Ғалам үшін 2 градус та қауіпті

4126

Британ ғалымдары ауа температурасының қазіргі межемен де планетаға үлкен қатер төндіретінін анықтады.

Ғалам үшін 2 градус та қауіпті

Ғаламдық климаттың жылынуы нормадан 2 градусқа асып кетсе, соның өзі планета үшін орасан қауіп. Бұл туралы ғылыми қорытындыны ондаған ғалым дүйсенбі, сәуірдің 2-сі күні жариялады. Зерттеушілер арасында осыған дейін жер шарындағы температураның тиісті деңгейден 2 градустан артық көтерілуіне жол берілмесе, үлкен апаттардың алдын алуға болады деген пікір қалыптасқан. Бірақ, Британияның Бристоль университеті жариялаған соңғы баяндамаға жүгінсек, 2 градустың өзінде мұздықтар еріп, теңіздердің суы арнасынан асып, адамдар үдере көшіп, жан басына шаққандағы табыс төмендеп, азық-түлік пен ауыз су тапшылығы күшейіп, жануарлар жылдам қырыла бастайды. Мұндай климаттық өзгеріс, әсіресе, Азияның, Африканың, Латын Америкасының кедей және дамушы елдеріне ауыр соққы болып тимек.

"Біз бүгінде климат 2С-қа артық жылыса, үлкен өзгеріске ұшырайтынын байқадық. Соған жол бермеу үшін шара қолданылуы керек", – дейді Бристоль университетінің профессоры Дэнн Митчель "Франс пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

2017 жылы дүниежүзінің 197 мемлекеті Парижде климаттық келісімге қол қойғаны белгілі. Оған сәйкес, ғаламдық температураның жылынуы 19-шы ғасырдағы деңгейден 2 градусқа аспауы керек. Шама келіп жатса, оны тіпті 1 жарым градусқа дейін түсіру де көзделіп отыр. Ал, биылғы жылғы 29 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерреш климаттың жылынуы "адамзатқа төнген өте жүйелі қауіп" екенін ескертті.

Планеталық температура 1 градусқа жоғарылғанның өзінде дүние жұрты қуаңшылықтарға, аптап ыстыққа, теңіздерде көтерілген толқындардың алапат соққыларына талай куә болды.

Ғалымдардың пікірінше, Париж келісіміне қол қойған мемлекеттер атмосфераға улы қалдықтарды таратуды шектеу туралы уәделерінде тұратын болса, климаттың мөлшерден тыс жылынуын ең болмағанда келешекте 3 градус дәрежесінде ұстап тұруға мүмкіндік бар.

Париж келісімінің тағы бір талабы бойынша, адамзат атмосфераға көмірқышқыл газын ормандар мен мұхиттар оны қабылдай алатын мөлшерден асыра таратпауы керек. Митчельдің пікірінше, "осы межеден көріну – жер тұрғындары үшін өте маңызды мақсатқа айналуы керек".

Жаңа зерттеудің қорытындылары келесідей негіздемелермен түзілген.

Экономикалық өсім
Оксфорд универститетінің экономисті Феликс Претис бастаған ғалымдардың болжамынша, ғаламдық жылыну 2 градусқа жеткенде, 2100 жылға дейін жан басына шаққандағы табыс орта есеппен 13 пайызға азаюы мүмкін. Оның тағы бір сөзіне қарағанда, 2 градус әлемнің экономикалық даму қарқынына болашақта айтарлықтай жағымсыз ықпал етеді. Ал, климаттың мөлшерден тыс жылынуы 1 жарым градустан аспайтын болса, өндірістің өсімі жайлы болжамдар қазіргі көрсеткіштерден соншалықты өзгере қоймайды.

Көтерілген теңіздер
Ғаламдық температура нормадан 2 градусқа артық жылынса, 21-ші ғасырда мұхиттардың деңгейі жарты метрге, 2300 жылы бір метрге дейін көтерілуі мүмкін.

"Егер планета жылынса, мұхиттар оған жүздеген, бәлки мыңдаған жылдардан кейін жауап қатуы ықтимал", – дейді Британияның Саунтгемптон университетінің жағалау инженериясы жөніндегі профессоры Робери Николас.

Оның ойынша, бұл, әсіресе, Азияның төменгі дельталарында өмір сүріп жатқан жарты миллиардтай адам мен теңіз жағалауында орналасқан қалалардың 400 миллиондай тұрғыны үшін қуанышты жаңалық емес.

Осы зерттеудегі тағы бір деректерге жүгінсек, 24-ші ғасырда температураның 2 градусқа артық көтерілуі салдарынан болған су тасқындарынан төрткүл дүниеде 200 миллиондай адам зардап шегеді екен.

Азық-түлік пен су
2-градустық жылынудан адамзатқа келетін бірнеше зардап бар. Оның әсерінен қазіргі жағдай өзгеріп, қуаңшылық күшейіп, тасқындар жиілеп, теңіз толқындары жылып, ауа райы бұзылады.

Ұлыбританияның Эксетер университетінің климаттық әсерлерді зерттеу тобының жетекшісі Ричард Бетцтің пікірінше, кейбір аймақтар өзгелермен салыстырғанда қатты жапа шегеді. Солардың ішінде ауыл шаруашылығы үшін жауын-шашынға көбірек мұқтаж елдердің жағдайы қиындай түспек. Сонымен қатар, ғаламдық температура 2 градусқа жоғарылғанда, Оман, Үндістан, Бангладеш, Саудия, Бразилия тәрізді елдерде азық-түлік пен су тапшылығы қазіргіден өзектірек проблемаға айналуы ғажап емес.

1.5C немесе 2C
Біріккен Ұлттар Ұйымының климат жөніндегі сарапшылары әзірлеген "арнайы баяндама" биыл қазан айында жарияланады. Дегенмен, "Франс пресс" агенттігі жақында сол құжатты қолға түсіріп, одан бір үзінді келтірді. Оған жүгінсек, 21-ші ғасырдың соңына дейін ғаламдық температураның қалыпты мөлшерден 1 жарым градусқа асуы екіталай.

Ауаға тарап жатқан CO2 улы қалдықтарының мөлшері соңғы үш жылда тұрақты деңгейде сақталып, шарықтау шегіне жетті деген үміт ұялатқанды. Алайда, Халықаралық энергетикалық агенттіктің өткен аптада жариялаған мәліметіне сәйкес, 2017 жылы атмосфераға тараған көмірқышқыл газының мөлшері 1,4 пайызға артқан.

"Біз ғаламдық температураның нормадан тыс көтерілуін 1,5 градус деңгейінде сақтап, оны әрі кетсе 1,8 градустан асырмайтын болсақ, бұл жетістіктің өзі климаттың жылынуымен күресуден мүлде бас тартқаннан әлдеқайда пайдалырақ ", – дейді британдық профессор Дэнн Митчель. Ал, Оксфорд университетінің геожүйе ғылымы жөніндегі профессоры Майкл Алленнің ойынша, адамзат дүниежүзілік температураны 2 градустан төмен ұстап тұра алады. Бірақ, ол үшін улы қалдықтардың ауаға тарау деңгейін 22-ші ғасырға дейін нөл пайызға дейін төмендетуі қажет.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу