Бұл әскери жаттығулар өзге емес бауырлас халықтардың қауіпсіздігі деген идеяға негізделіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, бұл шараға еліміздің Әскери-теңіз және Әскери-әуе күштері, "Батыс" өңірлік қолбасшылығының арнайы операциялар күштері түгел атсалысатын болады.
– Ел аумағындағы бес мемлекеттің қатысуымен өауқымды оқу-жаттығулар өте деңгейде ұйымдастырылуы керек. Жауапкершілік аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін орындау мақсатында бауырлас халықтар мен қарулы күштер арасындағы достық қарым-қатынасты сақтау біз үшін өте маңызды, – деді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.
Расы керек, бұл жаңалық көптен бері айтылып жүрген түркі елдерінің ортақ әскери одағы немесе Тұран армиясы мәселесін қайта күн тәртібіне алып шығып отыр.
Еліміздің тұтастығын ойласақ, шұғыл Түркі елдері бірлігін нығайту керек екені даусыз. Қазіргі уақытта сыртқы қауіпсіздігіміз де онша мәз емес.
Оның үстіне шыр айналған дүниенің дөңгелегі де мың құбылып тұр. Осы жағдайлар расында да Тұран әскерін құруға ықпал ете ме? Енді осы мәселе жайында сарапшылар не дейді?
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың ойынша, қалай болған күнде де Тұран одағы құрылады. Айтуынша, бес мемлекеттің әскери оқу жаттығу жиынын өткізуі – Тұран одағын құрудың алғы шарттарын бірі.
– Былтыр түркі елдері ортақ ұйым мен өзара одақтастық аясында бір емес бірнеше кездесу өткізді. Үлкен-үлкен саммиттер өтті. Биыл өткізілгелі отырған әскери жаттығуды сол саммиттердің жалғасы деп есепетеймін. Қазір Қазақстан ғана емес, Орта Азия мемлекеттері үшін сыртқы қатерлерден сақтанудың бірден-бір жолы – 150 миллион болатын түркі елдерінің бірлігі болып отыр. Сондықтан да біз 6 мемлекеттің бірлескен Тұран әскери одағын құруымыз керек. Содан кейін әлемдегі ең мықты әскер деп есептелетін НАТО-ның тәжірибесін Тұран одағы іске асыру керек, – дейді ол.
Ол қауіптің бар екенін де жасырған жоқ.
Халық қалаулысы Елнұр Бейсенбаевтың да пікірі осыған саяды. Бірақ ол Тұран одағы деген терминді тек Орта Азия елдерімен шектеп тастамау қажет. Тұран одағы тек қана Орта Азия мемлекеттеріне тиесілі болып қалмауы тиіс.
Нақтырақ айтсақ, ол аталған одаққа Еуропадағы түрік мемлекеттері де қатысқысы келіп отыр.
– Жалпы қоғамда осыдан 500 немесе 1 200 жыл бұрынғы империяларды аңсайтын азаматтар бар шығар. Менің ойымша, әскери жаттығулар одақтық мәселе емес, шекралас болғандықтан жүзеге асып отыр. Сондықтан да мұндай әскери оқу жаттығулар міндетті түрде жиі өтуі керек. Ал бес мемлекет шекаралас болғандықтан оның қайсы біріне қауіп төнетін болса, ол қалған төрт мемлекетке тікелей тиесілі болады. Бұл Еуропадағы немесе қасымыздағы көршілерде болып жатқан әскери қақтығыстардың салдарын біз көріп отырмыз. Сол үшін біз мұндай оқу жаттығу өткізуге міндеттіміз. Екіншіден, әскери ахуалымызды қаншалықты деңгейде екенін көруіміз керек, үшіншіден, тәжірибе аласуымыз қажет және төртіншіден, әскерилер арасында коммуникацияларды орнату керек. Бұл оқу жаттығулар тек қана әскери күшті ғана көрсету ғана емес, осының аясында наркотрафик және адам саудасымен күрес секілді мәселелер жатыр, – дейді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Турасын айтар болсақ, Тұран идеясы ақырындап іске асып жатыр деуге болады. Осыдан екі жыл бұрын елімізге Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акардың келгені белгілі. Ол кезде де "Акардың бұл жүрісі тегін емес..." деген еді. Ұзамай бұл сапарда Акар мырзаның елдің қорғаныс саласының мамандарымен өңірлік қауіпсіздік, әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық, соның ішінде кадрлар даярлау және әскери білім беру, жауынгерлік даярлық, оқу-жаттығуларға қатысу мәселелері бойынша біраз мәміле жасасып кеткені белгілі болды.
Одан кейін ілі-шала көрші мемлекет – Өзбекстанға табан тіреді. Ең қызығы осыдан кейін Түркияның беделді басылымы Türkiye Gazetesi газетінде Акар мырзаның қос елге жасаған сапарында Ұлы Тұран армиясын құру мәселесі қозғалғаны туралы материал жарияланды. Алайда Қазақстан Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Айтуынша, екі елдің қорғаныс ведомстволары басшысының кездесуі барысында Қазақстан мен Түркия қарулы күштерінің қатысуымен қандай да бір бірлескен әскери құрамалар құру мәселелері қарастырылмаған.
Халық қалаулылары демекші, бұған дейін Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Тұран одағы туралы мәселе көтерген еді.
– Тұран Одағы құрылуы тиіс. Тұран елдерінің тұтастығын ойласақ, шұғыл Түркі елдері одағын құруымыз керек! Шығысымызда Қытай, солтүстігімізде Ресей мемлекеттерімен құдайы көрші болғасын, олармен бірнеше экономикалық және ынтымақтастық одақтарда мүше болып отырмыз. Алыстағы алпауыт АҚШ-пен де сәлеміміз түзу. Бірақ дүрбелеңі көп дүние күнде дүрлігіп тұр. Оңтүстік Азиядағы таяуда тәліптер билікке келген Ауғанстан да әлем назарын аударып, шекарасы жақын елдерді қатты алаңдатып тұр. Біз Ресей бастаған ТМД-ның біраз елдерімен Еуразиялық Экономикалық одақта бармыз. Енді сол секілді Түркі елдері одағы да іргемізді бекемдей түсуге берік негіз болар еді. Екпіні қатты Ердоған ер бастаған ел басшыларының мойнында түгел түркі мемлекеттерінің Тәуелсіздік тағдыры, территориялық тұтастық қауіпсіздігі тұр! "Ақымақтың айтқаны келеді" дегендей, ақыр "Тұран одағы құрылады" деп айқайлап жүрген Жириновскийлердің сөзін шындыққа айналдырайық. Тағы да қадап тұрып, қайталап айтамыз, Тәуелсіз Түркі елдері үшін қазір ең басты мақсат – Түркі Одағын құру! Ең болмаса, туыс елдердің тұтасуын өзгеден сұрамай өзіміз шеше алатын шығармыз деп үміттенеміз. Ел аман, жұрт тыныш болып, Тәуелсіздігіміздің Көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!, – дейді ол.