Дрондар Мәскеу қорғанысының осалдығын әшкерелеп берді

2975

Украинадағы соғыс Ресей астанасына да жетті. 

Дрондар Мәскеу қорғанысының осалдығын әшкерелеп берді Фото: overclockers.ru

Cейсенбі күні Мәскеу дрондардың соққысына ұшырады. Бұл оқиға Украина армиясы контршабуылдарды бастауға жақындаған шақта Ресейдің әуе қорғанысы жүйесінің кемшін тұстары пен Мәскеу аспанының осал қорғалып жатқанын әшкерелеп берді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Дрондардың соққысынан үш ғимарат жеңіл-желпі зақымданған. Бұл жайт әсіресе соғыстың жақтастарын қатты ашындырып отыр. Олар президент Владимир Путин мен әскери басшылықты майдан шебінен шамамен 500 шақырым жерде орналасқан Мәскеудің орталығығын қорғауға дәрменсіз деп сынай бастады.  

Фото: google.com

РФ қорғаныс министрлігіне сенсек, сегіз дронның бесеуі құлатылып, үшеуі бағытынан тайдырылып жойылған. Ресейлік кейбір блогерлердің сөзінше, алып мегаполиске жіберілген пилотсыз ұшақтардың саны әлдеқайда көп. Алайда, бұл ақпарат расталмай отыр.

Мамырдың 3-інде осындай дрондар Кремльдегі Путин резиденцияларының бірінің шатырын зақымдағаны белгілі. Сонымен қатар, осы айда Мәскеу маңына мұндай аппараттардың бірнешеуі құлағаны белгілі.

Өткен аптада Ресейдің Украинамен шекаралас Белгород облысынына украинашыл әрі әсіре  оңшыл екі қарулы топ басып кіргенін жариялады. Ал аннексияланған Қырым маңындағы Краснодар қаласына жұма күні екі дронның соққысынан бірнеше тұрғын үй зақымданды. Сондықтан қазір Ресей үкіметіне шекарадағы күзетті күшейту туралы талап қойылып отыр.

Алайда Ресей территориясына жасалып жатқан бұл шабуылдар үшін Украина жағы бірде-бір рет өз мойнына жауапкершілік алған жоқ.

Дегенмен, жақында президент Владимир Зеленскийдің бас кеңесшісі Михаил Подоляк Твиттерде мысқылдап жазғандай, Ресейдің саяси және әскери басшылығынан қазір "жасанды интеллект ақылдырақ әрі көрегендеу" көрініп тұр. 

Соңғы үш түнде Ресей армиясы Украина астанасы Киевті қанатты зымырандармен, жарылғыш дрондармен қайта-қайта атқылады. Алайда қарсы жақ олардың көбін құлатқанын мәлімдеп отыр.

Фото: google.com

Путиннің сөзінше, Украина әскері Мәскеуге дрондармен соққы бере отырып, жергілікті халықты үрейлендіруді көздеді. Тағы бір сөзінде ол елінің аспаны жақсы қорғалғанын айтып, дегенмен Мәскеу тәрізді алып мегаполиске қалқан болудың оңай шаруа еместігін мойындады.

Әскери бақылаушылардың айтуынша, Ресейге жіберілген дрондар 1000 шақырымға ұша алса да салыстырмалы түрде толық жетілдірілмеген және арзан. Соған қарамастан, олармен шабуылдар әлі де жасалуы мүмкін.  

Бұл дрондардың кейбірі - Украинада жасалған UJ-22s пилотсыз аппараттары. Олар жарылғыш зат тасымалдай алады.

Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының халықаралық қауіпсіздік бағдарламасының аға кеңесшісі Марк Канчианның ойынша, ұшқышсыз ұшақтардың Мәскеуге кедергісіз жетуінің бір себебі - РФ әуе қорғанысы негізінен күрделірек шабуылдарды болдырмауға арналған.

Фото: google.com

"Ол зымырандарға, баллистикалық зымырандарға, аймақтық зымырандарға, ұшақтарға, бомбалаушы ұшақтарға бағытталған. Алайда, бұл қорғаныс жүйесі өте төмен ұшатын дрондарды құлатуға арналмаған", - деді Канчиан Associated Press агенттігіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар, оның ойынша, Ресей армиясы енді Мәскеуді қорғау үшін әуе шабуылына қарсы құралдарының бір бөлігін майдан шебінен алыстатуы мүмкін. Бұның нәтижесінде Ресей қарулы күштері Украинаның контршабуылдары қарсаңында әлсіреуі ғажап емес.

Кремльдің дрондық шабуылға үнсіз жауабы Мәскеудегі кейбір комментаторлар мен әскери блогерлерді ашуландырды. Олар қазір Ресей басшылығын күштірек жауап бере алмады деп сынап отыр.

Украинадағы ұрыс даласында шешуші рөл атқарып жатқан "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының жетекшісі, миллионер Евгений Пригожин Ресей әскери басшылығын сөгіп, Мәскеуді қорғай алмағаны үшін оларды тіпті "шошқа" деп айыптады.

"Сіз, Қорғаныс министрлігі, шабуылды бастау үшін ештеңе жасаған жоқсыз. Сіз дрондардың Мәскеуге жетуіне қалай жол бердіңіз?",- дейді Пригожин.

Шешенстан лидері Рамзан Қадыров болса, Кремльді бүкіл елде әскери жағдай жариялап, Украинадағы "террорлық топты жою үшін" барлық ресурстарды пайдалануға шақырды.

Кейбір бақылаушылардың ойынша, Путин мұндай шабуылдарға халықтың аса алаңдамайтынына сенімді. Сондықтан оның Мәскеуге жеткен дрондарға қатысты реакциясы сабырлы болып тұр.

Chatham House ұйымының Ресей және Еуразия бағдарламасының директоры Джеймс Никси болса, сейсенбі күнгі шабуылдар Украинаның Ресей аумағына бойлай еніп, шабуыл жасауға бел байлағанын білдіреді деген пікірде.

Фото: google.com

"Бұл бірінші рет емес және соңғы рет те емес. Украиналықтар қорғаныспен шектелмей, шабуылдарға да әзірлігін байқатып отыр. Ал Ресейдің қолынан келетін істің шегі бар. Оның жұмыс күші, қаржысы, артиллериялық оқ-дәрілері, зымырандары, дрондары шектеулі. Ол қазірдің өзінде барлық күшін, барлық ақшасын, барлық қазынасын, барлық қанын Украинадағы соғысқа төгіп жатыр", - дейді Никси.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу