"Ресейді тоқтату мүмкін емес..."
"Кеше ғана тағайындалған депутат Константин Авершиннің өмірбаянын оқу қызықты болды. Ол кеңестік "зарница" сияқты жартылай әскери ұйымдар құруды жақсы көреді екен. Бұл маңызды емес, әрине. Гәп басқада. Оның қоластындағы "Честь имею" деген ұйымға "орыс әлемін" қолдаушы және Украинаға қарсы Ольга Аксенкина жетекшілік етеді", – деп жазды Түсіпбеков фейсбук парақшасында.
"Ресейді тоқтату мүмкін емес, бандеровшылардың көзі жойылады", – деп батыл жазады ол өз парақшасында.
Сонымен қатар ол балалардың патриоттық тәрбиесімен шұғылданатын жартылай әскери бағдарлау ұйымын басқарады дейді заңгер.
Депутатқа қандай қатысы бар?
Депутат Авершиннің осы аталған клубқа қандай қатысы бар? Клуб "Мен Алматылықпын" деген қоғамдық қозғалыстың құрамына кірген. Ал қозғалыстың құрылтайшысы – Авершин.
"Кейіпкер Ольга, Аксенкина және ақпарат таратушылар сілтеме жасайтын "Честь имею" ұйымы сол уақытта (2015 жылы Алматыда сел болғанда) үйінділерді тазартуға белсене көмектесті, содан кейін "Мен Алматылықпын" ҚҚ-на қабылданды", – деп жазады Авершин инстаграм парақшасында.
Бірақ ол клубты өз ұйымынан шығарып тастағанын мәлімдейді.
"... Оның жетекшісі көршілес мемлекеттің аннексиясын қолдайтын агрессивті риторика жасай бастады, оның әрекеттері бауырластық пен бірлік рухына қайшы келгендіктен біздің қоғамдық қозғалыстан шығарылған болатын", – дейді ол.
Депутат берген антына адал екенін айтады.
Кәсіпкер, қытайлық Red Dragon стрит-фуд желісінің негізін қалаушы Авершин осы аптада мәжіліс депутаты ретінде ант берді. Ол мәжілісте халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде қызмет етеді.
Бұрын Алматы мәслихатының депутаты болған. Ал 2001-2009 жылдары ҰҚК қатарында қызмет атқарған. 2009 жылдан бері запастағы капитан.
P.s. Ішкі істер министрлігі аталмыш мәселені анықтап, ақпарат беруге уәде етті.
Бас прокуратура бұдан бұрын "әлеуметтік желіде кейбір азаматтар, соның ішінде Қазақстан азаматтары болып жатқан оқиғаларға жария түрде пікір білдіре отырып, онда біздің еліміздің аумағының тұтастығына қатысты сепаратистік үндеулерді орналастырып жатыр" деп мәлімдеген болатын.
"Қазақстан азаматының шет мемлекет аумағындағы соғыс қимылдарына қасақана құқыққа қайшы қатысуы, сол сияқты ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуға жария түрде шақыру қылмыстық жазаланатын әрекеттер болып табылатынын (ҚК-нің 172, 174, 180-баптары) және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соқтыратынын түсіндіреміз", – деген үндеу жариялаған.
Тасқын Болатұлы