Демеушілеріне өкпелі "Астана" "Спортингке" есе жіберді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3148

Алғаш рет Қазақстан клубы Еурокубок додасының плей-офф сатысына шығып, Еуропа лигасының 1/16-финалында бақ сынады.

Демеушілеріне өкпелі "Астана" "Спортингке" есе жіберді

"Астана" қазақ футболы тарихында алғаш рет көктемгі плей-офф сатысына шығып, отандастарын қуантқан еді. Соңғы екі күнде қайта қаһарына мінген шыңылтыр аязға қарамай, елорда тұрғындарының стадионға ағылуы да содан. "Астана-Арена" стадионы лық толды. Диктордың хабарлауынша 30 мың көрермен жиналыпты.

Өкінішке қарай, бұл жолы "Астана" жанкүйерлерін қуанышқа бөлей алмады. Қазақ елі жанкүйерлерін бірінші таймда ғана риза қылды. Ойын басталған бетте "Астана" футболшылары алға қарай лап қойып, қонақтарды әбден састырды. Ал "Спортинг" клубының жігіттері жасанды желек үстінде жиі қателесіп, алаң иелері оларды қыспаққа ала түсті.

Көп ұзамай, небәрі матчтың 7-минутында алаң иелері гол соғып, стадион толы көрермен дүр сілкінді. Хорватиялық легионеріміз Марин Томасов жартылай қорғаушыларымыздың бірінің алға асырған добына ұмтылып, құстай ұшты. Әрі допты ырқына көндіріп алды да, сол аяғымен қақпаның оң бұрышын дәл көздеді. Гол!

"Астана" бұдан кейін де қонақтарды тықсыра түсті. Бірақ, шамамен 20-минуттан кейін "Спортинг" футболшылары да шабуылды үдетті. "Астана-Арена" стадионының жасанды желегіне бейімделе бастағандары сезіле бастады. Әсіресе Желсон Мартинш және Бруну Фернандеш секілді қас шеберлері теңбіл допты ұршықша үйіріп, қауіп төндіре бастады.

Көп ұзамай, олар гол да соқты. Бірақ біздің бағымызға қарай, төрешілер ойын ережесі бұзылып, Сейду Думбия ойыннан тыс қалды деп, есепке алмады. Ал бірінші таймның соңғы секундтарында "Астана" футболшылары соққан екінші голды да санамады. Бірақ шын, бұл таза офсайдтан соғылып еді.

Өкінішке қарай, екінші таймда "Астана" әу бастағы қарқынын жоғалтып алды. Қонақтар атойлап алға шауып, сегіз минуттың ішінде үш гол соқты. Стадион сілтідей тынды. Қорғаушыларымыз қателесті. Әсіресе ең үздік орталық қорғаушыларымыздың бірі Юрий Логвиненко бірнеше рет жаза басты.

Әуелі допты басымен ұрған секілді болып, қолыман қағып жіберді. Төреші пенальти беріп, оны Бруну Фернандеш орындады. Мүлт кеткен жоқ. Эрич пен допты қақпаның екі бұрышына жіберді. Бұдан кейін "Спортинг" тамаша екі шабуыл ұйымдастырып, қорғаушыларымызды сеңдей соғыстырып, тағы екі доп салды.

Үш голға да өзін кінәлі санаған Юрий Логвиненко сабасына түсе алмай, тағы да ойын ережесін бұзып... өзін алдап өтіп бара жатқан қонақтардың ойыншысын қолмен ұстап тоқтатты. Тағы да ескерту. Яғни орталық қорғаушымыз алаңнан қуылды. Ал "Астана" кем құрамда қалды...

Қонақтар болса, "Астана-Арена" стадионының жасанды желегіне төселіп алып, жорғадай желіді. Жиі-жиі шабуыл ұйымдастырып, көсіле шапты. Абырой болғанда, қақпашымыз бірнеше рет қауіпті соққыларды тойтарып, есеп өзгерген жоқ. "Астанаға" есепті қысқартудың өзі мүмкін болмады.

Сөйтіп, чемпионымыз ұтылды. Көрермендердің алып ұшқан көңілдері су сепкендей басылды. Әрі маусымды жылдағыдан ерте бастағандықтан ба, екінші таймда қарқындарын жоғалтып алды.

Журналистерге арналған баспасөз жиынында "Астана" клубының бас бапкері Станимир Стойлов өкпе-назын бүкпесіз айтып салды. Бірнеше жыл бойы шүмектетіп тер төгіп, орасан зор күшпен жасақталып, енді ерен жетістіктерге қол жеткізе бастаған команданың болашағы бұлыңғыр сияқты. Демеушілер кубок додасына тиеслі сыйақыларын әлі төлемеген. Жағдайларымен санаспайтындай да ма? Ең үздік шабуылшыларын, яғни Джуниор Кабананганы сатып жүргендеріне де өкпелі секілді. Енді, маңызды матч алдында бесаспап шабуылшысынан айырылып қалды...

Қалай десек те, "Астана" клубы енді Еуропа лигасының 1/8-финалына шыға алмайтын секілді. Сарыарқа төсінде екі доп айырмасымен жеңіске жеткен "Спортинг" енді өз жерінде дес бере қоймас. Ал Қазақстан чемпионы болашағына алаңдаулы...   

"Астана" – "Спортинг" – 1:3 (1:0)

Голдар: Томасов, 7 (1:0). Бруну Фернандеш, 48-пенальтиден (1:1). Желсон Мартинш, 50 (1:2). Думбия, 56 (1:3).

Ескертулер: Логвиненко, 47. Бейсебеков, 80. Маевский, 81 – Коатес, 25. Карвалью, 76.

Алаңнан қуылды: Логвиненко, 62 (екінші ескерту).

"Астана": Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко, Шитов, Бейсебеков, Маевский, Кляйнхайслер (Станоевич, 56), Томасов (Муртазаев, 86), Твумаси, Деспотович (Малый, 64).

"Спортинг": Патрисиу, Коэнтрау (Батталья, 57), Пинту, Коатес, Пиччини, Акунья, Карвалью, Фернандеш, Мартинш (Рибейру, 84), Руис, Думбия (Монтеро, 61).

Төрешілер: Рюдди Бюке, Дебар, Грингор (бәрі де – Франция).

15 ақпан. Астана. "Астана Арена".

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу