Діңкені құртатын жұмыс ұлт саулығынан дым қалдырмайтын түрі бар

2416

Биліктің айтатыны: "жұмыс жетеді, жұмысшы жоқ!" 

Діңкені құртатын жұмыс ұлт саулығынан дым қалдырмайтын түрі бар

Әлемдегі озық дамыған, тіпті кейбір кенжелеп қалған елдерде жұмыссыздар жәрдемақысы төленеді. Әрине, саусағының ұшын да қимылдатқысы келмейтін кер жалқауларды қолдаудың қажеті жоқ. Бірақ адал еңбек еткен, өмірлік қиын жағдайға тап болып, жұмыссыз қалған азаматтарды қолдау маңызды. Бұл еңбекке қабілетті   азаматтардың рухының түспеуіне, өмірден түңілмеуіне, денсаулығы құрып, ашықпауына оң ықпал етеді. Мұндай жағдайда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы оның тіршілігін жалғастыруға қажетті жалғыз табыс көзіне айналуы мүмкін, деп жазады Inbusiness.kz.

Мысырда бар, бізде жоқ

Дүниежүзіндегі елдер өмір сүру деңгейіне, әл-ауқатына қарай осындай жәрдемақыны бір жылдан бірнеше жылға дейін ай сайын төлейді. Бұл тұрғыда Дания көшбасшы саналады, онда осы жәрдемақының ең төменгі көлемі 1 800 еуроны құрайды. Норвегияда – 1 502 еуро, Бельгияда – 995 (ең жоғарғысы – 3500) еуро, Германия – 919 еуро, Францияда – 843 еуро, АҚШ-та – 648 (ең жоғарғы межесі 2 730) доллар, Египетте – шамамен 80 доллар.

Бұрынғы Кеңес одағы елдері арасында Латвияда ең төменгісі – 180 еуро, Молдовада ең төменгісі – 630 лей немесе 33 еуро (жоғарғысы 2100 лей), Украинада ең төменгісі – 544 гривна (17 еуро), Ресейде –орта есеппен 8 000 рубль (100 еуро).

Қазақстанда жұмыссыздарға төленетін жәрдемақы жойылған. Оның орнына жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемақы енгізілді. Бірақ бұл азаматтардың барлығына бірдей берілмейді: тек бұған дейін жұмыс берушісі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысып, ресми түрде МӘСҚ-қа (Міндетті әлеуметті сақтандыру қорына) әлеуметтік аударым аударып келсе ғана беріледі. Бұған фрилансерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, келісімшартсыз істейтіндер, жалақысын конвертпен алатындар және басқа да қаптаған санаттар кірмейді. Оның өзінде бұл әлеуметтік төлемақы 1-ден 6 айға дейін ғана төленеді. Сомасы да көп емес: алған қазақстандықтар 26-45 мың аралығында ғана екенін айтады.

Бірақ жұмыссыз азаматтар бәрібір Жұмыспен қамту орталықтарына тіркелуге ұмтылады. Өйткені жәрдемақы бермегенімен, екі қолға бір күрек табуға көмектесуі мүмкін. Бұған қоса, жұмыссыз ретінде тіркелсе, ол үшін медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді.

Шенеуніктердің көзбояу тірлігі: "Жұмыс орны көп, кадр тапшы"

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-ы Қазақстанда жұмыс іздеушілерге қарағанда жұмыс ұсынушылар көп деген жаңалық ашып, жар салуда. Ол өзі құрып алған enbek.kz электрондық еңбек биржасындағы (ЭЕБ) вакансиялар мен резюмелерді жай ғана салыстыра салу нәтижесінде осындай байламға келіпті.

Сонымен, е-биржа порталында 81,7 мың бос жұмыс орны және 47,9 мың резюме орналастырылған екен.

"Электрондық биржада шілде айында жұмыс орындарының саны резюмелерден 1,7 есе асып түсті. Түркістан, Ақмола, Атырау облыстары мен Шымкент қаласында кадр тапшылығының артқаны байқалады. Жалпы, шілде айында бос орындар мен жұмыс іздеушілер арасындағы алшақтық сақталды, ал орналастырылған резюмелер ЭЕБ-дағы сұраныстың тек 59%-ын ғана қамтыды", – дейді ЕРДО.

Бір қарағанда, нарықта ұсынылатын жұмыс орындары көп, ал жұмыс іздегендер аз сияқты көрінеді. Шынында олай емес. Қазақстандықтар порталда орналастырылған вакансияларға хабарласса, олардың көбісі өзекті болмай шығатынын, адам алып қойғанын айтады. Шәпкенов министрлігінің осы орталығы е-биржадағы өзектілігін жойған хабарландыруларды алып тастамайды. Олар жалпы статистиканы қоптыртып, көркейтіп, тұра береді. Дұрысы, ондаған мың "бос жұмыс орны" туралы хабарландырулардың орны – қоқыс жәшігінде.

"Біліктілігі жоқ еңбекке байланысты кәсіптер арасында бос жұмыс орындарының өсуі – тауарларды жинақтаушы, базардағы сатушы және буып-түюшілерге тиесілі. Біліктілікті қажет етпейтін еңбекке сұраныс өткен кезеңдердегідей өзгеріссіз қалды: жүк түсірушілердің, қара жұмысшылардың, ас үй жұмысшылары мен аула сыпырушылардың жетіспеушілігі байқалады", – дейді "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-ы.

Яғни, еңбек ведомствосы осы арқылы "жұмыс қажет болса, ондаған мыңын ұсынып отырмыз, тіпті жоғарғы білімің және игерген мамандығың болмаса да, жұмыс бар" деп отыр.

Статистика артында адам тағдыры тұр

Еңбек ведомствосының "жүк түсірушілер, қара жұмысшылар тапшы" дегені жұмыс іздегендерді сөгу, айыптау секілді естіледі. Бірақ жылы да жайлы кабинеттерде отырған Шәпкеновтың командасындағы қыздар мен жігіттер өмірінде мұндай шаруа жасап көрмеген. Жасаса, бұлай айтуға ұялар еді.

Мағжан Алтынбай биылғы ақпан айында жұмыссыз ретінде тіркеуге тұру үшін Жұмыспен қамту орталығына жүгінеді.

"Алайда орталық мені ақпан айынан бастап жұмыссыз ретінде тіркемеген болып шықты. "Бизнес Бастау" жобасына қатыспағанымда, оны да білмейді екенмін. 13 мамырда мәнісін сұрап жүгінгенімде, Жұмыспен қамту орталығындағы қыз: "статистика көтеріліп кетпес үшін біз базаға адамдарды тіркемеуге тырысамыз" деп ашығын айтты. Әртүрлі кедергіге кездесіп, сергелдеңге түсіп, жұмыссыз ретінде тіркеле алмай жүрген адамдар қаншама!", – дейді ол.

М.Алтынбайдың "жолы болыпты". 27 мамыр күні орталықтан  қоңырау шалып, 2 жұмыс түрін ұсынады. Біріншісі – "Қарамандыбаста" тас жинаушы мамандығы.

"Ол жерде 3 жұмысшы жұмыс жасадық. Ауыр тастарды қолмен жинаймыз. Бір тастың салмағы – 20–30 келі! Үш "Камаз" күніне әрқайсысы 3 рейс жасайды. Бір "Камазға" шамамен 720-ға дейін тас жүктейміз. Осылайша, күніне 9 "Камазға" тас тиейміз. Осы 9 машинаның әрқайсысына 720 бірлік таспен толтыратынымызды, әр тастың орташа салмағы 25 келіден болатынын ескерсек, күніне 3 адам 162 мың келі тас көтереді екен. Бір адам күніне 54 тонна тас жүктейді. Мұндай жұмыс кімді де болса, діңкелетіп құртады. Белден бел қоймайды. Белім ауырып, амалсыз, жұмыстан шықтым. Оның үстіне "Қарамандыбас" кен орны үйімнен 45 шақырым қашық жатыр. Оған қатынау қиындау, ал ол жерде адам тұруға да дұрыс жағдай жасалмаған", – дейді М.Алтынбай.

Ол енді орталық ұсынған екінші бос орынға – күзетші болуға келіседі.

"Күзетшінің айлығы 65–70 мың тенгені құрайды. Бұл қаражат отбасымды асырауға, балалардың күтіміне жетпейді. Әкем қант диабетімен және қан қысымымен диспансерлік есепте тұр, ол кісінің дәрілерінің өзіне бір айда 30 мың теңгеден асады. Балаларға 25 мың теңгедей кетеді. Электр, су және басқа коммуналдық қызметтерге, түрлі салықтарға қалған ақша жұмсалады. Тығырыққа тірелгендіктен, тамаққа қаржы болуы үшін кредит рәсімдедім", – дейді Мағжан Алтынбай.

Мұндай мысалдар көп. Сергелдеңге шыдай алмай, өмірден орын таппай, өзіне өзі қол салғандар да жоқ емес.

Дамыған елдер адам төзбес жұмыс түрлерін автоматтандырды. Өйткені олар үшін ең алдымен азаматтардың денсаулығы бірінші орында. Ал Қазақстандағы шенеуніктер үшін жұмысшы тұрақтамайтын мұндай "вакансиялар әлгіндей статистиканы жақсартып, көркем есеп тапсыру үшін қажет болса керек. Ал ол жұмыстарда істеген адамдар мүгедек, сырқат болып қалса, Үкіметтен қамқорлық күту қиын.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу