Демограф: Ресейлік мигранттар өзін қалай ұстайды – бәрі соған байланысты

2541

Ресейдегі ішінара мобилизациядан қашып, Қазақстанды паналаған шетел азаматтарының жайы бұл күнде үкімет мүшелерінің тосыннан келген, "жоспардан тыс" бас ауруына айналған. 

Демограф: Ресейлік мигранттар өзін қалай ұстайды – бәрі соған байланысты

Қоғамдағы осы тақырыпқа байланысты дауды былай қойып, жалпы осы үрдістің оң және теріс жағын демограф маманнан сұрап көргенбіз. Ресейліктер үшін Қазақстан транзиттік дәліз бе? Ел билігі осы жағдайда нені ескеруі керек? Жалпы елдегі демографиялық өсімге қалай баға беруге болады? Қандастар көшінің келешегі қандай? Осы және өзге сұрақтарды Іnbusiness.kz тілшісі демограф, Карлов университетінің PhD студенті, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының бас менеджері Аяулым Сағынбаеваға қойды.

Бұрын мұндай болмаған...

– Аяулым Зарлықанқызы, осы жылдың 21 қыркүйегінен бері Ресейден келушілердің саны ресми мәлімет бойынша 98 мыңға жуық адамды құрады. Қалай ойлайсыз? Келгендер Қазақстанды транзиттік дәліз көре ме әлде осында тұрақтап қалғысы келе ме?

– 21 қыркүйектегі Ресейдегі ішінара мобилизация үлкен сұрақ туғызып жатыр. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 21 қыркүйектен бері Ресейден 98 мың азамат кірген. Бірақ қаншасы шыққаны туралы мәлімет жоқ. Бірақ бес-алты күндегі осындай жағдай – өте үлкен миграциялық ағым. Бұрын Қазақстанда мұндай болып көрмеген.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, бұл гуманитарлық және саяси сұрақ. Үкімет басшысына тиісті іс-шараларды қабылдау тапсырылған. Өз кезегінде Әлихан Смайылов барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын, бірінші кезекте қазақстандықтардың жағдайы негізгі мәселе екенін айтты.

Менің пайымдауымша, егер Германия мен Чехия секілді елдер Ресейдегі мобилизациядан қашқан азаматтарға босқын ретінде виза беретін болса, онда бұл ары қарай транзиттік миграция болмақ. Яғни келгендердің Қазақстанда көбі қалмайды.

Көші-қон мәселесін болжау өте қиын. Бұған дейін ешкім ешуақытта осындай көлемде Қазақстанға адам кіреді деп ойламаған. Кез келген саяси шешім немесе экономикалық іс-шара осындай жағдайға әкеліп отырғанын көріп отырмыз. Бұған дейін көші-қон үрдістері кез келген салаға реакция білдіретін құбылыс екенін атап өткенмін.

– Бұл құбылыстың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

– Артықшылықтарына келер болсақ, кадр мәселесіне оң әсерін тигізуі мүмкін. Алайда олар басқа елдің азаматтары екенін ұмытпауымыз керек. Екінші жағынан біздің ұлттық қауіпсіздік мәселесін де шешуіміз керек. Олар қазақ тілін білмейді. Яғни олар үшін бұл кедергі жұмысқа орналасуын қиындатуы мүмкін. Оңтүстік және батыс өңірлерде, әсіресе. Егер солтүстікке, яғни біздің еуропалық этностар шоғырланған облыстарға келер болса, әрине, бұл демографиялық мәселелерді шешуі мүмкін. Алайда бұл жерде жергілікті халықтың наразылығын да туындатуы әбден ықтимал.

Әлеуметтік желіде көріп жүргеніңіздей, қазір орыс этносын біздің қоғам екіге бөліп қарайды. Тіпті Қазақстанның орыстарын "наши русские" деп атап жатқандар бар. Қазір бұрын соңды болмаған құбылыстар болып жатыр. Біздің елдегі орыстарды "Наши русские" және "российские русские" деп бөліп жатқандар бар. Яғни тіпті өзара жақындасу үрдістерін де бақылап отырмыз. Бұл – ұлт тұтастығын көтеруі де мүмкін. Ресейден келген азаматтарға қарап отырып, орыс тілді аудиторияның қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы пайда болғанын да байқаймын.

– Ішкі істер министрлігі 21 қыркүйектен бері 98 мың адам келіп жатқаны туралы ақпарат таратқанымен, оларға күмәнмен қарайтындар көп. Одан да көп келіп жатыр деген пікірлер жиі кездеседі. Бұған не дейсіз?

– Статитика жоқ кезде, ресми өкілдердің ақпаратына сенуге тура келеді. Бірақ ресми 98 мың адамның өзі бұл – өте үлкен сан. Егер олар бізде тұрақты тіркелсе, онда әрине, елдің этностық құрамы өзгереді.

Бұл жерде толғандыратын бір мәселе – келушілер сандық құрамы жағынан ғана емес, елдегі эпидемологиялық жағдайға да ықпал етуі мүмкін. Жалпы туберкулез – Ресейде ең көп тараған аурудың түрі. Бірақ өкінішке қарай ол туралы біз ештеңе білмейміз. Екінші кезекте, СПИД – ВИЧ мәселесі. Бұл адамдар қаншалықты бұл аурудан аулақ екенінен хабарымыз жоқ. Мүмкін сол ауруға шалдыққандар бар шығар. Бұл да тегеуріндердің бірі. Ковид мәселесі де әлі де актуалды. Ресейде коронавируспен ауыратындар көп. Сол себепті бұл – тек демографиялық немесе экономикалық сұрақ емес, денсаулық сақтау саласы үшін де өте үлкен мәселе.

Ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан бізге кімдердің көшіп келіп жатқанын білуіміз керек. Мүмкін, олардың арасында террористер бар шығар. Бәлкім, арасында психикасы бұзылған немесе деструктивті ағымдағы адамдар бар болар. Біз сол себепті белгілі бір шараларды қабылдауымыз керек. 98 мың деген аз сан емес. Заңсыз кесіп өтіп жатқандар да бар шығар. Шекарадан өткендердің бәрін тіркеп жатыр дегенге күмәнмен қараймын.

Канада немесе Еуропа елдері секілді көп адам қабылдау жағынан тәжірибеміз болса, онда бұл күнде көп жұмыс алдын ала жасалып тұрар еді. Алайда ол жағынан тәжірибе бізде болмады. Қазіргі сын-қатердің бірі ретінде қоғамның екіге бөлініп бара жатқанын атап өтер едім. Яғни этникалық құрамына байланысты емес, жалпы адамдарды аяп, "жақсы өмірден келіп жатқан жоқ" деп қолдаушылар бар да, екінші топтағы адамдар оларды сатқындар, қауіпті адамдар деп қабылдайды.

Сол себепті бұл көшті экономикалық немесе демографиялық тұрғыдан емес, сонымен қатар, криминогенді жағдайды да баса назарға алу керек. Келген адамдар бетегеден биік, жусаннан аласа болу керек дейтіндер бар. Бірақ ешкім еш нәрсеге кепілдік бере алмайды.

Жалпы мұндай көші-қон бұған дейін депортация кезінде ғана болған. ХХ ғасырдың ортасында. Депортацияға дейін де мұндай мәселелер болып көрмеген. Сол себепті бұл – мемлекеттік органдар үшін үлкен сын. Бәрі де мигранттар өзін қалай ұстайды, олар кімдер – бәрі соған байланысты. Бұл адамдар бұл жерде мәңгілікке қалмайтынын да ескеру керек. Ресей мен Украинаның қақтығысы біржақты болған күні көбі еліне оралады. Өз еліне оралмаса да, көбінде бұлар АҚШ немесе Еуропаға аттанатыны анық. Бірақ бұл құбылысты уақытша деп қабылдауымыз керек.

– Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу