Сондықтан өткен жылдың соңында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекіткенде Парламент депутаттары бұл бағытта шығын шығаруды доғару мәселесін төтесінен қойған болатын. Алайда Үкімет оның қажет екенін қайта-қайта айтып, қиыла сұрап, барлық шығысын үшжылдық бюджетке енгізе алды.
Тарихқа сәл шолу жасай кетсек, ел Үкіметінің 2013 жылғы 15 қаңтардағы №11 қаулысына сәйкес, "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" АҚ-ы құрылды. Аты айтып тұрғандай, оған елордадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау және өткізу жүктелді.
Көрме өтті-кетті. "Табысты өтті" деп танылды. Көрмеге әлемнің 115 елі және 22 халықаралық ұйым қатысып, 140 экспозиция ұсынды. Соның ішінде кедей елдердің қатысуының шығынын Қазақстан өзі көтерді. Көрме күндері оның аумағына адамдар 3 977 545 рет кірген (посещение). Бұл жоспарланған көрсеткіштен 2 есе көп.
ЭКСПО-2017 аяқталған соң Үкімет ұлттық компанияны таратпауға шешім қабылдады. 2020 жылғы 18 ақпанда оның атауы "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы" АҚ-ы деп өзгертілді.
Мәжілісмен Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, "QazExpoCongress" ұлттық компаниясының не үшін қажеттігін депутаттар да біле бермейді.
"Бұл кәсіпорынның ісі депутаттарда бұрыннан сұрақтар тудыруда. Эксподан тегін мұраға алған көрме кешенінің алаңдарын 100 пайыз және астаналық тарифтермен арендаға береді. Соған қарамастан бұл кәсіпорын бюджетке бір теңге табыс әкелмейді! Оны аз десеңіз, ол өзге мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдарды шығынға батырып отыр. Олар кезінде бюджет қаржысына салынған, "Қазэкспоконгресстің" иелігіне берілген мемлекеттік ғимараттарды жалға алуға, бюджетін соған бағыттауға мәжбүр", – деді Дүйсенбай Нұрбайұлы.
Мысалы, бұрынғы көрме кешенінің ғимараттарының үлкен бөлігінде мемлекеттік "Астана" халықаралық қаржы орталығы, Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі орналасқан. Сондай-ақ Astana IT University университеті де соны мекен еткен. Компанияға қарасты бір ғана бизнес орталықта 25-тен астам компания, оның ішінде "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы, "ҰАТ" АҚ сияқты квазимемлекеттік сектор субъектілері орналасқан.
Сондай-ақ бірқатар мемлекеттік институттар, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА), Цифрлық үкімет кеңсесі және Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы (APEMS) орын тепкен блоктар бар. Барлығы жалдау ақысын төлейтін көрінеді.
"Мәселен, бір ғана Astana Hub оның үй-жайларын арендаға алу үшін республикалық бюджеттің жыл сайын шамамен 2 миллиард теңгесін жұмсайды! Салдарынан, бұлар бюджеттің ақшасын алдымен бір қалтаға береді де, әрі қарай оны басқа қалтаға салады. Ел қаржысы сол жақта тура мағынасында шөгеді және жым-жылас болады. Ұлттық компания ол миллиардтарды бюджетке қайтармай, өзі пайдаланады", – деді мәжілісмен Дүйсенбай Тұрғанов.
Оның айтуынша, бір топ депутат "QazExpoCongress" ұлттық компаниясына беріліп келген бюджет миллиардтарын халықтың және мемлекеттің басқа қажеттіліктеріне қайта бағыттау туралы Үкіметке ұсыныспен шығыпты. Депутаттардың байламынша, 2017 жылдан бері сақталып, сүріленіп қалған бұл ұлттық компанияны тарату қажет.
Ал, оның иелігіндегі барлық алаңдарды өзге мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға таратып, сенімді басқаруына берген жөн, шығынын да бюджет емес, солар көтереді. Сонда ол ғимараттарды ұстап тұру үшін жеке ұлттық компанияны ұстап тұру қажет болмайды.
Депутаттарды мен сарапшыларды тағы бір сұрақ мазалайды. ЭКСПО кешені аумағында қазіргі кезде шетелдік және отандық "жұлдыздардың" концерттері, шетелдік дилер, дистрибьюторлардың түрлі көрмесі үнемі өтіп тұрады. EXPO аумағында 380 іс-шара, оның ішінде 150 конференция, форумдар мен съездер ұйымдастырылыпты. Осылай толық жүктелген жағдайда кәсіпорын не себепті сол бойы бюджетке табыс әкелмей отыр?
Жалпы, Үкімет Парламент депутаттарының компанияны тарату бастамасын қабылдамады. "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы Сауда және интеграция министрлігіне бағынатыны белгілі.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұл компанияның табысы басынан асатынын растады.
"EXPO территориясының аумағында орналасқан объектілерді тиімді басқару – біздің "Қазэкспоконгресс" ведомстволық ұйымының басты міндеті болып табылады. Оның қызметінің тиімділігі мен өзін-өзі ақтауына келсек, бұл компания 2023 жылдан бері толығымен шығынсыз, табысты деңгейге шықты. Өз тапқаны өзіне толық жетеді. Мысалы, 2023 жыл қорытындысында оның эксплуатациялық шығыстары шамамен 11 миллиард теңгеге жетті. Компания оның бәрін өзі өтеді", – деді Арман Шаққалиев.
Бірақ оның эксплуатациялық шығыстарының неге осынша көп екенін ол түсіндіріп жатпады. Министрдің сендіруінше, ұлттық компания бюджеттен ешқандай дотация алмайды.
"QazExpoCongress иелігіндегі ғимараттарды одан алып қойып, соны жалға алып отырған мемлекеттік мекемелерге, квазимемлекеттік сектор ұйымдарына сенімді басқаруға беру туралы ұсыныс болды. Мұнда 2 шешуші жайтты назарға алған жөн. Біріншіден, экономикалық орындылығына қарауымыз керек. Айталық, "Astana hub" осы алаңдарды нарықтан және нарықтық құнмен жалға алғанда, жылына 4 миллиард теңгедей аренда ақысын төлер еді", – деді сауда министрі.
Оның айтуынша, екіншіден, ЭКСПО-2017 көрме кешенінің біртұтастығын сақтаған маңызды көрінеді.
"Ең бастысы – оның объектілерінің технологиялық байланыстылығын сақтау. Бұл бір территория, бірыңғай инфрақұрылым. Оның объектілерін бір-бірінен ажыратып, бөліп тастау шығыстарды елеулі арттырады. Бұған қоса, бөлуді жүзеге асыру технологиялық тұрғыдан да қиын", – деді министр Шаққалиев.
ЭКСПО-2017 кешенінің ғимараттары бір аумақ деп есептелгенімен, бір-бірінен бөлек-бөлек орналасқанын еске сала кеткен жөн. Тіпті ірі бір бизнес орталығына бірнеше ұйым иелік ете береді. Ендеше жеке-дара тұрған ғимараттарды әртүрлі ұйымның сенімді басқаруының не қиындығы барын министр нақтыламады.
Оның дәйектеуінше, бұл ғимараттарды әртүрлі ұйымға берсе, олардың "шаруашылық-эксплуатациялық қызмет жүргізуге Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінен рұқсат ала алуы неғайбыл".
Осыған байланысты, Сауда және интеграция министрлігінің ұстанымынша, бұл кешен аумағы одан әрі "Қазэкспоконгресстің" басқаруында қала беруі керек. Ведомство осыны "аталған аумақта шаруашылық жүргізудің ең оңтайлы тәсілі" деп санайды.
"QazExpoCongress"-тің өз мәліметінше, ұлттық компания Бизнес орталықты, Конгресс-Орталықты, "ЕХРО" халықаралық көрме орталығын, "Болашақ энергиясы" музейінің лекторийін, қаптаған автотұрақтарды арендаға берумен айналысады.
Ресми мәлімет бойынша, былтыр Астананың барлық бизнес орталықтарындағы коммерциялық алаңдар 1,6 миллион шаршы метрді құрапты. Ал, бір ғана "QazExpoCongress"-тің иелігіндегі коммерциялық алаңдар 215,6 мың шаршы метр. Яғни, үлесі – аса салмақты.
"Қазіргі уақытта "QazExpoCongress" ұлттық компаниясының балансында жалпы ауданы 382,5 мың шаршы метрден асатын ірі объектілер (ғимараттар) бар. Іскерлік орталықтың жалпы ауданы шамамен 215,6 мың шаршы метрді құрайды. Оған ЕХРО Іскерлік орталығы, Бизнес орталық, Конгресс-Орталық, "ЕХРО" халықаралық көрме орталығы, сондай-ақ "Hilton" қонақ үйі кіреді", – делінген компанияның даму жоспарында.
"Hilton" қонақ үйінің орташа толтырылуы 2021-2023 жылдар кезеніңде бөлме қорының 65%-дан астамына жетті. Қонақүйдің кірісі 2022 жылы 2021 жылғы көрсеткіштен шамамен 2,5 есе асып, 634 млн теңгені құрады. Ал, 2023 жылы кірісі 1 миллиард теңгеден асты. 2024 жылғы қорытындысы әлі жарияланбады.
Кешен аумағындағы "Нұр-Әлем" сферасында әлі күнге жұмыс істейтін "Болашақ энергиясы" мұражайының есігі дүйсенбіден басқа күндері келушілерге ашық. Сейсенбі мен жұма аралығында сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал, дүйсенбі – техникалық күн.
Компания оған кірудің билет құны – 1500 теңге екенін хабарлады. Сондай-ақ жеңілдіктер қарастырылған: зейнеткерлер үшін – 500 теңге, оқушылар мен студенттерге – 800 теңге. ҰОС ардагерлеріне, барлық топтағы мүгедектерге, жетім балаларға, көп балалы аналарға және 6 жасқа дейінгі балаларға – кіру тегін. Осы арқылы "Нұр-Әлем" сферасына жылына 300 мыңға жуық келушіні тарта алыпты.
Ұлттық компанияның тек негізгі қызметінен – коммерцияландырудан және конгресстік-көрме қызметінен түсетін кірістердің үлесі 2022 жылы жалпы кірістердің 53%-ын құрады және 11 миллиард 285 млн теңгеге жетті. 2023 жылы бұл көрсеткіші 19 миллиард 130 млн теңгеден асып түскен. "Неге оның бәрін өзі шығындай бермей, содан бюджетке ең құрыса бір теңге бермейді?" деп депутаттардың ашынатыны содан.
"QazExpoCongress" ұлттық компаниясының бюджеттен ақы алатын тағы бір кірісті бағыты бар: бұған дейін Дубайдағы 2021-2022 жылдардағы ЭКСПО-2020 көрмесіне және Буэнос-Айрестегі ЭКСПО-2023 көрмесіне қатысты.
Енді биыл Жапониядағы ЕХРО-2025 халықаралық көрмесіне қатысуға әзірленіп жатыр. Дүниежүзілік көрме (кейде оны жәрмеңке атайды) 2025 жылғы 13 сәуір мен 13 қазан аралығында Жапонияның Осакасында, Юмесима аралында өтеді. Жоспар бойынша оған әлемнің әр түкпірінен және "Күншығыс елінің" өзінен 28,2 миллион адам қатысады деп күтілуде.
"QazExpoCongress"-ке Осакадағы ЭКСПО-2025 көрмесіне Қазақстанның табысты қатысуын қамтамасыз ету және қазақстандық павильонға кіріп-шығушылар санын – кем дегенде 1 миллион адамға жеткізу міндеті қойылды.