Депутаттардың мына бір ұсынысын Үкіметтің қолдамағаны белгілі болды

6042

Биыл үлкен сайлау науқаны күтіледі. Нәтижесінде, бұдан былай Қазақстанда облыс әкімдері тағайындаған бірде бір әкім қалмайды.

Депутаттардың мына бір ұсынысын Үкіметтің қолдамағаны белгілі болды Фото: Мәжіліс

Бұл жаңалықты Мәжіліс депутаттарына хатында Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың өзі хабарлады.

Оның мәліметінше, бүгінде республика бойынша аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар мен ауылдық округтер әкімдерін сайлау жалғасуда.

Бұған дейін барлығы 95% ауыл әкімдері сайланып болыпты. Елде енді тікелей жергілікті жұртшылық сайлап алған 2 541 ауыл әкімі бар.

"2023 жылғы 5 қарашада, пилоттық режимде 42 аудан және 3 облыстық маңызы бар қала әкімдерінің де сайлауы өткізілді. Жұмыс істеп жүрген, бұрын облыс әкімдері, жоғары тұрған әкімдер тағайындаған іс басындағы аудан әкімдердің өкілеттіктері аяқталып қалды. Осыған орай биылғы 2025 жылдан бастап аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау жолымен ғана лауазымын иеленетін болады", – деді Олжас Бектенов.

Демек, ауыл-аймақты аудан-қала әкімдерінің жаппай сайлауы күтіп тұрғандай.

Еске сала кетсек, 5 ақпанда Мемлекет басшысы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдаған болатын. Президентке "2024 жылғы электоралды кампаниялардың қорытындылары, ОСК қызметінің қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспары баяндалды".

Бірқатар сарапшылар былтыр болады деп күтілген бір мандатты депутаттарға қатысты қайта сайлау өткізудің кешігіп жатқанын айтады.

Өз кезегінде депутаттар тікелей халық сайлайтын әкімдердің де, мәслихат депутаттарының да қолындағы құзыры тым аз екенін айтып, қанағаттанбаушылық білдіруде.

"Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауында: "Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет", – деп атап өткен еді. Бірақ әлі күнге Президенттің сол тапсырмасы орындаусыз қалды. Мәслихаттар әкімнің рұқсатынсыз ешбір шешім қабылдай алмайды. Бұрыннан қалыптасқан бұл механизм өзгеретін емес! Сондықтан азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттардың рөлін арттыру мәселесін қайта көтеруге мәжбүрміз", – делінген "Ақ жол" фракциясының Үкімет басшысына жазған сауалында.

Хат астына қол қойған Мәжіліс депутаттары ауыл-аймақтағы сайлауларда жеңіске жеткен тұлғалардың алдынан шығып, арынын тежеген,мәслихат депутаты немесе сайланған әкім мәртебесін тәрк етуіне ықпал еткен бірнеше тосқауылға назар аудартты.

"Мысалы, халық сайлаған депутаттарға тағайындалған әкімдер үстемдігін жүргізеді. Бұл демократия принциптеріне қайшы! Қазіргі кезде мәслихат сайлауы өтсе, додаға түскісі келетін мәслихат депутаттарының кандидатуралары тек әкімдіктің мақұлдауынан кейін ғана бекітіледі. Тиісінше, өз кандидаттарын қолдауға барлық әкімшілік ресурстарын салатыны да белгілі. Бұған заң деңгейінде қатаң тыйым салуымыз қажет", – деді мәжілісмен Серік Ерубаев.

Бұған қоса, депутаттың айтуынша, заңнамаға сәйкес, мәслихаттың кезектен тыс сессиясы әкімнің ұсынысы бойынша шақырылады. Қалыптасқан тәжрибеге сай, егер әкім бастамашы болған жағдайда, ол күн тәртібін өзі қалыптастырады, ал, депутаттар оған өзгеріс жасай алмайды. Соңғы отыз жылда мәслихат депутатының ұсынысы бойынша кезектен тыс сессияның шақырылғаны кемде кем екен.

"Әкімдер халық өкілдерінен өзін биік қоймай, мәслихат алдында есеп беретін атқарушы органның басшысы екенін ұмытпағаны жөн. Бұл тұрғыда мәслихат пен әкімдік арасындағы қатынастарды Мәжіліс пен Үкімет қатынасына сәйкестендіру қажет. Мысалы, Премьердің және министрлердің кандидатуралары алдымен Мәжілістің салалық комитеттерінде талқылаудан өтіп, мақұлдауын алады. Сол сияқты жергілікті әкімдіктердің жанындағы басқарма басшыларының да кандидатураларын мәслихаттың салалық комиссияларында қарап, мақұлдауды ұсынамыз!" – делінген депутаттардың сауалында.

Сонда ғана, мәжілісмендердің пікірінше, атқарушы орган депутаттарға шекеден қарауын доғарады. Жергілікті мәслихат депутаттары көтеретін мәселелерді бейтарап емес, мүдделі түрде, ынтымақтастықта қарауға мәжбүр болады. Мұндай тәсіл мәслихаттардың беделін көтеретін тетіктерінің бірі бола алар еді.

Үкімет не дейді?

Депутаттардың ұсынысын Үкіметтің қолдамағаны мәлім болды. Жергілікті әкімдіктің бөлім, басқарма басшыларының кандидатураларын мәслихаттың мақұлдауы деген болмайды. Бірақ олар кей жағдайда конкурс отырысын бақылауға шақырылуы, қызықтырған сұрағын кандидатқа қоюы мүмкін. Құзыры одан аспайды.

Премьердің түсіндіруінше, "Мемлекеттік қызмет туралы" заңына сәйкес, әкімдіктің басқарма басшыларын, басқа да мемлекеттік қызметшілерді тағайындау процесі барлық кандидаттар үшін жағдайдың ашықтығы мен теңдігін қамтамасыз ететін конкурстық рәсімдер негізінде жүзеге асырылады.

Бұл тәсіл "шешім қабылдау кезінде субъективті факторлардың әсерін болғызбауға бағытталған" көрінеді.

"Бұл ретте "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурс өткізу қағидаларының 33-тармағына сәйкес, конкурс өткізу барысында сарапшыларды, оның ішінде Парламент пен мәслихаттардың депутаттарын шақыруға рұқсат етіледі. Олар әңгімелесуге қатысуға, кандидаттарға сұрақ қоюға, конкурс комиссиясының мүшелеріне кандидаттар туралы өз пікірлерін білдіруге құқылы. Осыған байланысты мәслихаттың салалық комиссияларында әкімдіктер басқармалары басшыларының кандидатураларын мақұлдау жөніндегі ұсынысқа біздің тарапымыздан қолдау көрсетілмейді!" – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы "Тағайындалған әкімнің сайланған депутаттарға үстемдігі демократия қағидаттарына қайшы" деген байламымен де келіспеді.

Оның айтуынша, мәслихат депутаттарын сайлау тәртібі ел Конституциясымен және "Сайлау туралы" конституциялық заңымен реттеледі.

Үкімет басшысы сайлауды өткізудің барлық аспектілері, соның ішінде кандидаттарды ұсыну, дауыс беру және нәтижелерді анықтау тәртібі заңнамада нақты бекітілгенін айтты.

Ол процедуралар аумақтық сайлау комиссиялары бақылайтын, заңмен белгіленген нормаларға, рәсімдерге қатаң сәйкестікте жүзеге асырылады,

"Мұның бәрі сайлау процесінің жергілікті әкімнің іс-әрекетіне тәуелсіз екенін көрсетеді. Аудандық деңгейде мәслихат депутаттарын толығымен жергілікті жердің аумағында тұратын азаматтар сайлайды. Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап облыстар мен мегаполистердің мәслихаттарының депутаттары пропорционалды-мажоритарлық модель негізінде сайланады. Яғни, елу пайызы партиялық тізіммен, қалған елу пайызы – бір мандатты округтер бойынша сайланады. Мұндай модель депутаттық корпустың толығымен партия мүшелерінен қалыптасуына жол бермейді және ұлттық деңгейде де, өңірлік деңгейде де сайлаушылардың мүдделерін жақсы ілгерілетеді", – деген пікірде Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу