзделсе керек, ол ішімдік жарнамасын "көк жәшікке" кері қайтарып, барша ел азаматының "көзайымына" айналдыру көзделіп отыр.

"Қазіргі кезде елдегі жарнама нарығының көлемі шамамен 36 млрд теңгеге жуықтайды. Дегенмен, жарнамадан түсетін табыс БАҚ-тың барлық сұранысын өтемейді. Бұл олардың төл контентінің өндірісін төмендетуге соқтырады", – дейді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, министрлік бірқатар ынталандыру механизмін қарастырып қойыпты.

Біріншіден, БАҚ-қа артылып келген құқықтық және экономикалық жүк жеңілдетіледі. Осы мақсатта, мысалы, билікке немесе тағы біреуге жақпаған жалғыз мақала үшін газет-журналдың бүкіл тиражын тәркілеу секілді ескіден қалған "репрессиялық" шараны жою көзделіп отырған көрінеді. Өйткені, бұл жағдайда редакцияның басылымды шығаруға кететін және ондағы өзге жарнама берушінің ақысын қайтаруға жұмсалатын шығынды ешкім өтемейді.

Сондай-ақ, тағы да сол жағымсыз материалы үшін ақпарат құралының жұмысын тоқтату сияқты әкімшілік жаза да жойылмақшы. Дәурен Абаев міндетті қағаз дана-экземплярды өкілетті органға жіберу де енді қажет болмай қалуы мүмкін екенін айтып қалды.

Екіншіден, министрлік журналист емес, бірақ, осы салада қызмет атқаратын азаматтарды – блогер мен фрилансерді ақпараттық кеңістікке тартуды ұсынады. Әрине, бұлар онсыз да тартылған. Мысалы, отандық арналарда блогерлер жүргізетін тұтас бағдарламалар бар. Бірақ, бұл жерде сол блогер мен еркін авторға журналиске артылатын жауапкершілік қамытын жүктеу туралы сөз болып отырса керек.

Үшіншіден, Дәурен Абаев БАҚ қызметіне және олардың дамуына кедергі келтіріп келген заңнама нормаларындағы әралуан олқылық пен екіұшты түсінікті жоймақ ниетін байқатты.

Төртіншіден, әлсіз алкоголь өнімінің сауда белгілерін қатаң белгілеген жағдайда оны жарнамалауға рұқсат ету жоспарланыпты. Сондай-ақ, "көмекші сипаттағы тауар", "телесауда", "телегазет", "интернет-теледидар" секілді жаңа ұғымдар журналистердің "жаргонынан" заңнамалық айналымға енгізілмекші.

Бұлардың барлығы қоғамдық талқылауға тартылған "ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша" жаңа заң жобасында көрініс тауыпты.

"Бұл шаралардың барлығы отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Алайда, бұл тек аралық шаралар ғана. Алда одан әлдеқайда ауқымды мақсаттар тұр. Бірінші кезекте мөлдірлік пен тиімділік қағидаттарына негізделген мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың жаңа тетіктерін әзірлеу туралы сөз болып отыр", – дейді Дәурен Абаев.

Осы тұста депутат Бақытбек Смағұл министрдің назарын бір өзекті мәселеге – "жетімбұрышты" жағалаған журналистердің қиын жағдайына аударды. Жалақысы "шай-асы" мен жолақысынан артылмайтын, сөйтіп, санасы сарсаңға түсіп, жігері жұтаған адамнан қандай "сапалы контент" күтуге болады?" "Өзі жарымағаннан сарқыт дәметпе", - дейді қазақ. Ашты әңгімемен асырамас болар.

Бұл мәселе ақпарат саласын басқарған бұрынғы атқамінерлер алдына да қойылыпты. Бірақ, олар бұл мәселеге мән бермей, барлық журналисті "төрт әріпке" (ТҚЖБ – abctv.kz) жолдапты. Бірақ, ТҚЖБ арқылы баспана алу журналиске мүмкін болмай тұр: "Тұрғын үй Құрылыс Жинақ банкі" үш жыл ішінде пәтер бағасының 50%-ын жинау үшін ай сайын 100-200 мың теңге салып отыруды талап етеді. Қазақ журналистерінің дені сонша "артық" табыс таппайды.

Жалақы жөнінен отандық БАҚ та солтүстік көршімізге қатты ұтылады. Ресейлік "Первый канал" арнасының кей қызметкерлері 200 мың долларға дейін жалақы алатыны жақында мәлім болды. Ресейде, тіпті, өңірлік БАҚ журналисінің жалақысы 30 мың рубльден (шамамен 160 мың теңге) басталатын көрінеді. Қазақ елінде, тіпті, республикалық газеттер мен ақпарат агенттіктері журналистерінің жалақысы 75-120 мың аралығында көрінеді.

Депутат Бақытбек Смағұл қазіргі "тар жол, тайғақ кешу" шағында ақпарат және коммуникация саласы зор маңызға ие болып отырғанын қаперге салды.

"Өйткені, ақпараттық бәсекеде жеңіске жеткен, идеологиясы озық ел ілгері озады. Бұл журналистердің жағдайын жақсарту мәселесін күн тәртібіне қояды. Ақпарат құралдары өкілдерінің жалақысын көтеру жайы басшыларының мойнында болар. Ал олардың баспанасыздық мәселелерін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында шешу – маңызды мәселе. Тілшінің еңбегі үй кезегіне тұру құқы бар шенеуніктің қызметінен еш кем емес", – дейді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың бұл ұсынысына жауап берген Дәурен Абаев бұл проблеманы шешумен айналысып жатқанын, бірақ, оның шешілуі қиын екенін ашық айтты.

"Журналисті баспанамен қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастырып жатырмыз. Бірақ, бұл тұрғыда заңнамаға қатысты қарама-қайшылық бар. Мәселен, мұғалімдердің бүкіл ел бойынша бірыңғай мәтертебесі бар, олар – бюджет қызметкері саналады. Ал журналистердің бір бөлігі мемлекеттік кәсіпорындарда, ал қалғаны жекеменшік салада жұмыс істейді. Демек, олардың барлығын заңнама аясында біріктіру қиын. Соған қарамастан, осы мәселені реттеумен айналысып жатырмыз. Қазір оның бірнеше жолы қарастырылып жатыр. Мысалы, әрбір ұжым бұл мәселені өзінің деңгейінде де шешуі мүмкін. Кезінде "Егемен Қазақстан" мен "Казахстанская правда" өз қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етті. Ал бүкіл журналистер қауымын бюджеттік баспанамен қамту қиындау шаруа", – дейді Дәурен Абаев.

Бұл саланың жазылмаған тағы бір ескі "дерті" – шетелдік сериалдардың экспансиясына қарсы тұра алмауы болып отыр. Үкімет сағатында Ақпарат және коммуникация министрі олардан дәл қазір құтылу қиын екенін жасырмады.

"Біз отандық телеарналар мен олардың өнімдерінің сапасын арттырамыз. Отандық сериалдар түсіріліп жатыр, келесі жылы біз кем дегенде 10 сапалы, рейтингті телесериал түсіреміз. Мемлекеттік телеарналар біртіндеп, үнділік және корейлік телехикаялардан бас тартады. Бірақ, қазір оларды көрсету жалғаса береді. Өйткені, оларға деген сұраныс жоғары, ал теларналар өз аудиториясын сақтап қалуы қажет. Оларды бірден алып тастасақ, елдегі аудитория шетелдің арналарына кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан да біз сол теңгерімді сақтап, тиісті жұмыстарды іске асырып, сапаны көтеріп, аудиторияны жоғалтпаймыз деп ойлаймын", – дейді министр.

Отандық жекеменшік телеарнаның басшысы Бағдат Қожахметов нарықтың екінші жыл қатарынан құлдырап жатқанын алға тартады.

"Біз ақпарат министрлігімен келісіп, 2018 жылдан бастап сыра жарнамасын беруге рұқсат алдық. Биыл барлық арнаның бірігуі арқылы "кабель" жүйесінде шетелдік арналардың жарнамасына тыйым салуға қол жеткіздік. Бұл шамамен 4 млрд теңгенің ел ішінде қалуына жол ашты. Осылайша, дағдарыс соққысын біршама жұмсарттық. Келесі қадам ретінде келешекте шетелдік телеөнімдерге тыйым салғымыз келеді. Мысалы, Түркиядан шетелдік контентті сатып алуға және көрсетуге тыйым салынды. Сонда арналардың осы контентті сатып алуға жұмсайтын бар қаржысы Түркия, Үндістан, Кореяға кетпей, Қазақстанда қалар еді. Бәріміз байып шыға келер едік. Сондықтан, біз үкіметке отандық теленарықтағы жағдайды жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау керек деп жүгіндік", – дейді Бағдат Қожахметов.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанованың мәліметінше, азаматтардың 35%-ы ақпаратты ресейлік БАҚ-тан алуды қалайды. Аудиторияның 64,8%-ы жергілікті газеттерді оқымайды. Google корпорациясының тапсырысымен жүргізілген зерттеу көрсеткеніндей, елдегі интернет пайдаланушылардың 76%-ы ақпарат іздегенде, бірінші кезекте ғаламторға жүгінеді.

"Ел қаражатының шетелдік интернетке кетіп жатқаны байқалады. Мәселен, өткен жылы интернет-ресурстарға орналастырылған қазақтың жарнама көлемі 20 млн доллар болған. Оның ішінде 8 млн доллар тапсырысты Google алды. 4 млн доллар "Мail.ru"-ға, 1 млн доллар – "Facebook"-қа, 1 млн доллар – басқа шетелдік сайттарға кетті. Қорыта айтқанда, Қазақстандағы жарнама бизнесі қаражаттарының 70%-ы ресейлік, шетелдік ресурстарды дамытуға бағытталады", – дейді Гүлнар Ықсанова.

Оның дерегіне сүйенсек, 2016 жылғы қарашадағы талдау мемлекеттік телеарналардың 6-7-орындарда тұрғанын көрсетеді. Басылымдар ішінде аудиториясы көбі – жарнамалық "Караван", "Из рук в руки" және ресейлік "Аргументы и факты" көрінеді, әрі қарай "Казахстанская правда" мен "Егемен Қазақстан" тұр. "Мемлекеттік басылымдар таралымының тұрақтылығы – жазылуға міндеттейтіндігіне байланысты" деп "шымшып" алды депутат ханым.

Гүлнәр Ықсанова отандық БАҚ-тың кемшілігі ретінде "қазақ медиа-нарық стратегиясының ақпараттық жаһандануға ере келген жаңа коммуникациялық сын-қатерлерге сәйкессіздігін" және "ұлттық мүддені жаңа жағдайда қорғаудың медиялық механизмдерінің жетілмегендігін" айтты.

"Министрлік мемлекеттік БАҚ саласында телеарна, радио, баспасөз басылымдары және интернет-сайтқа реформа жүргізіп жатыр. Нақты көрсеткіштер қойылды. Олар сол межеден табылуы тиіс. Басты талап – көрермен мен оқырманның қызығушылығын арттыру", – деді Дәурен Абаев сөз соңында.

Ақпарат және коммуникация министрлігінің мәліметіне жүгінсек, дәл қазір Қазақстанда 3 мыңға жуық БАҚ тіркелген. "Оқырмандардың баспасөз өнімдеріне деген қызығушылығының азайғанына қарамастан, газеттер мен журналдар жалпы БАҚ-тың 84%-ын құрайды" екен.

Оның ішінде 9%-ы электронды БАҚ еншісінде. Таратып айтсақ, бұлар – 110 телекомпания, 60 радиотолқын, 107 кабельді оператор және 8 жер серігі арқылы хабар тарататын оператор. 7%-ы ақпарат агенттіктерінің үлесінде, олардың елдегі жалпы саны – 41.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу