Депутаттар нашақорлар арасында танымал "Трамадол Короліне" қарсы соғыс бастады

1704

Әзірге парламентшілер кері шегінуде.

Депутаттар нашақорлар арасында танымал "Трамадол Короліне" қарсы соғыс бастады Фото: canva.com

Құрамында есірткіге барабар заттары бар дәрі-дәрмектің еркін сатылымына тосқауыл қоятын "есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл" жөніндегі заңының жобасына VII шақырылымдағы Парламенттің депутаттары ІІІ сессиясы барысында бастамашы болған еді.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы, депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, бұл заң жастарды қынадай қырып, ұлтты болашағынан айырғалы жатқан синтетикалық есірткіге тоспа құруды да қарастырады.

"Синтетикалық есірткі аз ғана уақыт ішінде бүкіл әлемге кең таралып кетті. Қазақстанға бұл кесел зұлмат болды. Синтетикалық есірткі деген дәстүрлі кокаин, героин сияқты ауыр есірткілерден арзан және қолжетімді. Мұндай есірткінің өндірісі де қарапайым және ерекше дайындық пен дағдыны талап етпейді. Оған қоса синтетиканың барлық компоненттері елде заңды сатылады. Мәселен, жекелеген органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы сияқты заттар есірткі қоспасын жасауда пайдаланылады. Елімізде есірткі өндірушілер синтетиканы өнеркәсіптік ауқымда жасап жатыр, оларға керекті жабдықтар мен прекурсорларды тасымалдауды пысықай дилерлер тұрақты схемаға айналдырған", – деді ол.

Салдарынан, синтетикалық есірткі жасайтын лабораториялар күннен-күнге көбейіп жатыр. Парламент заң жобасын созбалаңға салып жатқанда, проблеманың қандай қарқынмен өршіп бара жатқанын мына ресми деректен байқауға болады.

Егер 2019 жылы – 3 есірткі зертханасы табылып жойылса, 2020 жылы олардың саны 8-ге жетті. 2023 жылы 81 жасырын лаборатория жойылды. Жойылмағаны қанша?

2019 жылы 10 келі прекурсор тәркіленсе, 2020 жылы тек тәркіленгенінің көлемі 50 келіге жетті. 2023 жылы 1 тоннадан асып кетті. Биылғы көрсеткіш бұдан да алапат: 2024 жыл басталғалы ғана 31 жасырын есірткі зертханасы табылған. 10 тоннадан астам прекурсор, 2 тоннаға жуық есірткі, 550 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.

Заң жобасы авторларының байламынша, жаңа түрі шыға беретін синтетикалық есірткімен күресу үшін бірінші кезекте прекурсорлардың заңсыз айналымының жолын кесу керек. Мамандар ең тиімді бір шара осы дейді. Жаңа заң жобасы тұтынған адамды тез тәуелді ететін аса қауіпті синтектикалық есірткімен және прекурсорлармен күресті күшейтуге тиіс. Бірақ оның қабылдануы кешіктіріліп жатыр.

Сарапшылар қолданыстағы заңнамада прекурсорлардың тек контрабандасы үшін жауапкершілік қарастырылғанына назар аудартады. Прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін ешқандай жауапкершілік жоқ! Осы мақсатта жаңа заң жобасында Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу ұсынылды.

Құжаттағы басты жаңалық – "күшті әсер ететін заттардың" еркін айналымын шектеу. Өйткені С.Имашеваның айтуынша, оларға жататын "Тропикамид", "Азоттың тотығы", "Сомнол", "Прегабалин", сол сияқты медпрепараттарды әсіресе, жастар көп пайдаланып, "кайф" аулайды.

"Бұл заттарды есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейту үшін пайдаланады, соның кесірінен бұл препараттардың медициналық емес айналымы өршіп кетті. Мысалы, "Тропикамид" атты көз тамшыларын нашақорлар мұрынға тамызады, тамырларына жібереді, сөйтіп галюциногендік әсер алады. Немесе синтетикалық есірткінің әсерін күшейтеді. Қазіргі кезде осы дәрілік заттарды рецептісіз бергені, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін тек әкімшілік айыппұл қарастырылған. Бұл оларды медициналық емес мақсатта сататын қаскөйлерге тосқауыл бола алмады", – деді С.Имашева.

Ол бір мысал келтірді.

"2022 жылы республикаға танымал "Король Трамадола" деген азамат күшті әсер ететін заттардың ірі партиясымен бірнеше рет ұсталғанымен, еш жазаға тартылған жоқ, тек айыппұл төлеп құтылып кетеді. Оның дәріхана қызметіне лицензиясы болғандықтан мемлекет әкімшіліктен басқа еш жаза қолдана алмады. Осындай жағдайды ескере келе, заң жобасында күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы және олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ оларды ұрлағаны үшін қылмыстық жаза енгізу ұсынылады. Сонымен қатар прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымына да қылмыстық жаза қарастырылған", – деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.

Өзге депутаттар құжатты қолдайды. Онда кім тежейтіні белгісіз.

"Заң жобасында күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін, сондай-ақ оларды сақтау ережелерін бұзғаны, ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Күшті әсер ететін заттарға "Трамадол", "Тропикамид", "Тапентадол", "Прегабалин" және басқа медициналық мақсаттағы препараттар жатады. Жалпы, біз бұл идеяны қолдаймыз. Өйткені медициналық препараттарды бақылаусыз берудің салдарынан дәріханаларда есірткі пайда болды. Оларды тұтынуға құмар жастар саны күннен-күнге арта түсуде", – деді мәжілісмен Қазыбек Әлішев.  

Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев есірткілі, күшті әсер ететін заттарға бақылау қолданыстағы заңнама аясында жүргізіліп жатқанын жеткізді. Күресті күшейтетін заң жобасы әзірге қабылданбады.

"Былтыр сәуір айында "Трамадол" деген дәріні осы тізімге енгізген болатынбыз. "Трамадол" есірткі заттарының тізіміне енгізілгеннен кейін оның заңды айналымы 90 пайызға азайып кетті. Бұрын дәріханалар "Трамадолды" еркін сата беретін, енді ондай жоқ. Біз оларды тексеріп жатырмыз", – деді ІІМ басшысының орынбасары.

Ол депутаттар, сарапшылар айтып жүрген басқа дәрілерді де қара тізімге енгізуге ниетті екендерін жеткізді.

"Оларды тізімге енгізсек, онда дәріханалар заң бұзудан қорқып, оларды сатпайтын болады. Қазіргі тәжірибе бойынша дәріханаларды тексеру үшін рұқсат алуымыз керек. Тексеру кезінде заңсыз сатқаны анықталса, кемшіліктер туралы материалдарды фармбақылау органына жібереміз, олар әкімшілік хаттама толтырады", – деді Айдос Какашаұлы.

Оның айтуынша, егер Парламент жаңа заңды қабылдап, жазаны қатайтса, онда полицияға да жұмыс істеу оңай болады. Оған дейін қылмыскерлер айыппұл төлеп құтыла береді.  

Проблеманы Денсаулық сақтау вице-министрі Ж.Бүркітбаев растады.

"Себебі, бүгінгі таңда республика бойынша барлық тексеру Кәсіпкерлік кодексімен регламенттеледі. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті осы бақылауды жүргізеді. Егер сондай заң бұзушылықтар әшкереленіп жатса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабына сәйкес, 1 мың айлық есептік көрсеткішке (3 692 000 теңгеге) дейін айыппұл салынады. 2022 жылы 170-тен аса бұзушылықтар табылды, оған 19 миллион теңге айыппұл салынды. 2023 жылы 32 бұзушылықтар әшкереленіп, 6 миллион теңге айыппұл салынды. Осы заң қабылданса, күшті әсерлі дәрі-дәрмекті рецептісіз сататындар қылмыстық жазаға тартылады", – деді ДСМ басшысының орынбасары Жандос Бүркітбаев.

Синтетикалық есірткінің елге зиян-залалын он жылдай бұрын зерделеп, ашық айта бастаған қоғам белсенділерінің бірі, зерттеуші журналист Максим Стадниченко мемлекеттің негізсіз "жұмсақтық" танытуы салдарынан бұл проблема қарқынды белең алғанын айтады.

"Мысалы, Атырау көшелерін араласаңыз, тұрғын алаптарында трамадол, тропикамид сияқты медициналық препараттардың бос қораптары әр жерде шашылып жатқанын байқайсыз. Қалада өз бетімше сенбілік жасағанымда, бір сағатқа толар-толмас уақытта бұл препараттардың қораптарына бір пакетті толтырдым. Сонда бұл проблеманы зерттеуге, мұнайлы астананы синтетикалық есірткімен, күшті әсері бар препараттармен кімнің қамтып отырғанын анықтауға ұйғардым", – дейді Максим Стадниченко.

Зерттеу барысында ол бірқатар сауда орталықтарындағы дәріханалардың психотропты апиынды анальгетикті – трамадолды "өз адамдарына", тексерілген клиенттерге дәрігердің рецептісінсіз сататынын білген. Нашақорлар шыға сала, алысқа ұзамай, жақын тұрғын үйлердің түкпір-түкпірінде трамадол, тропикамид, есірткі заттарын тұтынады екен. Қаптама, тюбик, шприцтерін де сол жерде қалдырып кетеді. Нашақорлар шприцті тропикамидті миллиграмдар бойынша нақты дозаларға бөлу және құю үшін де пайдаланатын көрінеді. Ендеше егер полиция заңсыз сататын орындарды тапқысы келсе, аталған қоқыс түріне жақын жердегі дәріханаларды тексерсе, артық болмас.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мамандарының айтуынша, дәріханалардың басым көпшілігі заңды сақтайды. Рецептісіз сату сирек кездеседі. Бірақ қабылданған рецепт дұрыс рәсімделмеген, мысалы, мөрі болмаған, қолдан жасалған, немесе сатып алушы ксерокөшірмесін ұсына салған жағдайлар кездеседі. Мұндай жағдайда бір рецептінің ксерокөшірмесі арқылы бірнеше нашақор әлденеше рет психотропты дәріні ала беруі мүмкін.

Дегенмен, әрбір дәріхана рецептілерді небәрі 3 ай ғана сақтауға міндетті. Осы кезеңде тексеріс келмесе, құтылып кетуі ғажап емес.

Максим Стадниченко зерттеуі барысында бірнеше дәріханаға кіріп, "жасалған отадан кейін ауруы жанына батқаны" туралы аңызын айтып, рецептісіз трамадол сатып алмақ болыпты. Алайда провизорлардың бәрі рецептісіз беруден бас тартқан. Бір дәріханадан шыға бергенде, оған әлдебір ер адам таяп келіп: "Эй, брат, "таке" аласың ба?" деп сұрайды. Өзін Тимур деп таныстырған оның айтуынша, дәріханашылар полицияның "құпия сатып алуынан" қорқып, бөгделердің меселін қайтарады. "Таке" (трамадол) және "су" (тропикамид) тек арнайы жерде, дәріхана емес, баспанада сатылатын көрінеді. Оған кіре алу үшін құпия код сөзді айту талап етіледі.

Наркологтар дабыл қағуда. Дәріханалық есірткі саудасына тез тосқауыл қойылмаса, емдеуге келмейтін нашақорлар армиясы пайда болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу