Қазір бүкіл Еуропа дизельдік көліктерге тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл бастаманы бірінші болып жүзеге асыруға кіріскен мемлекет – Германия. Бейсенбі күні Гамбургте осындай машиналардың көнерген үлгілері орталық көшелерге кіру құқығынан мүлде айрылды.
"Жергілікті әкімшіліктер олардың біршама ескірген түрлеріне тыйым салуға құқылы деген" шешімді Федералдық сот ақпан айында қабылдалы. Ол ережеге сәйкес, мұндай автомобильдер әзірге кейбір басты магистралдарға ғана кіре алмайды. Сондықтан, сот үкімі Гамбург тұрғындары мен экологтардың сынына ұшырап отыр.
Өз заманында дизельдік қозғалтқышты Германия ойлап тапты. Соған қарамастан, мұндай отынға неміс қоғамында қарсылық күшейіп келеді. Оған Volkswagen төңірегіндегі халықаралық дау себепші. Естеріңізде болса, бұл компания өзінің дизельдік автомобильдерінен тарайтын улы түтіннің мөлшерін төмендетіп көрсеткені үшін жауапқа тартылған болатын. Еуропалық көршілеріне қарағанда, Германия дизельдік көліктерді шектеуге аса құлық танытқан жоқ. Сонымен қатар, немістің алпауыт автоконцерндері де дизельді сақтап қалу жолында ондаған жылдар бойы күрес жүргізді.
"Біздің ойымызша, дизельдік көліктерге тыйым салу шаралары Германиямен шектеліп қалмайды. Көптеген қалалар ауаның ластану проблемасына душар болып отыр. Сондықтан, олар да осындай қадамға баруға мәжбүр болады", – дейді ClientEarth компаниясының заңгері Уго Таддей "Нью-Йорк Таймс" газетіне берген сұхбатында.
Германияның оңтүстігіндегі Штутгарт, солтүстігіндегі Киль қалалары да қазір атмосфераның ластануымен күрес мақсатында дизельдік шектеулерді ойластырып жатыр. Ал Гамбургтегі тәжірибені Мюнхен, Кельн, Дюссельдорф жіті бақылап отыр.
Немістер дизельді ғасырдан астам уақыт бойы мақтан тұтып келді. Өйткені, ол бензиндік моторға қарағанда, көмірқышқылы газын аз таратып, климаттың өзгеруімен күреске үлес қосып жүр деп есептеледі. Және де бұл отынды 1892 жылы бавариялық инженер Рудольф Дизель ойлап тауып, өз атына патенттегені мәлім. Дегенмен, дизельдің осы беделіне 2015 жылы Volkswagen төңірегінде туындаған "дизельгейт" жанжалы орасан нұқсан келтірді.
Бос сөз
Немістің алыбы – Volkswagen сол кезде әлемде миллиондаған автомобиліне "тойтарыс беруші құрылғы" орнатқан. Ол бағдарламаның мақсаты – тексерушілерге көліктің экологиялық талаптарға сай екенін көрсету. Бірақ, кейін бұл машиналардың респираторлық және жүрек ауруларына шалдықтыратын азот қышқылы мен өзге де зиянды заттарды заңда көрсетілген нормадан артық тарататыны әшкере болды. Осы жанжалға байланысты, 2015 жылы 47,7 пайызға жеткен дизельдік автомобильдер саудасының үлесі былтыр 38,7 пайызға дейін төмендеп кетті.
Дегенмен, канцлер Ангела Меркельдің федералдық үкіметі мұндай мәселеге келгенде, автомобиль өнеркәсібінің жиі "сөзін сөйлейді". Мәселен, ол дизельдік отынға тыйым салу идеясын қолдамады. Сонымен қатар, Меркель көліктің ауаны азырақ ластайтынын білдіретін "көк белгіні" автомобиль әйнегіне жабыстыру бастамасын да жөн деп таппады.
"Гамбургте қолға алынған шаралар саяси басшылықтың бос сөзіне ұқсайды. Өз басым мұның шын мәнінде бірдеңеге әсер ететініне сенбеймін", – дейді велосипед дүкенінің қызметкері Феликс Фишер "Франс пресс" агенттігіне берген сұқбатында.
Даулы мәселе
Бірқатар ақпарат құралдары Меркельді кейде "автоканцлер" немесе автомобиль өнеркәсібінің канцлері деп атайды. Өйткені, Германия экономикасының осынау маңызды секторына оның қамқорлығы ерекше.
Мюнхендегі Ifo экономикалық институтының зерттеуіне жүгінсек, дизельдік моторлар жасау саласында шамамен 600 мыңдай адам жұмыс істеп жатыр. Сондықтан, Меркельдің коалициялық үкіметтегі солшыл серіктестері канцлердің консервативтік партиясы дизельдік технологияны әрі қарай да сақтауға мүдделі деп алаңдап отыр. Бірақ, дизельдік сектор электр жүйесіне жаппай көшетін болса, мыңдаған адам жұмыстан айрылуы мүмкін.
"Дизель – Германияның баласы, оның өлгенін қаламас едік", – дейді Автомобиль менеджменті орталығының өкілі Стефан Братзель.
Bosch автокомпонент жасап, сатудан әлемде алдыңғы қатарда тұр. Ол биыл сәуірде дизельдік отынның атмосфераға зиянын күрт төмендететін әдіс ойлап тапқанын және сол құрылғы дизельдік технология дәуірінің өткені туралы пікірталастарға біржолата нүкте қоятынын мәлімдеді. Ал, Автомобильдік зерттеулер орталығының маманы Фердинанд Дуденхоффердің ойынша, үкімет пен бизнес жаңа тәсілдерден тартыншақтай беретін болса, Германияның автомобиль өнеркәсібінің тамырына бала шабылуы мүмкін. Сонымен қатар, оның сөзінше, немістер неғұрлым ұзақ күтсе, олар үшін электрге көшу соғұрлым қиынға соқпақ.
Арыстан Рысбек