Денсаулық министрі құжаттардың қазақ тіліндегі нұсқасына басымдық бермек

2468

Ресми құжаттардың екі тілдегі нұсқасының өзара "бәсекелестігі" қайшылыққа соқтыруын жалғастыруда. 

Денсаулық министрі құжаттардың қазақ тіліндегі нұсқасына басымдық бермек

Қазақстан Үкіметі заң жобаларын орыс тілінде жазатыны жасырын емес. Одан Парламент те қалыспайды. Осыдан он жылдай бұрын басталған "енді заң жобаларын қазақ тілінде жаза бастау" науқаны науқаншылдықпен тынды.

"Заң екі тілдегі нұсқасында қатар қабылданса, оның алдымен қай тілде жазылғанында тұрған не бар?" деген немқұрайлы байлам жиі айтылады.

Тіл мамандарының айтуынша, онда тұрған кесір бар: біріншіден, бұл құбылыс мемлекеттік тілдің мәртебесін төмендетеді. Екіншіден, орыс тілінде жазылып, өңделіп, түзетіліп, пысықталған заң жобасын аударуға өте аз уақыт қалады. Содан аудармашылардың екі аяғын бір етікке тығып, асықтырады. Салдарынан заң жобасының қазақша мәтіні сауатсыз, сапасыз, мағынасыз болып шығады. Мәжілістің экс-спикері Н. Нығматулин Үкіметтің Мәжіліске енгізген кейбір заң жобаларының қазақша мәтіні Google-тәржіма болып шығатынын хабарлаған еді.

Сүрлігіс өрескел қателерге жол ашады. Мысалы, Қаржы министрлігі биылғы 21 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға шығарған "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасының қазақша нұсқасында, салыстырмалы кестеде биылғы жыл "2021 жыл" деп көрсетілген.

"2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет тиісінше осы заңға 1, 2 және 3-қосымшаларға сәйкес, оның ішінде 2021 жылға мынадай көлемдерде бекiтiлсiн..." делінген. Алдымен жазылып, кемеліне келтірілген орысша нұсқасы дұрыс: "Утвердить республиканский бюджет на 2022-2024 годы согласно приложениям 1, 2 и 3 к настоящему закону соответственно, в том числе на 2022 год в следующих объемах...". Егер Парламенттегі ағайлар байқамаса, қазақтілділер үшін 2021 жылғы бюджет нақтыланбақ.

Жұрттың бәрін жаңылыстыратын осындай дөрекі қателіктерден шаршаған соттар мен заңгерлер ұлттық мүддені құрбан етіп, ауырдың үстімен, жеңілдік астымен жүруге жаман үйренді. "Осы құжаттың мәтінін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады", – деген ескерту барлық ресми құжаттардың, келісімдердің, хаттамалардың мәтіндеріне енгізіледі. Судьялар да өз үкімдерінде негізінен заңның орысша мәтінін басшылыққа алатыны құпия емес.

Алматылық жеке кәсіпкер Олег Арестов жұмыс барысында ресми құжаттардың қазақша-орысша мәтіндеріндегі қайшылықтарға жиі кездесетінін айтады. Ол:

"Адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін, қан мен оның компоненттерін Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге лицензия беру" мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларын бекіту туралы" Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 сәуірдегі №ҚР ДСМ-43/2020 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" министрдің 2022 жылғы 3 ақпандағы №ҚР ДСМ-10 бұйрығын мысалға келтірді.

Құжатты Әділет министрлігі биылғы 8 ақпанда тіркеген.

"Бұйрықтың орыс тіліндегі мәтіні бірінші рет ресми жарияланған күннен кейін 10 күн өткенде күшіне енетіні көрсетілген. Тиісінше, 22 ақпанда күшіне енген. Ал қазақ тіліндегі мәтінінде оның алғаш рет ресми жарияланған соң 21 күн өткенде ғана күшіне енетіні жазылыпты. Ендеше биылғы 5 наурызда күшіне енген. Мұны қалай түсінуге болады, сонда бұл екі датаның қайсысы дұрыс?", – деп аң-таң болады кәсіпкер.

Шынында оның қазақша мәтінінде: "Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі", ал орысшасында: "Настоящий приказ вводится в действие по истечении десяти календарных дней после дня его первого официального опубликования" делінген.

Билік не дейді?

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жауап хатында мемлекеттік тілдегі мәтінді басшылыққа алу керегін атап өтті.

Жалпы бұл жерде орысша нұсқасының дұрыстығы аңғарылады. Себебі "Құқықтық актілер туралы" заңының 42-бабының 3-бөлімінің 4) тармақшасына сәйкес, орталық меморгандардың НҚА-лары, мәслихаттардың шешiмдерi, әкiмдiктердiң қаулылары және әкiмдердiң нормативтiк құқықтық шешiмдерi – егер актiлердiң өздерiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Бірақ бұл қатып қалған қағида емес, "егер актiлердiң өздерiнде өзге мерзiмдер көрсетiлмесе" деген айқындауыш билік органдарына кез келген датаны белгілеуге мүмкіндік береді.

"Денсаулық сақтау министрінің аталған бұйрығын зерделеу барысында оның қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің 4-бөлімінің өзара аутентті еместігі анықталды. Дегенмен "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" заңының 9-бабы бойынша меморгандардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылдануға тиіс. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Осы айтылғанға байланысты Денсаулық сақтау министрінің аталған бұйрығының 4-бөлімін қазақ тіліндегі редакцияда қабылдау қажет. Олай болса, бұйрық бірінші ресми жарияланғаннан 21 күнтізбелік күн өткеннен кейін күшіне енеді", – деп түсіндірді министр Ажар Ғиният.

Айтпақшы, әлеуметтік желіде барлық меморгандардың бланкісі сол бұрынғыдай екі тілде рәсімделіп жатқаны туралы мәселе көтерілді. "Таяуда заң қабылдап, енді Қазақстанда бланкілер мен маңдайшалар тек мемлекеттік тілде ғана болады деп жарнамалағаны қайда?" деп сұрақ қояды қазақстандықтар. Бұл жерде мәселе Берік Әбдіғалиұлы бастаған бір топ депутат әзірлеген, 2021 жылғы 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жөнінде болып отыр.

Ел мақтаған заң қайда?

Сөйтсе, тым көп дәріптелген, тіпті Мәскеудегі империяшыл күштердің ашуын туғызған әлгі заңның бір қайнауы ішінде кеткенге, былжыр болып шыққанға ұқсайды. Өйткені ол меморгандарды, билікті ғимаратының кіреберісіндегі маңдайшасы түгіл, ең құрығанда ресми бланкілерінің "маңдайшасын" тек мемлекеттік тілде басуға міндеттемейтін болып шықты. Олар сол бұрынғыдай қазақ және орыс тілдерінде қатар қолдануға міндетті екен.

Өз түсініктемесінде Әділет министрлігі "ҚР-дағы тіл туралы" заңының 21-бабының ескі нұсқасына сәйкес, бұған дейін бланкілерді, маңдайшаларды, хабарландыруларды, жарнамаларды, прейскуранттарды, баға көрсеткіштерін, басқа көрнекі ақпаратты мемлекеттік және орыс тілдерінде жазу міндетті болғанына назар аудартты.

"Ал көрнекті ақпаратқа қатысты былтырғы желтоқсандағы жаңа заң аясында тіл туралы заңының осы 21-бабына келесі толықтырулар енгізілді. "Мемлекеттік ұйымдардың бланкілері мемлекеттік және орыс тілдерінде, қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады. Мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс немесе басқа тілдерде жазылады. Мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік және орыс тілдерінде, қажет болған кезде басқа да тілдерде орналастырылады". Ал мемлекеттік емес ұйымдар өз маңдайшаларын мемлекеттік тілде, қажет деп тапса, орыс және басқа тілдерде орналастырады", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Яғни, мемлекет, билік үшін ештеңе өзгермейді, ол қос тілді болып қала береді. Бұл заң тек жеке секторға орысша қолданбайға құқық берген.

Алайда коммерсанттар, бизнес нысандары орыс тілді клиенттерден сөз естімеу, дауға қалмау үшін ескі әдетпен барлығын – бланкілерін, маңдайшаларын, жарнамаларын және өзгесін екі тілде жазуын жалғастыруда. Сондықтан қолды-аяққа тұрғызбай мақтаған заң күшіне енгенімен, Қазақстанда ештеңе де өзгерген жоқ. Керісінше, тіл жанашырларының айтуынша, алысқа бармай-ақ, елорданың іргесіндегі облыстың қалаларында біраз бизнес нысаны өз маңдайшасын тек орыс тілінде жазуын қоятын емес. Құзырлы органдар 2023 жылға дейін шағын бизнесті тексеруге тыйым салынғанын алға тартып, осыған қатысты шағымдарды елемеуге тырысады екен.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу