Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын алудың шекті мәндерін қайта қарау кезінде заң бұзушылықтар бар деп есептейді. Бұл туралы ол палата отырысында мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.
"2021 жылдың 3 желтоқсанында БЖЗҚ өзінің веб-сайтында 2022 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігінің шекті мәндерін жариялады. Нәтижесінде, жаңа ұлғайтылған шекті мәндерге сәйкес, зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндігі бар салымшылар саны 600 мыңнан 150 мың адамға дейін яғни төрт есе қысқарды. Қалыптасқан жағдайға Мемлекет басшысы араласуға мәжбүр болды. Ол үкіметке бұрынғы жеткіліктілік шектің мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды. "Nur Otan" партиясы фракциясы бұл уақытты Еңбек министрлігі мен БЖЗҚ жіберген қателіктерді жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге пайдалану керек деп санайды", – деді Аманжан Жамалов Мәжілістің жалпы отырысында.
Мәжілісменнің айтуынша, 2021 жылғы 6 қаңтардағы өзгерістер мен толықтыруларда енгізілген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілігінің шекті мәнін айқындау әдістемесі "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес келмейді.
"Заңға сәйкес, жеткіліктілік шегі – ең төменгі зейнетақыдан төмен емес ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі сомасы. Алайда әдістемеде ең төменгі жалақы көрсеткіші (60 мың теңге) қолданылады. Бұл қате. Шектi ең төменгi зейнетақы көрсеткiшi 46,3 мың теңге орнына ең төменгi жалақы мөлшерi алынған. Бұл жеткiлiктiлiк шектiң орта есеппен 64%-дан 83%-ға ұлғаюына әкелдi", – деп атап өттi депутат.
Мәжілісмен заңда белгіленген ең төменгі зейнетақы көрсеткішін алған кезде, жеткіліктілік шекті көрсеткіш 2022 жылы небәрі 9%-ға артатынын жеткізді.
Сонымен қатар спикердің айтуынша, БЖЗҚ-да жеткіліктіліктің ең төменгі шектерін есептеу кезінде мүдделер қақтығысы бар.
"БЖЗҚ зейнетақы активтерін ұстаушы ретінде қаражатты алуға мүдделі емес. Сондықтан жеткіліктілік шегін есептеуді оның құзыретіне қосуға болмайды. Мұнымен Еңбек министрлігі айналысуы керек. Ал БЖЗҚ тек операторлық функцияларды ғана атқара алады. Яғни зейнетақы шоттарын жүргізу, жарналарды есепке алу, жинақтаушы зейнетақы төлеу. Бұл саладағы саясатты акционерлік қоғам емес, үкімет пен министрлік ғана белгілей алады", – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар ол жаңашылдықты жариялау мерзімі де кешіктірілгенін атап өтті.
"Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға сәйкес, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілік мәндері 3 желтоқсаннан емес, 2021 жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей жариялануы тиіс болатын және БЖЗҚ-ның интернет-ресурсында ғана емес, барлық басылымдарында да болуы тиіс еді", – деді депутат.
Бұл ретте Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин БЖЗҚ басшысының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.
"Қойылған сұраққа тікелей жауап бере аласыз ба? Қор жұмысын қалай жүргізіп отырсыз? Үш апта бойы үндемей, халыққа жеткіліктілік шегін түсіндіре алмағаныңызды қалай түсінуге болады? Жанат Құрманов, мұнда дайындықпен келу керек...", – деп түйіндеді Нұрлан Нығматулин.
Құралай Құдайберген