Дос Көшім: Бізге 116 рет өзгеріс енгізілген Конституцияны ауыстыру қажет

5770

Қазақстанда саяси және сапалы кадрлық өзгеріс жасау керек. Әзірше біз тек косметикалық өзгерісті көріп отырмыз. Саясаттанушы Дос Көшім inbusiness.kz тілшісімен әңгімелескенде осындай пікір білдірді.

Дос Көшім: Бізге 116 рет өзгеріс енгізілген Конституцияны ауыстыру қажет

Саясаттанушының сөзінше, қазіргі Конституция, Конституция емес – құрақ көрпе.

– Президент бірқатар экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешуді тапсырды. Әлі саяси реформа басталған жоқ. Қазіргі өзгерісті түбегейлі әрі нақты деуге болмайды.

– Халық Президенттің олигополияға қарсы күрес жариялау және утилизациялық алым мөлшерін қайта қарау туралы тапсырмасын жылы қабылдады ғой. Бұл – өзгерістің басы емес пе?

– Мұндай сөздер бұрын да айтылған. Инфляцияны тежеу, бағаны тұрақтандыру мәселесі бұған дейін де өзекті болған. Алайда бұрынғы үкімет мүшелері мәселені шеше алмаған. Мемлекет тауар бағасы мен қызмет көрсету құнының қазіргі қымбатшылығымен қалай күресуді жоспарлап отырғанын білмеймін. Нарықтық экономика бұл – жоспары экономика емес.

Өз басым қазіргі үкімет инфляция деңгейін төмендетіп, азық-түлік бағасын арзандатады дегенге күмәнмен қараймын. Энергетика саласында газ, бензин, дизель отыны бағасын тежеп тұру өте қиын. Бұл салада үкіметтің нақты бағдарламасын көріп тұрған жоқпын. Министрлер кабинетіне 3 апталық мерзім берілді. Осы уақыт аяқталған соң қандай шешім қабылданғанын білеміз.

– Халықтың барлық санатының кірісін өсіруге қалай қарайсыз?

– Қолдаймын ғой, бірақ қалай, қашан екенін нақтылау керек қой. Мәселенің бар екені айтылды, тапсырма берілді, алайда бағдарламалық қадам туралы сөз болған жоқ. Жақсы ниет бар. Дегенмен мәселені әрекет шешеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың кезеңінде де осылай болды. Экономикалық дағдарыстан шығу үшін әзірленген 6-7 бағдарлама есімде. Тек нақты нәтижесін көрмедік. Барлығы қайталанып жатыр. Бұл туралы соңғы 10 жылда оппозиция өкілдері, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар айтудай-ақ айтып келеді.

– Сіздіңше жаңа үкімет жылдар бойы жинақталған мәселелерді шеше алмай ма?

–  Мен қазіргі үкіметті жаңа үкімет деп айтпас едім. Атқарушы билікке жаңа саяси партиялар келсе, олардың басқа бағыты, балама бағдарламасы болса, жаңа үкімет жасақталған болар еді. Бізде бұрынғы бағдарламалар қалады, тек адамдардың қызметі мен аты-жөні ауысады. Премьер-министрдің орнына оның орынбасары келді. Бұл – жағдайды түбегейлі өзгертеді деп ойламаймын. Үкімет бұрынғы құрамының басым бөлігін сақтап қалды. Бұған дейінгі адамдар инфляцияны тежеудің амалын таппады. Бағаны бірнеше есе көбейтетін делдалдарға қарсы күрес жүргізе алмады. Біз мұндай жағдайға 30 жыл көніп келеміз. Делдалдармен күресудің халықаралық тәжірибесі бар. Бұл туралы тәуелсіз экономистер айтады. Бірақ билік қолданысқа енгізбейді. Үкіметке нақты міндет жүктелді. Бірақ мен қазіргі үкіметке күмәнмен қараймын. Өйткені бұрынғы адамдар, бұрынғы жүйе.

– "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасында нақты реформа бола ма?

– Сталин заманында "Халық жауы" атанған адамдардың отбасы, оның ішінде әйелі мен балалары жазаланатын. Назарбаевтың фамилиясына шабуыл басталған кезде, Назарбаевқа қандай да бір қатысы бар адамдар түрлі құрылымдардан кете бастады. Мен мұндайға түбегейлі қарсымын. Мүмкін олардың арасында жақсы адамдар, жақсы мамандар бар шығар. Алайда қоғам мұндай амалды құптайды.

– Сіз басқарушылар командасын толық өзгерту қажет деп санайсыз ба?

– Бізге демократиялық мемлекеттердегідей жаңа саяси күш, мүмкін саяси партия келуі керек. Олардың жаңа көзқарасы, жаңа ұстанымы болуға тиіс. Әзірше мұндайлар жоқ. Бізде Назарбаев, Тоқаев, Аблязов, Құлыбаев құрған жүйе бар. Түрлі өзгеріс болады. Бірінші клан екінші кланның адамдарын, екінші клан үшінші кланның адамдарын алып тастайды. Өкінішке қарай, бұл классикалық тәсіл.

Елге жүйелі өзгеріс қажет. Өзгеріс Қазақстанда демократиялық институттар пайда болғанда, көппартиялы жүйе дамығанда, еркін және әділ сайлау өткізілгенде ғана орнайды. Бізге 116 рет өзгеріс енгізілген Конституцияны ауыстыру қажет. Біздің қазіргі Конституция Конституция емес – құрақ көрпе. Тоқаев нақты бір нәрсені өзгерткісі келсе, "Саяси партиялар туралы" жаңа заң қабылдауы керек. Бұл – бірінші қадам. Екінші қадам – сайлау жүйесі мен Орталық сайлау комиссиясын толығымен өзгерту керек. "Сайлау туралы" заңнама заман талабына лайық болуға тиіс. Бізге жаңа Парламент қажет.

Түбінде Тоқаевтың өзі және Назарбаевпен бірге жұмыс істегендер биліктен кетуі керек. Мен осыны түбегейлі өзгеріс деп атаймын. Бұл болмаса, барлығы косметикалық өзгеріс болып қалады.

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу