Тұмау кезінде нені ескеру керек? Дене қызуын жылдам түсіруге талпыну қаншалықты дұрыс? Осы сынды басқа да сұрақтарға жауап іздеген inbusiness.kz тілшісі терапевт Гүлім Бақытжанқызымен тілдесті.
– Тұмау неден пайда болады?
– Тұмаудың етек жаюына бірнеше факторлар әсер етеді. Басты себептерінің бірі – ауа-райының күрт өзгеріп, құбылмалы болуы. Қатты аяздан кейін бірден күн шығып, температураның жылынуы әсерінен вирустардың таралуына таптырмас орта туындайды. Естеріңізде болса, желтоқсан айында қатты аяз болып, кейін күн бірден жылып кетті. Дәл сол сәтте Қазақстанда тұмау өршіді, қазір оның таралу қарқыны біраз бәсеңдеп, орташа деңгейде қалыптасты. Сонымен қатар иммунды жүйенің әлсіреуі де инфекцияны жұқтыруға әкеледі. Оған уақытылы тамақтанбау, жылы киінбеу, дәрумендердің тапшылығы әсер етеді.
– Дене қызуын түсірген дұрыс па?
– Жалпы дене қызуының көтерілуі адам ағзасының вируспен күресіп жатқандығын білдіреді. Кез келген жұқпалы ауру немесе қабыну кезінде дене температурасының қызуы қалыпты жағдай, бірақ бірден үрейге салынып, дәрі-дәрмектерді қабылдауға асығудың қажеті жоқ. Температура 38 градустан жоғары болмаса, дәрі ішпеген дұрыс. Оның орнына көп мөлшерде сұйықтық (су, шәй т.б.) ішіп, ұйықтап демалған жөн. Себебі қызу көтерілген кезінде адам ағзасындағы су балансы төмендейді.
Дене қызуы 38 градустан асқан жағдайда дәрігердің нұсқауы бойынша температураны түсіру қажет. Өйткені мұндай температура адам денсаулығына кері әсерін тигізеді: тырыспа, дірілдеу, тыныс алу жүйелерінің тарылуына, қан-тамыр жүйесінің қозуына әкеледі. Ал мидың ісінуі салдарынан адам талып қалуы мүмкін.
– Тұмауратқанда дәрігер кеңесін қалай аламыз?
– Тұмау белгілері басталғанда дүрбелеңге салынып, бірден ауруханаға барып не жедел-жәрдем шақырудың қажеті жоқ, алайда дәрігермен кеңескен дұрыс. Ол үшін iKomek қосымшасы арқылы дәрігер-мамандардан консультация алуға болады. Маман кеңесіне не үшін құлақ асқан жөн? Әр адамның ағзасы әртүрлі, оның жасына, салмағына, созылмалы аурулардың болу-болмауына қарай жеке емдеу нұсқаулығы беріледі. Мысалы, баланың дене қызуын жылы сумен тұла бойын сүрту арқылы бірден түсірген жөн. Ал егер дене қызуы қайтпай, 38 градустан асқан жағдайда міндетті түрде жедел-жәрдем шақыру керек.
– Аурудың алдын алу үшін не істеу керек?
– Аурудың алдын алудың бірден бір жолы – екпе алу (қыркүйек, қазан айларында алынады). Екпе тұмауды жұқтыру мүмкіндігін төмендетіп, оның таралуын болдырмайды. Екіншіден, жеке бас гигиенасын сақтауды ұмытпау, қолды жиі жуып, көпшілік жиналған жерлерде бетперде тағып жүрген жөн. Иммунды жүйеге әсер ететін C, D дәрумендерін көбірек ішу керек. Бөлменің ішін тазартып, ылғалдылық деңгейін бақылауда ұстаған дұрыс.