Демократияның жалауын желбіретіп, Қытай саясатына араласудың қажеті жоқ - Чжан Сяо

2005

Астана төрінде өткен Стратегиялық бастамалар форумының екінші сессиясында сөз сөйлеген ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяо Орта Азияның, оның ішінде Қазақстанның әлем экономикасындағы орны, Қытайдың халықаралық алаңдағы саяси ұстанымы, Тайвань мәселесі мен сауда-саттық жүргізу жолдары жайлы кеңінен айтып берді. 

Демократияның жалауын желбіретіп, Қытай саясатына араласудың қажеті жоқ - Чжан Сяо Фото: Деловой Казахстан

“Бір жол - бір белдеу” немесе қытай-қазақ қатынасы

Елші сөз басын Қазақстаннан бастау алған бәріне белгілі “Бір белдеу - бір жол” жобасына арнап, оны қазір 140-тан астам ел қолдап отырғанын мәлімдеді. Алдағы 7 жылдың қорытындысы бойынша, 1 миллион 600 мыңнан астам адам кедейлік шырмауынан шығады-мыс. 

“Осыдан 9 жыл бұрын, әлем экономикасы халықаралық дағдарыстан кейін әлі есін жия қоймаған шақта жергілікті елдермен қарым-қатынасты күшейту - әлсіреген экономиканы аяққа тұрғызуға көмек болар жақсы құралға айналды. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға іс-сапары барысында  дәл осы жерде, Астанада Жібек жолы бойында орналасқан елдердің экономикасының дамуын жеделдетуге бағытталған “Бір белдеу, бір жол” бастамасын ұсынды. Қазір әлемнің 140-тан астам елі "Бір белдеу-бір жол" жаһандық жобаны іске асыруға қосылды. Бұл әлемдік экономикаға сөзсіз өзіндік үлесін қосады. Дүниежүзілік банк есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай оны іске асыру нәтижесінде 1 миллион 600 мың адам кедейлік шырмауынан шығуы тиіс”, - деді елші. 

Чжан Сяо бастаманы бірінші болып қолдаған Қазақстан арқылы Қытай мен Еуропаны байланыстыратын 5 темір жол мен 8 автокөлік дәліздері барын атап өтті. Аталған құрлық дәліздер пандемия кезінде алыс-жақын елдерді азық-түлікпен қамтамасыз етуде маңызды рөлге ие болып, қатысушы елдердің экономикасының тоқтап қалмауына мүмкіндік берген көрінеді.

“Бұрын географиялық жағынан ғана Еуропа мен Азия орталығы болған ел бүгінде Еуразия континентіндегі логистикалық-транспорттық хабқа айналды”, - деп атап өтті қытайлық елші. 

Қытай атынан сөйлеген спикер өз елінің кез-келген елмен сауда-саттыққа дайын, бірақ басқалардың мүддесіне қайшы келетін қарым-қатынасқа қарсы ұстанымын білдірді.

“Әрине, бұл жоба туралы да түрлі қауесеттер шығып жатады - қаржылық тұзақ, қоршаған ортаны ластау, әлсіздерді құртуға бағытталған дейді. Дегенмен Қытай ашық, тәуелсіз сауда жүргізуге әрдайым дайын екенін еске саламын. Біз бір ғана елдің құқығын қорғайтын, нөлдік ережеге бағынатын экономикалық қатынастарға қарсымыз”, - деді спикер.

Екі ел арасындағы сауда-саттық қайта қалыпқа келе ме?

"Геосаяси болашақ сценарийлері" сессиясының модераторы Жәнібек Арынов Қытай елшісі Чжан Сяоның жоғарыдағы мәлімдемесіне қарамастан, Қазақстанның Қытаймен шекарасында екі жылға жуық уақыт бойы сауда үзілістермен жүріп жатқанын, тауарлардың экспорты мен импортына орасан зор нұқсан келіп жатқанын атап өтті. Сол себепті модератор алдағы уақытта Қытай мен Қазақстан арасында сауда-саттық қалыпты жағдайға оралу мүмкіндігі жайлы сұрады.

"Бұл тек экономикалық мәселе. Мұнда ешқандай геосаясат жоқ. Барлығы Қытайдағы коронавирус індетінің өршуіне байланысты қабылданған қатаң шараларға байланысты”, - деп жауап берді Чжан Сяо.

Елші бұл жағдай Қытайдан шет елдерге тауарлар экспортының қарқынды өсуінен де болғанын екенін айтты. Сауда-саттықтың баяулауы тек Қазақстан шекарасында ғана емес, оңтүстік көршілерімен, сондай-ақ Ресей, Моңғолия шекарасында да байқалады.

"Пандемия жағдайында елдердегі Қытай тауарларына деген сұраныс бірнеше есе артып келеді, ал шекарадағы инфрақұрылым сол қалпы. Инфрақұрылым 10-20 жыл бұрын салынғанын ескерсек, оның Қытай экспортының қарқынды өсуіне төтеп бере алмайтынын түсіну қиын емес. Қытай мен Қазақстанның бұл мәселеге жауапкершілікпен, бір-біріне түсіністікпен қарағаны жөн.  Мен Қазақстанның билік органдарымен үнемі байланыстамын және жағдайдың айтарлықтай жақсарып келе жатқанын сеніммен айта аламын. Менің ойымша, мәселе жақын арада шешімін табады", - деді спикер.

Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа…

Төтенше және Өкілетті елшінің форумда айтқан сөзіне сәйкес, қазір бір белдеулік жүйе артта қалды, оның орнына көп белдеулі әлем келді. Яғни халықаралық мәселелер бүкіл әлем елдерінің келісімге келуімен, ортақ талқылауға салынғаннан кейін ғана шешілуі тиіс деп, елші Қытайдың басты қарсыласы - АҚШ-ты меңзеп, оған хабарлама жеткізгендей көрінді. 

“Бір елдің немесе бірнеше елдердің үстемдігіне жол жоқ. Әр ел өзінің ұстанымдары мен әдет-ғұрпына, ұлттық ерекшеліктеріне сай шешімдер қабылдауы тиіс. Сондықтан бостандық жалауын желбіретіп, бүкіл әлемге демократияның өзіңе ыңғайлы түрін тықпалаудың қажеті жоқ, себебі бүгін біз оның салдарын: халықаралық қақтығыстар мен соғыстарды өз көзімізбен көріп отырмыз”, - деді спикер. 

Жақында Индонезия астанасы Балиде өткен G20 саммитінде Си Цзиньпин Джо Байденмен кездесуде атап өткен: “АҚШ-тың демократия жайлы өз түсінігі бар, Қытайдың да өзіндік түсінігі бар. Әркімнің демократия көрінісі жергілікті ерекшеліктерден құралады. Қытай демократиясы тарихы тереңде жатқан ұлттық ұстанымдарға сәйкес” сөзін мысал ретінде келтірген елші кез-келген елдің демократиялық жүйесі мінсіз болмайтынын, оны үнемі жетілдіріп отыру қажеттігін алға тартты.

“ҚХР төрағасы АҚШ-та либерализм, ал Қытайда социализм екенін атап өтті. Екеуі екі түрлі жол таңдады. Мұндай ерекшеліктер бір күннің еншісіндегі дүние емес, болашақта да жалғасын табатын үрдіс, сондықтан да өзге елдің ұстанымы мен таңдауын қабылдай білу, құрметпен қарау АҚШ пен Қытай сынды алпауыт елдер үшін өте маңызды”, - деп түсіндірді Сяо. 

Сонымен қатар, елші 8 қараша күні АҚШ-та өткен аралық сайлау жауды сырттан емес, іштен іздеу керектігін көрсеткенін айтады. 

“Нәсілге, дін мен ділге бөліп жару, қоғамның бөлінуі, ауқымды инфляция сынды мәселелер - Қытайдың қолымен жасалған жоқ. Өз қателігін мойындап, ішкі мәселелермен айналысу уақыты келді деп ойлаймын”, - деді спикер.

Қытай елшісі қазір Батыс елдері әлемде үстемдік етуге барын салып жатқанын, түрлі ережелер арқылы халықаралық ұйымдардың ұстанымын өзгертпек ниеттері барын сөз етті. 

“Соңғы уақыттары  Батыс көшбасшылары үнемі қолданатын "ережеге негізделген тәртіп" термині кеңінен таралып, тіпті, БҰҰ тұжырымдамаларын өзгертуге негіз болмақ. Ал бірақ оның мәні, қайдан келді, кім оны құрастырғаны, ең бастысы, халықаралық құқық нормалармен оның қандай байланысы барын бізге ешкім түсіндіре алмады. Ең сорақысы, қазір  халықаралық аренада бүкіл әлем атынан екі-үш ел сөз сөйлеуді шығарды, ал медиа алыптар өздерін билеуші ретінде сезіне бастаған. Мұның барлығы алаңдатпай қоймайды. Себебі айтып отырған жұртшылық жерді мекендейтін халық санының 12%-ын ғана құрайды. Яғни бүкіл таратылып жатқан ақпарат пен көрсетілетін деректер сол 12 пайыздың ғана сөзін сөйлейді деген сөз”, - деді елші. 

Чжан Сяо “бұл тұрғыда Қытайдың саясаты белгілі - Қытай үстемдікке немесе гегемонияға қызығушылық танытпайды" дейді, сондықтан оның ішкі саясатына, әсіресе, Тайвань мәселесіне қатысты ұстанымын өзгертуге жол берілмейтінін басып айтты. 

“Өзге елдің өміріне араласатын мемлекеттерге айтарымыз, Қытай өз есігін ашып қойып, қарап отырмайды. Джо Байденмен кездесуде біздің ел Тайваньға қатысты өз ұстанымынан бас тартпайтыны айтылды. Қазір Тайвань мәселесі - Қытай назарындағы басты нысан”, - деп түйіндеді Чжан Сяо. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу