Дінбасыларды қудалау деградация нышаны

2584

Америкалық жетекші басылым Украинаның агрессор басып алған аумақтарындағы діндарлардың ауыр жағдайын, азапталып жатқанын әшкереледі.

Дінбасыларды қудалау деградация нышаны

Әлемде әскери соғыс сыртында рухани майдан да өрістеуде.

The Wall Street Journal украиналық дінбасылар ресейлік басқыншылардың зорлық-зомбылық жасап, қуғын-сүргінге салып жатқанына шағымданатынын хабарлады.

"Херсондағы преподобный Сергей Чудиновичтің храмына баса-көктей кірген ресейлік әскерилер оның басына қап кигізіп, милиция бөліміне алып кетті. Сонда оған бас тартуға болмайтын ұсыныс жасалды. Ал Чудинович бас тартқан. Оның айтуынша, оккупанттар оның қолын байлап, жертөлеге қамаған, екі күн бойы азаптаған. Украинаның Ресей басып алған өңірлерінде діни өкілдер нысанаға айналды. Шіркеу шенділерінің айтуынша, соғыс басталғалы Украина православ шіркеуінің ондаған священниктері ұрланды немесе өлтірілген. Украинадағы басқа конфессиялардың пасторлары кафедраларынан, ғибадатханаларынан қуылды, көбісі түрмеге қамалды. Біразынан дүние-мүлкі тартып алынды", – деп жазады Уолл-Стрит Джорнэл.

Басылым сарапшыларының түсіндіруінше, басқыншылар жергілікті тұрғындардың бәріне, соның ішінде әсіресе, діни адамдарға күдікпен қарайды. Олар украиналық әскерлерге көмектесіп, жасырын ақпарат тасиды деп қорқады. Ресейліктер тұрғындардың наразылық шараларын ұйымдастырдыңдар деп жергілікті діни қызметкерлерді айыптаған. Оларға "Американың агентісіңдер", "тыңшысыңдар" деп негізсіз айыптаған.

Айтқандай, кезінде қазақ елін отарлаған қызылдар да молдаларымызды "Жапонның тыңшысысыңдар" деп жала жуып, жазықсыз атып, асқаны мәлім.

Сарапшылардың байламынша, Мәскеу дінбасылардың жергілікті жұртшылыққа ықпалынан қауіптенеді. Бұл оның отарланған аумақтарда өз билігін нығайтуына кедергі болуы мүмкін. Сондықтан сарапшылар өз жағына шықпаған діни қызметкерлерді басқыншылар қырып салуы мүмкін деп алаңдайды.  

"Олар келе сала, жергілікті бұқараға сөзі өтімді, сыйлы, беделді адамдарды іздей бастады. Өйткені дәл осы тұлғалар жергілікті қарсыласудың, бас көтерудің жетекшілеріне айналады деп үрейленді. Украиналық шіркеулердің діни қызметкерлері өкінішке қарай, алдымен нысанаға ілікті", – дейді Украина православ шіркеуінің ресми өкілі архиепископ Евстратий Черниговский.  

Мұндай жағдайда Орыс православ шіркеуі (РПЦ) алауыздығын ұмытып, бауырларына араша түсіп, ең құрығанда діни қызметкерлерге тиіспеуді талап еткен үндеумен қайырылуға тиіс еді.

Алайда ресейлік ТАСС агенттігінің хабарлауынша, РПЦ "арнайы әскери операцияны" қолдаған: оның ұстанымынша, "не позволительно убивать, но убивать врагов на брани и законно, и похвалы достойно". Жасыратыны жоқ, Украина православ шіркеуі де Отан қорғаушылардың жауға қарсы жанқиярлық соғысын қолдады.

"Ресей дінді әскери операциясының орталық тірегіне айналдырды. Орыс православ шіркеуінің басшысы Патриарх Кирилл соғысты Құдайға адалдар мен декаденттік Батыс арасындағы метафизикалық қақтығыс деп атады. Ол РФ Президенті Владимир Путинмен бірлесіп, 2019 жылы Украинаның тәуелсіз православ шіркеуінің құрылуын сынады және оны батыстың екі елді ажыратуға бағытталған зұлым ісіне теңеді. Жаңа шіркеу танымалдылық жөнінен Украинада Орыс православ шіркеуінің украиналық тармағын тез басып озды", – деп мәлім етті The Wall Street Journal.   

Архиепископ Евстратий православ дінбасылары соғыстың алғашқы күндерінен бастап өлтіріліп жатқанын хабарлапты. Мысалы, Киевтің іргесіндегі Буча қалашығында басқыншылар өзге тұрғындармен бірге жергілікті священникті атып тастаған. Киевтің солтүстігіндегі Иванков қалашығында оккупанттар православиеде қабылданған кең жеңді ұзын киімді – ресми "рясаны" киген священникті блокпостта жұрттың көзінше атып тастапты. Яғни, олар оның діни қызметкер екенін білген. Оның мүрдесі сол жерде бірнеше күн бойы жатқан көрінеді.  

Киевтің шығысындағы Богдановкада ресейлік әскерилер Ауған соғысының ардагері, преподобный Антоний Пясецкийді тағы бір священникпен бірге тұтқындап, тыр жалаңаш шешіндіріп, ресейлік базаға дейін екі сағат бойы жаяу айдаған. Соңынан екеуін де ұзақ соққыға жыққан. Пясецкий тістерінен айырылыпты, ал басқа діндардың шала-жансар етіп қатты сабалғаны сонша, алғашында А.Пясецкий оның кім екенін тани алмапты.

Украинаның 5 айдан бері оккупацияланған Мелитополь қаласына ресейлік әскерлер келгенде, олар бірден жергілікті баптист шіркеуін қудалауға кіріседі.

"Солдаттар шіркеуге еніп, терезелерді шақты, бізді тергеуге алды. Олар айтты: "Сендер америкалық сектасыңдар. Украинада табынушыларыңды тәрбиелеп жатырсыңдар. Сендердей секталарға Ресейде орын жоқ". Содан соң олар шіркеуде "Ресей, Ресей" деп ұрандап, хор айтуды, Украинаны жамандап үндеу жазуды және жергілікті іскер адамдардың тізімін жасауды жүктеді", – деп еске алады Пятидесятнический баптист шіркеуінің пасторы Виктор Сергеев,

Ертесіне ол ешқандай үндеу жазбай-ақ, отбасын алып, Украинаның азат қаласына қашып кеткен. Ал шіркеудің мүлкі әскерилердің қолына көшкен.  Халықаралық ақпарат құралдары Украинаның дұшпан қолында қалған аумақтарынан діни қызметкерлер жаппай қашып, босқынға айналғанын қынжыла хабарлауда.

Сонымен бірге Ресей әскери священниктерді оқытып, соғысқа жұмылдыруда. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, мысалы әскери діндарлар Украинаның Харьков облысының РФ қолына көшкен аумақтарына аттанған. Олар соғысып жатқан РФ Батыс әскери округі бөлімшелерінің қатарына қосылыпты. Сондай-ақ оларға арналған арнайы әскери форма да әзірленіп, жұртшылыққа паш етілді.  

Жалпы соғыс аясында діни сала да ушығып барады. Осы орайда Ұлыбритания, Канада патриарх Кирилға қарсы санкция енгізді.

Қазақстан тура бір айдан соң, 14-15 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті VII съезін өткізбек. Егер съез жаһанға құлаш ұрмай-ақ, ең құрығанда ТМД аумағындағы екіге жарылған православ өкілдерін табыстырып, бір үстел басына отырғыза алса, соның өзі жетістік болар ма еді?

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу