ДДСҰ Уханьға не іздеп барды?

8810

Ғаламдық пандемия 2019-дың соңында басталса да, халықаралық зерттеушілер тобы Қытай жеріне енді ғана қонды.

ДДСҰ Уханьға не іздеп барды?

Бейсенбіде Қытайдың орталығындағы Ухань қаласына барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) халықаралық зерттеушілер тобы COVID-19 пандемиясының пайда болуының кілтін табудан үмітті. АР агенттігінің дерегінше, "ғаламдық зерттеушілер командасының" құрамында америкалық, австралиялық, германиялық, жапондық, британдық, голландиялық, катарлық, вьетнамдық мамандар бар.

Бұл сапар құпияға толы: Қытай да, ДДСҰ да аталған топтың не істейтінін және оның қайда баратынын нақты айтқан жоқ. Ал, инфекцияның шығу тегінің анықталуы және оның жануарлардан адамға қалай жұқанын білу болашақ пандемиялардың алдын алуға көмектесуі мүмкін.

Неліктен Ухань?

Янцзы өзені бойында орналасқан бұл өнеркәсіптік және көліктік хаб – әлемде коронавирус табылған бірінші орын. Вирус Уханьға басқа жерден жеткен болуы да мүмкін.  Бірақ ДДСҰ үшін 11 млн халқы бар қала зерттеу миссиясын бастауға қисынды орын саналып отыр.

Мұнда адамдар 2019 жылдың желтоқсанында ауыра бастады. Олардың көпшілігінің тірі жануарларды сататын азық-түлік базарымен байланысы болып шықты. Науқастардың өсіп келе жатқан саны алаңдаушылық тудырып, Қытайдың Ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы Уханьға тергеу тобын жіберуге мәжбүр болды.

Ауру Уханьды наурыз айында бақылауға алғанға дейін өршір еді. Бірақ қала қаңтардың 23-інде ескертусіз жабылды. Ал, сәуірдің 8-іне дейін созылған 76 күндік қатаң карантин халықты қайғыға батырып, үлкен қиыншылықтарға душар еткенімен, бір жағынан ел мақтанышына айналды деуге болады. Себебі  осы шектеу шараларының нәтижесінде Қытайда коронавирус пандемиясының беті қайтты.

Күн тәртібінде не?

Алдымен шетелдік зерттеушілер Қытайға барған өзге жолаушылар тәрізді 14 күндік карантинге алынып, осы уақыт ішінде жергілікті әріптестерімен бейнеконференция арқылы жұмыс істейді. Карантиннен кейін, халықаралық топ 2019 жылы желтоқсанда инфекцияның ошағына айналған Хуанань теңіз өнімдері базарына, содан соң Ухань вирусология институтына баруы керек.

Ғалымдар қауіпті вирус нарықта сатылатын жабайы жануарлардан тарады деген болжам айтқанды. Дегенмен, Қытай үкіметі Хуанань базарын да толықтай санитарлық тазалаудан өткізді.  Сондықтан, мұнда корнонавирустың қалай таралғаны туралы ақпарат жинау қиынға соғуы мүмкін. Айта кетсек, "ковидтің" адамнан адамға берілетіні дәлелденбес бұрын дәл осы сауда орны алғашқы жұқтыру оқиғаларының ошағы саналды.

Ухань вирусология институты 2003 жылы Қытайдан көптеген елдерге таралған SARS пандемиясынан бері жарқанаттар коронавирустарының генетикалық үлгілерінің кең мұрағатын сақтап отыр. ДДСҰ тобының мүшелері осы зертханалық журналдармен, мәліметтермен танысудан, кіші және аға зерттеушілермен кездесуден, сондай-ақ сынамаларды жинау, сақтау, талдау туралы қауіпсіздік хаттамаларына қол жеткізуден үмітті.

Кейбір америкалық саясаткерлер ешқандай дәлел келтірместен мәлімдегендей, қытайлық бактериологтар мен вирусологтар коронавирусты осы институттан "абайсызда" қашырып алған болуы керек.

Неге құпия?

Қытай тәуелсіз сыртқы тергеулерге әу-бастан үзілді-кесілді қарсы болды. Бірақ әлемдік қауымдастық оған тергеушілерді кіргізу туралы талап қоюды тоқтатқан жоқ. Қытайдың халықаралық сарапшылардың келуіне ұзақ дайындалуы ДДСҰ басшысының төзімін тауысты деуге болады. Осы айдың басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Бейжіңнің шетелдік зерттеушілер қабылдауды қайта-қайта кейінге қалдыруынан "түңілгенін" мәлімдеді.

Билеуші Коммунистік партия ақпаратты қатаң бақылауда ұстайды. Және де ол өзінің вирусқа ие болу әрекеттері әшкереленіп қалса, үлкен халықаралық сынға ұшырап, өтемақы төлеуге мәжбүр болудан қауіптеніп отыр.

TIME журналының мәліметінше, университеттерге коронавирус Қытайда пайда болды деген болжам айтатын кез-келген деректі жариялауға тыйым салынып отыр. Кейбір ғалымдардың ойынша, бұл дерт Азиядағы жарқанаттардан тарады. Алайда, АР агенттігі қолға түсірген құжаттарға жүгінсек, Қытайдың оңтүстігінде жарқанаттар мекендейтін үңгірлерде зерттеу жүргізіп жатқан мамандардың жоғары жақтағы кадрлардың рұқсатынсыз қандайда бір деректерді көпке жария етуіне тыйым салынған.

2020 жылы Миландағы Ұлттық рак институты коронавирус антиденелері Италия тұрғындарында 2019 жылдың қыркүйегінде-ақ болған деген ақпарат таратты. Іле-шала Қытайдың мемлекеттік медиасы осы хабарды негізге алып, COVID-19 пандемиясының Еуропада басталғанын жарыса жариялады.

Айта кетсек, ғаламдық пандемия бүгінде жер шарында 92 миллиондай адамды науқастандырып, 2 миллионға жуығын мерт қылып, дүниежүзілік экономиканы өсім жолынан тайдырды.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу