"Депутат болам десеңіз": Мәжілістен үмітті кандидаттар қандай талаптарға сай болуға тиіс

5938

"Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт". Алаш арысы Міржақып Дулатұлынан қалған осы сөз осы жолы Мәжіліске бара жатқан депутаттардың санасында сайрап тұрса дейсің. Әйтпесе Парламентке 30 жылда кім келіп, кім кетпеді!? 

"Депутат болам десеңіз": Мәжілістен үмітті кандидаттар қандай талаптарға сай болуға тиіс Фото: inform.kz

Қазақстан Республикасы Парламентінің сайлауы саяси тұрғыда белсенді азаматтар үшін бірегей мүмкіндік десе де болады. Осы мүмкіндікті қазір пайдаланып қалғысы келіп жатқандар күніге "Мәжіліске кандидат ретінде тіркелгенін" жарияға жар салып жатыр. Әйтсе де, мұндай талап-тілегі бар кез келген азамат Қазақстан Республикасының Конституциясы мен "Қазақстан Республикасының сайлау туралы" заңына сай талаптарды білуі керек, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Сенат таяуда ғана жаңарып, сайланғаны сайланып, тағайындалғаны тағайындалып алды. Ал Мәжіліс додасы 19 наурызда өтеді.

Ақшаң да болуы керек...

Алдымен, Парламент Мәжілісінің депутаттарына қойылатын талаптарға тоқталсақ. Кандидат ретінде тіркелгісі келетін адам, ең біріншіден, Қазақстан азаматы болуы керек. Екіншіден, соңғы 10 жылда республика аумағында тұруғ тиіс. Үшіншіден, кем дегенде 25 жаста болуы шарт.

Депутаттыққа кандидат болу үшін азамат өзі түсетін округтік территориялық комиссияға арнайы өтініш (бекітілген шаблон бойынша) жазады. Өмірбаян деректерін де арнайы шаблонмен толтырады. Одан бөлек, салық органынан өзіне және жұбайына активтер мен міндеттемелер туралы декларация өткізгені жөнінде анықтама алып келеді.

Мәжіліс немесе мәслихатқа барғысы келетіндердің ақшасы да болуға тиіс. Мәжіліске түсу үшін мүшелік жарна 1 050 000 теңге болса, мәслихатта 350 000 теңге.

Бұдан кейінгі қадамдар

Азамат тұрғылықты жері бойынша Салық органына барып өзі мен жұбайының атынан декларация өткізіп, анықтама алады. Декларацияның дұрыс не қате кеткені туралы жауап 10 күн шамасында белгілі болады.

Анықтамамен азамат өзінің территориялық комиссиясына барып өтініш пен өмірбаян туралы қағазды толтырады. Содан кейін ОСК азаматтың құжаттарын Прокуратураға, Миграциялық полицияға жібереді. Яғни толтырған мәліметтеріңіздің дұрыстығын, шетелде тұрғаныңызды не тұрмағаныңызды тексереді. Егер барлығы сәйкес келсе құжаттары барлық талаптарға сай деп тіркеуге алады.

Содан соң азамат мүшелік жарнаны төлейді. Ал осы уақытта ОСК Салық басқармасына сұраным жібереді. Азамат тапсырған декларация бойынша мәліметтің барлығы сәйкес пе деген сұраққа жауап іздейді.

Салық органы барлығы тапсырған декларацияның жауабын береді. Егер осы жерде салық органы азаматтың декларацияда қатесі бар десе, онда азаматты тіркеуден алып тастайды. Барлығы дұрыс болса кандидат ретінде ресми тіркейді.

Кандидат ретінде ресми тіркелгеннен кейін ғана, ресми үгіт-насихат науқаны бастауға рұқсат. Оған дейінгі агитация заңсыз.

Осы жолғы сайлауда құжаттарды тапсыру уақыты 2023 жылдың 8 ақпанына дейін жалғасады. Кандидаттар  18 ақпанға дейін тіркеліп бітеді. Насихат жұмыстарын сол күннен бастап жүргізуге рұқсат. Тыныштық күні 18 наурыз. 19 наурызда сайлау өтеді.

Кімдер сайлауға түсе алмайды

Мажоритарлы жүйе бойынша Қазақстанның 25-ке келген кез келген азаматы Мәжіліс депутаты, 20-ға толған азаматы мәслихат депутаты бола алады. Әйткенмен, сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған, сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адамға депутаттық орынтақ бұйырмайды.

Шетелдегі тәжірибе қандай

Үш мемлекетте депутаттарды тіркеу шарты қандай екенін шолып шығайық. Мәселен, АҚШ Конституциясы бойынша Конгрес депутаттығына кандидат кемі 25 жаста болуы керек. Соңғы 7 жылда АҚШ азаматтығы да болуға тиіс. Сонымен қатар, өзі сайланатын штаттың тұрғыны болуы шарт.

АҚШ-та сенаторларға талап сәл басқаша: сенаторлыққа кандидаттық тіркелу үшін олар ең кемі 30-да болуы керек, 9 жылдық АҚШ азаматтығымен қатар, өзі сайлауға түсетін штат тұрғыны болуы да шарт.

Ресейде мемлекеттік думаға депутат болудың екі жолы бар – сайлау бірлестігі атынан немесе азамат өзін-өзі ұсына алады. Ресейде мемдумаға кандидат болу үшін кемі 21 жаста, Ресей азаматтығы болуы керек. Соттылығы болмауға тиіс.

Оңтүстік Кореяда ұлттық жиынға депутат болғысы келетіндерде де соттылығы болмауы керек. Кандидаттардан ол елде әскери қызмет, соттылығы жоқтығы жөнінде анықтама, соңғы бес жылда салық төлегенін растайтын құжат талап етіледі. Оңтүстік Кореяда ұлттық жиынға кандидат болу үшін 15 млн вон (5,5 млн теңге) төлеуге тура келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу