Депутаттар тағы бір іске ашулы

2926

Қазақстанда ресми түрде 737,4 мыңнан астам мүгедек тіркеліп, тиісті топтарға бөлінген.

Депутаттар тағы бір іске ашулы Фото: Мәжіліс

Сарапшылар шын мәнінде мүгедектік мәртебесін ала алмаған адамдарды қосқанда, мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 1 миллионнан асқанын айтады.

Мемлекет солардың 500 мыңдайын қолдаумен және жәрдемақымен қамтып отыр.

"Жыл басынан мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 107,8 млрд теңге жұмсалды. Бұған қоса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 14,8 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды", – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Ведомствоның нақтылауынша, 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мүгедектігі үшін жәрдемақы алушылар саны шамамен 539,9 мың адамды, асыраушысынан айырылғандар – шамамен 194,5 мың адамды құрады.

Биыл жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін – 101 702 теңгені, 2-топ үшін – 81 362 теңгені, 3-топ үшін – 55 474 теңгені құрайды. 1 наурыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылғаны үшін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 70 510 теңгені, асыраушысынан айырылғандарға – 71 752 теңгені құрады.

Сонымен қатар, "Med365" компаниясының зерттеуінде айтылғандай, Қазақстанда кемтар жандардың саны 2011-2023 жылдар аралығында, 12 жыл ішінде үштен бірге, 28,7%-ға көбейген.

Соның ішінде елордада ерекше қажеттіліктері бар адамдардың саны екі еседен астамға ұлғайды, Шығыс Қазақстан облысында керісінше, 47%-ға қысқарыпты. Бірақ зерттеуде мүмкіндігі шектеулі ретінде ресми тіркеуге қойылғандардың статистикасы есепке алынған.

Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан бұл салада еліміздің халықаралық міндеттемелерін толыққанды орындай алмай отырғанына назар аудартты.

Республика "Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны" ратификациялады және оны жүзеге асыру бойынша тиісті міндеттемелерін мойнына алды.

Халықаралық құжат Қазақстанды мүгедектігі бар барлық адамның құқықтарын толық әрі тең дәрежеде жүзеге асыруға, сондай-ақ олардың қадір-қасиетін құрметтеуге міндеттеді.

"Конвенциядағы міндеттерді жүзеге асыру үшін не қажет? Ең алдымен, ерекше қажеттілігі бар адамдарға өзгелердің көмегінсіз, толықтай өзі қозғалып, қажетті қызметтерді өз бетінше ала алатындай орта құру қажет. Яғни, мүгедектер еліміздің өзгелермен тең құқылы азаматы саналатындықтан олар үшін қолжетімді кеңістік пен инфрақұрылым құру қажет", – деді Кенжеғұл Социалұлы.

Ол сорақы мысал ретінде былтырғы жылдың соңында Алматыдағы метро станциясында болған қайғылы оқиғаны келтірді.

"Бұл оқиға елді дүр сілкіндірді. Жас та дарынды жігіт Қанат Батқалғазының өмірі қыршынынан қиылды. Зағиптығы бар Қанат метроға мінбек болғанда, платформаның есігін таба алмай рельске құлап, көз жұмды. Ең өкініштісі – бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға болатын еді. Егер метроның жауапты қызметкерлері өз міндеттерін мүлтіксіз орындап, қауіпті аймақтарға арнайы қоршау қойғанда және кез келген жағдайға бей-жай қарамайтын жолаушылар зағип жанға көмектескенде, Қанат тірі қалар еді. Тек сөз жүзінде инклюзивті саналатын немқұрайлы қоғамның кесірінен азаматтар проблемасымен жалғыз қалып, жан тапсырады", – деді мәжілісмен.

Проблема тіпті ірі қалаларда көп екенін Еңбекмині жасырмады. Мысалы, Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті 2024 жыл бойы үшінші мегаполистің мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда, басқасының әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 338 тексеру жүргізді.

Тексеру қорытындысында көптеген бұзушылықтар әшкереленіп, оларды жою туралы 61 ұйғарым берілді. 11,2 миллион теңгеден астам сомаға 35 әкімшілік айыппұл салынды.

Мұнда ведомство бұзушылықтар алғаш рет анықталса, бірден әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқама ғана берілетінін атап өтті.  

"Республика бойынша 2023-2027 жылдарға арналған Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу жұмыстары белгіленген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуге тиіс. 2023 жылы – картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы толық бейімделуі шарт. Қазіргі уақытта ел бойынша 22 980 нысан толықтай бейімделген", – деді Еңбек министрлігінің мамандары.

Депутат Кенжеғұл Сейтжан ресми көркем есепке сенбейді.

"Қолжетімділіктің интерактивті картасына сенсек, ерекше қажеттілігі бар адамдар кез келген жерге еш кедергісіз кіріп-шыға алады. Өкінішке қарай бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Тіпті Астана тұрғындарында мұндай мүмкіндік жоқ. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қалалық департаменті мүгедектігі бар адамдарға нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстарының нәтижелерін жариялады. Белгілі болғандай, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының басым бөлігі қолжетімді ортаны жобалау талаптарына сәйкес келмейді", – деді мәжілісмен.

 

Тексеру қорытындысы бойынша Астанада 105 ескерту және жеке ұсыныс беріліп, 32,7 млн теңге айыппұл салынды.

Мәселеге кеңінен қарағанда, мүгедектер қандай да бір ғимаратқа кіре алғанның өзінде, қажетті қызметті ала алмайды. Себебі, ол касса, банкомат, ақпараттық дүңгіршек, басқасын пайдалана алмайды.

"Өйткені олар тым биік, яғни, мүгедектер арбасындағы адамға қызмет көрсетуге бейімделмеген. Көру қабілеті нашар немесе зағип жандар да қажетті дыбыстық құрылғының немесе Брайль қарпіндегі түсіндірме белгілерінің және басқасының жоқтығынан жол таба алмай, адасып қалады. Зағип жандар үшін бейімделмегендіктен қарапайым лифттің өзін пайдалануға мүмкіндігі жоқ. Сол сияқты есту қабілеті бұзылған адамдар да түрлі мәселелерге тап болады. Мамандар оны түсінбейді. Соған қарамастан картада әкімшілік, коммерциялық, мәдени, демалыс және өзге мекемелер қолжетімді әрі барлық жағдай жасалған орындар ретінде көрсетіледі", – деп қынжылыс білдірді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу