Өйткені олардың пікірінше, біздің заманымызда кандидаттың жеке қасиеттері, мысалы, еңбекқорлығы мен жетістікке жетуге деген құштарлығы оның дипломынан маңызды.
Грузия тарихында тұңғыш рет халықтың тікелей дауыс беруінсіз, жанама сайлау жолымен президент сайланды. Баламасыз өткен сайлау нәтижесінде тіпті жоғарғы білімі де жоқ, бұрынғы футболшы Михаил Кавелашвили Грузия президентіне айналды.
Бұл оқиғаның саяси астары бар екені белгілі. Оның үстіне Грузияда ел президенті – тек қана символдық мәні бар лауазым болып қалды. Сондықтан халықаралық сарапшылардың пікірінше, Кавелашвилиден елге шын мәнінде билік ететін "Грузин арманы" партиясына және оның лидері, олигарх Бидзина (Борис) Иванишвилиге еш қарсылық көрсетпей, тып-тыныш жүру ғана талап етілетін болса керек.
Дегенмен, университет бітірмеген адам алғаш рет Президент болып, айына 13 мың лариге (ҚР Ұлттық банкінің ресми бағамы бойынша 2 444 000 теңгеге) дейін жалақы алатын болды.
Жалпы, кейінгі жылдары жұмыс берушілер бос жұмыс орнынан үміткерлердің жоғары білімінің бар-жоқтығына көп назар аудармайтын болып барады. Оны аз десеңіз, кейбір лауазымдарда жоғары білімсіз адамдар университет пен колледж бітірген, қолақпандай дипломы бар әріптестерінен әлдеқайда көп табыс табатынды шығарды.
Америкалық Forbes дипломсыз адамдардың дипломды қызметкерлерден асып түсетін жалақы алатын жұмыстарды атады.
"Белгілі болғанындай, АҚШ-та жоғары білімі жоқ әрбір бесінші қызметкер жылына 70 мың доллар жалақы алатын жоғарғы оқу орнының түлектерінен көп табыс табады. Американың студенттік қауымдастығының (ASA) және Burning Glass институтының таяудағы зерттеуінде жазылғандай, тіпті колледж бітірмеген 2 миллионнан астам жұмысшы жүз мың доллардан көп айлық алады", – деп хабарлады басылым.
ASA мен Burning Glass эксперттері ғұмырында жоғары білімге қолы жетпеген қызметкерлердің жетістікке жеткен бірнеше саласын атап көрсетті. Олар негізінен лифт пен эскалатор монтаждаушылар, жел турбиналарының техниктері, электр станцияларының операторлары сияқты техникалық кәсіптер болып келеді.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл қызметтерге дипломсыз адамдар алынуы мүмкін, бірақ олардан мамандандырылған курстардан өтуі және сертификатталуы бәрібір талап етіледі. Алайда бірнеше жылға созылатын дәстүрлі оқу бағдарламалары бар университет, колледждерді бітіргенге қарағанда курсты аяқтау әлдеқайда арзанға түседі және экономикалық тиімділігі жоғары.
Зерттеуде айтылғандай, Америкада мысалы, лифт монтаждаушылар орта есеппен жылына шамамен 102 420 доллар жалақы алады.
Бірақ жоғары білімсіздер тек "көк жағалы", яғни жұмысшы мамандықтарымен шектелмейді. Оларға "ақ жағалы" болып, кеңседе отыру, "шаңсыз жұмыс" істеу мүмкіндігі де артып келеді. Мысалы, техногиганттар біліктілігі, тәжірибесі зор болса, мұндай кандидаттарды қуана-қуана жоғары жалақылы жұмысқа алады. Оларға жоғары білім алмай-ақ, мансап сатысымен жоғарылауға жол ашады.
ASA мен Burning Glass эксперттері осының бәрі дамыған елдерде тосын құбылысқа серпін бергеніне назар аудартады: жастар мектеп бітіре сала, жоғары білім алуға асықпайды. Оның орнына азаматтар еңбек нарығына тез шығу үшін мысалы, оқыту лагерлерінде оқудан өтуді жиі таңдай бастапты. Мұндай лагерлер өздері оқытып-даярлап, соңынан өздері сертификаттайды. Яғни, "бір терезе" қағидатымен жұмыс істейді.
Америкалық басылым жоғары білімсіз жұмысшыларға сондай-ақ қауіпті, зиянды салаларда жоғары жалақы төлейтінін қосты. Мәселен, Вашингтон штатында су астында қондырғы орнатумен, жөндеумен немесе су астындағы энергетика жабдықтарына қызмет көрсетумен айналысатын коммерциялық сүңгуірлер орта есеппен жылына 132 мың доллар табады.
Сонымен қатар мұнай-газ кен орындарының жұмысшылары, түрлі жөндеу жөніндегі мамандар да жоғары жалақыға ие. Бұл кәсіптерде жоғары білім талап етілмейді. Ең бастысы, физикалық төзімділік танытуы және техникалық машық-дағдыларын паш етуі міндет.
Бұдан бөлек, ECMS есебінде де қазіргі уақытта кандидаттардан жоғарғы білімін сұрамайтын ірі компаниялардың саны артып келе жатқаны айтылған. Олардың қатарына Google, Tesla, Bank of America, Accenture және басқа да алпауыттар қосылды.
Indeed жоғары білімсіз жұмыскерлер жылына 100 000 доллардан (Ұлттық банк бағамына сәйкес, 523 миллион теңгеден) көп жалақы ала алатын 9 вакансияны ұсынды. Оның арасында өнім бойынша менеджер, клиенттерді тарту жөніндегі аға менеджер, жылжымайтын мүлік жөніндегі аға менеджер бар.
Компания эксперттері жұмыс берушілер үшін енді кандидаттың клиенттермен ортақ тіл табыса білуі, адамдарды үйіріп әкетер шешендігі сияқты тұлғааралық қарым-қатынас дағдылары дипломнан құнды деп санайды.
"Қазіргі заманда төртжылдық оқу қорытындысында диплом алу – мансаптық өсу жолында бұрынғыдай жоғары бағаланбайтын болды. Көптеген адам түрлі себептермен, мысалы, өмірлік оқиғаларға, әскери қызметін өткеруіне және басқасына байланысты дәстүрлі білім алу жолымен жүрмейтін болды. Білікті кадрға зәру компаниялар олардың арасынан шыққан майталман мамандарды тарту үшін талаптарын жұмсартты. Олар жоғарғы білімге қарағанда практикада қажет болатын тәжірибені көбірек бағалайтын болды", – дейді экономикалық шолушы Эми Хайн.
Оның мәліметінше, мысалы, ақпараттық жүйелер менеджерлерінің үлкен бөлігінің бакалавр дәрежесі де жоқ. Соған қарамастан, жұмыс берушілер оларға жоғары жалақы төлейді, ақпараттық жүйелерді бақылап, компанияға ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектті ендіруді сеніп тапсырады.
Мұндай адамдар сондай-ақ жаңа өнімдерді, ІТ-жүйелерді әзірлеп, енгізетін айти-командалардың құрамында да жетерлік.
Эми Хайн жүз мың доллардай жалақы төлейтін, бірақ жоғарғы білім талап етілмейтін басты вакансияларды атады. Бұлар:
- ақпараттық жүйелердің менеджерлері (жалақысы жылына 93–100 мың доллардай),
- Өрттен қорғау қызметінің бастығы (105 377 доллар),
- Өнім жөніндегі менеджер (компанияның түрлі өнімдерін әзірлеу ісін қадағалайды, 105 434 доллар),
- Клиенттермен жұмыс жөніндегі аға менеджер (97 921 доллардан жоғары),
- Радиотерапевт (85 921 доллардан көп),
- Компьютерлік желілердің архитекторы (129 566 доллар),
- Жылжымайтын мүлік жөніндегі аға менеджер (133 871 доллар),
- Бағдарламаның техникалық менеджері (133 848 доллар),
- Төл жүк көлігі бар жүргізуші-оператор (жүк тасымалы бизнесімен айналысады, АҚШ бойынша орташа жалақысы – 210 396 доллар).
Boston Consulting Group дерегінше, Америкадағы жұмыс орындарының 80%-ы кеңседен тыс жұмысты қарастырады. Бұрын жұмысшы мамандықтары төмен жалақылы болып келсе, бүгінде жұмыс берушілер оны көтеруге мәжбүр.
Өйткені Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда дүниеге келген аға буын – "беби-бумерлерді" және олардың қатаң тәрбиесімен өсіп-жетілген көнбіс "X буын" мен тілалғыш "Y буынды" жаңа, өзімшіл, қиқар "Z буыны" ауыстырып жатыр. Одан кейін "Альфалар" келеді.
Тек бастық болуды, тез баюды қалайтын, NEET-жастары көп бұл буындардың өкілдері өз еркіндігін, өмірден алатын ләззатын және жанға жайлылықты басты орынға қояды. Салдарынан, ауыр жұмыстарға қызыға бермейді.
Бұл бүкіл әлемде жұмысшы мамандықтарда кадр тапшылығын туғызды. Өйткені роботтар және автоматизация бәрін бірдей алмастырып үлгермеуде.
Сондықтан Indeed сарапшыларының түсіндіруінше, ересек, тіпті егде тартқан студенттерге арналған оқу бағдарламалары мен курстарының саны ұлғайды. Бұл "Зед-буынға" дейінгі ұрпақтардың мамандығын өзгерткісі келетін, бірақ оқып жүріп, табыс табуын жалғастыруды қалайтын өкілдеріне осы тілек-арманын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.