Дертке шипалы Көбейтұз көлі құру алдында тұр

4863

Мамандар көлдегі тұзды дуналиелланың қасиетін айтты. 

Дертке шипалы Көбейтұз көлі құру алдында тұр

Кейінгі кездері әлеуметтік желілер "Қызғылт көл – розовое озеро" аталып кеткен Көбейтұздың тағдырына алаңдаған посттарға толды.

Биылғы көктемнен бері карантин жарияланып, қозғалысқа шектеу қойылуы, пандемия кесірінен шетелге саяхаттау мүмкіндігінің болмауы нәтижесінде қазақстандықтар бұрын елеусіз болып келген ішкі саяхат бағыттарына назар аудара бастады. Бұл бір жағынан елге пайдалы болуы мүмкін. Алайда Мәдениет және спорт министрлігінің, "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының және басқа да туризмге жауапты мемлекеттік құрылымдардың әрекетсіз қалуы кесірінен жұртшылықтың өлке тануы, туған жерді аралауы ұйымдасқан емес, жабайы сипат алды.

Археологиялық және өлке тану саяхаттарына маманданған "Активные туры KZ" ұйымы осы көлге қауіп төнгенін мәлімдеді.

"Қызғылт көл жойылып кеткелі тұр. Биыл Көбейтұз әсіресе, елорда тұрғындары арасында ең танымал бағытқа айналды. Осынау бірегей әрі көркем табиғи феномен ең болмаса бір көруге, тамашалауға, тамсануға лайық. Алайда өкінішке қарай одан айырылып қалайын деп тұрмыз. Себебі адамдар оның қайталанбас бейнесінің бір құрауышы саналатын тұзды күн сайын тасып әкетіп жатыр. Өтінеміз, көлдің тұзын алмаңыздар! Оның түбінен балшығын аламын деп шұңқыр қазып, қопаруды тоқтатыңыздар! Беті теп-тегіс, айдыны айнадай жарқыраған, суы тізеден ғана келетін, ал қызғылт түсі бұлттардың өзін сан-құбылтқан кіршіксіз таза көл енді шұрық тесік әрі лайлы батпаққа айналып барады", – деп дабыл қақты экскурсия мамандары.

Олар ғалымдардың әзірге ешқайсысы бұл көлде зерттеу жүргізбегенін, оның тұзы мен батпағының коронавирус және басқа да дерттерге шипа, денсаулыққа пайдалы екенін дәлелдемегенін еске салды. Ендеше "келушілердің оның тұзын қаптарға толтырып, батпағын құтыларға салып әкетіп жатуына еш негіз жоқ" дейді.

"Сіздер табиғи су қоймасының қайталанбас микрофлорасын бұзып жатырсыздар! Оны Жер ана жүздеген жылдар бойы жасады ғой. Тұздың осы түрінің жұқа қабаты қайта түзілуі үшін кем дегенде 15 жыл талап етіледі. Өтінеміз, тонаушы-вандал болмаңыздар! Біздің бәріміз осы қызғылт көлдің ұзақ жылдар бойы көз қуантып, көңіл сүйсінткенін, болашақ ұрпаққа қалғанын, туристер тартатын орынға айналуын қалаймыз. Ал оны бір жазда жойып жібергелі тұрмыз", – деп қынжылыс білдірді мамандар.

Олар көлдің маңында жергілікті билік қоқыс жәшіктерін орнатқанын жеткізді. Әйткенмен, қоқыс уақытында шығарып әкетілмегендіктен айналасы ыбырсып жатыр. Соның кесірінен адам тіршілігінің қалдықтары полиэтилен пакеттермен бірге сол маңдағы балық пен құстар мекендейтін өзге көлдерге түсіп, желмен бірге далаға ұшып, қоршаған ортаға зиян келтіруде. Әрі осы маңдағы әсем көріністен де сау-тамтық қалмайды. Сондықтан Көбейтұзға демалуға, суретке түсуге келушілер өз қоқыстарын өзімен бірге ала кетсе, жақсы болар еді.  

Әлеуметтік желілерде осы мәселеге орай өз пікірін білдірген адамдар Үкіметке, жергілікті әкімдікке Көбейтұзды істі дөңгелентіп әкете алар білікті, адал кәсіпкердің басқаруына беруді ұсынады.

"Кеңес кезінен қалған дәстүр: қараусыз жатқанның бәрін жымқырып әкетеді. Үйге тасып алса болды, ары қарай ол керек пе, керек емес пе, маңызды емес. Бұл жақтағы тұз тегін жатыр, сұғанақтар оған да жеткен", – дейді Серік есімді пайдаланушы.

"Халық алда ашаршылық келе жатыр дейтін шығар. Жейтін ештеңе болмай қалса, ең құрығанда тұзым бар дейтін болар", – деп әжуалайды Валентина Козлова.

"Көбейтұздың айналасына ескертпе жазулар қойып тастау керек. "Мұндағы тұз – радиоактивті" деп үрейлендіру керек. Бәлкім, сонда тоқтайтын шығар. Бұл суды қызғылт ететін бактериялар деп жатыр. Үйлеріңе бактерия тасымаңыздар", – деп ұсынады Света Приходько.

Экологтардың түсіндіруінше, шынында күн аптап ыстық болған кезде Көбейтұзда "тұзды дуналиелла" (Dunaliella salina) деп аталатын бір жасушалы балдыр көбейеді де, су түсі қызғылтқа боялып шыға келеді.

"Таңдантатыны сол, дуналиелла негізінен теңіздерге тән. Бұл көлдің емдік қасиеттері бар. Оны қазақтар ежелден білген. Көбейтұз маңында бұрындары киіз үйлер тігілетін болған. Тұтас ауылдар отырған. Тұзды дуналиелла антиоксидантты қасиеттерімен белгілі. Соның арқасында ол үлкен көлемде каротин бөледі. Ал каротин косметика және биологиялық белсенді қоспалар (БАД) өндірісінде кең пайдаланылады. Негізі, оның бойында β-каротин көп шоғырланғандықтан, күн шақырайып тұрған шақта балдыр күн сәулесін шағылыстырып, кері қайтарады. Бұл балдыр глицеролға да бай. Осыған орай оны коммерциялық мақсатта арнайы өсіреді", – дейді биолог Өркен Желдібаев.

Елорда тұрғыны Ерлан Төлеубаев азаматтардың тұзды үлкен көлемде әкетіп жатқанын растады. Жұрт тіпті 19 литрлік бутылдерге Көбейтұз суын толтырып тасуда екен. Күніне 500-ден аса адам барады.

"Көбейтұзда болдық. Өте әсем жер! Алтын іздеген сияқты әр жерде адамдар құжынап, әртүрлі құтыға тұз толтырып жатқанын байқадық. Біріне таяп, олай жасауға болмайтынын ескертсем, жер-жебіріме жеткені. "Кішкентай пакет әкетсем, несі кетеді?" деп қояды. Әркім дорбашалармен күні бойы таси берсе, ол жерде түк қалмайды. Көбейтұзға кіреберісте үлкен билборд орнатылған, оған билік көлден ештеңе алуға болмайтынын, оның табиғаты тек 15 жылда ғана қалпына келе алатынын жазып қойыпты. Оны ескеріп жатқан жан жоқ. Бурабай, Баянауыл, Зеренді, Сілеті, Шарын – бәрі-бәрі былғанып, бояумен сөз жазылып, пластик пакетке бөгіп жатыр. Ендігі кезек Көбейтұзға келген сияқты. Айтарға сөз жоқ. Нағыз бір оңдағандық!" – дейді Ерлан.

Көбейтұзға апарар жөнді жол да, нұсқағыш та жоқ. Бірақ бұл ешкімді тоқтатпайды. Интернетте адамдар жазып қалдырған жолкөрсеткіштер, тіпті қолмен жасалған карталар жетерлік. Адамдар соған сүйенеді. Кейбір блогерлер Ерейментау қаласына жақын орналасқан, күн ыстықта қызғылт түске боялатын осы көлге барып, көз тоймас ғажайып пейзаж аясында суретке түсуді, тұмса табиғаттан ләззат алуды насихаттай бастады. Нәтижесінде, Ресейден, Қытайдан туристер былтыр өздері үшін жаңа бағытты ашты. Коронавирус пандемиясы бұл саяхаттың биыл қазақстандықтар арасында кең ауқым алуына түрткі болды.

Оның үстіне көл елордадан небары екі сағаттық жерде, 180 шақырым қашықтықта ғана орналасқан.

Ерейментау ауданының әкімдігі мен мәслихаты Көбейтұзға қатысты арнайы қаулы шығарыпты. Оған сәйкес, көлдің тұзы мен батпағын алуға рұқсат етілмейді. Десек те, мұндай шешімдердің орындалуын бақылайтын экологиялық полиция жоқ. Құзырлы органдар тек ірі техникамен өнеркәсіптік көлемде қазбауына ғана жауап беретін көрінеді. 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу