Дрондардың Украинадағы жетістігі өлтіруші роботтарды өмірге әкелуі мүмкін

1539

Мұндай қаруы жоқ елдердің келешек соғыстарда жауға берілгеннен басқа амалы қалмауы ғажап емес.

Дрондардың Украинадағы жетістігі өлтіруші роботтарды өмірге әкелуі мүмкін Фото: АР агенттігі

Украинадағы дрондар жетістігі көптен күткен технологиялық тенденцияны жеделдетіп, көп ұзамай әлемдегі алғашқы толық дербес жауынгерлік роботтарды майдан даласына шығарып, соғыстардың жаңа дәуірін бастауы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Әскери сарапшылар мен жасанды интеллект (ЖИ) зерттеушілерінің айтуынша, Украинадағы қарулы қақтығыс неғұрлым ұзаққа созылса, соғұрлым дрондар адамның көмегінсіз нысандарды анықтауға, таңдауға және шабуылдауға пайдаланылмақ.

Бұл зеңбірек жасалған кездегідей әскери технологиядағы төңкерісті білдіреді. Украинада қазірдің өзінде жасанды интеллектпен жабдықталған жартылай автономды әрі соққы беруші дрондар мен оларға қарсы тұратын ұшқышсыз аппараттар бар. Сонымен қатар, Ресей де жасанды интеллектпен қаруланғанын айтып отыр. Дегенмен бұл мәлімдемеге әзірге нақты дәлел жоқ. Сондай –ақ қандайда бір елдің өлтіруші роботтарды әскери ұрысқа қолданғаны әлі расталған жоқ.

Кейбір сарапшылардың ойынша, Ресейдің, Украинаның немесе екеуінің де бұндай қаруды иеленетін сәті уақыттың еншісінде.

"Көптеген елдер бұл технологияны әзірлеп жатыр. Оның соншалықты қиын еместігі түсінікті жайт", – деді Джордж Мейсон университетінің қару –жарақ инновациялары жөніндегі талдаушысы Закари Калленборн АР агенттігіне берген сұхбатында.

Украинаның цифрлық трансформация министрі Михаил Федоров мәлімдегендей, толық автономды киллер –дрондар қару –жарақты жетілдіру жолындағы "қисынды әрі сөзсіз жаңа қадам".

Оның айтуынша, Украина "осы бағытта көптеген зерттеулер мен дайындықтар жүргізіп жатыр".

"Менің ойымша, бұндай қарудың алдағы алты айда жасалу әлеуеті зор", — деді Федоров жақында америкалық журналистермен болған әңгімеде.

Украиналық подполковник Ярослав Гончар – инновациялық жауынгерлік дрондармен айналысатын коммерциялық емес "Аэробарлау" ұйымы тең құрылтайшыларының бірі. Оның сөзінше, жауынгерлер машиналар сияқты ақпаратты жылдам өңдеп, шешім қабылдай алмайды.

Айта кетсек, Украинаның әскери басшылығы бүгінде толығымен автономды әрі өлімге әкелетін қаруды қолдануға тыйым салып отыр. Бірақ бұл жағдай өзгеруі мүмкін.

"Біз бұл сызықтан әзірше аттап өткен жоқпыз. Әзірше ғана. Болашақта не боларын білмеймін", – дейді Гончар.

Ресей дербес ЖИ –ді Ираннан немесе басқа жерден ала алады. Иранның Shahed –136 атты алыс қашықтыққа арналған жарылғыш дрондары Украина электр станцияларын істен шығарып, бейбіт тұрғындарды қатты үрейлендіріп келеді. Бірақ олар – ақылды емес. Иран арсеналында басқа да дрондар бар, олар жасанды интеллектпен жабдықталған болуы мүмкін.

Батыстық өндірушілерінің айтуынша, Украина өзінің жартылай автономды қарулы дрондарын ұрыс даласындағы кедергілерге төтеп беретін тәуелсіз құралға айналдыра алады. Сол  дрондарға АҚШ –та жасалған Switchblade 600 және поляктың Warmate кіреді. Бұлар қазіргі уақытта адамнан тікелей видеотрансляциямен мақсаттарды немесе нысаналарды таңдауды талап етеді. Ол жұмысты енді ЖИ атқара алады. Техникалық тұрғыдан аспанда "ызылдап жүретін оқ" аталып кеткен бұл дрондар белгілі бір нысанаға дәлдеп тию үшін көкте бірнеше минут бойы қалықтап тұрады.

"Switchblade көмегімен толық автономды миссияға қол жеткізу технологиясы бүгінде дайын. Бұл саясатты өзгертуді талап етеді, яғни, адамды шешім қабылдау циклінен алып тастау қажет. Ол күнге үш жылда жетіп қаламыз", – дейді AeroVironment компаниясының бас директоры Вахид Наваби.

Ұшқышсыз ұшақтар каталогталған суреттердің жәрдемімен брондалған транспорт сияқты объектілерді тани алады. Бірақ бұндай дрондардың қателеспеуіне және соғыспайтын адамдардың өмірін қимайтынына кепілдік беретін технология жеткілікті дәрежеде сенімді ме?  Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ.

AP агенттігі жақында Украина мен Ресей қорғаныс министрліктеріне  "автономды қару шабуылдау мақсатында қолданылды ма" деген сұрақ қойған. Алайда, екі жақ та үнсіз.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бір баяндамасында өлтіруші роботтардың 2020 жылы Ливиядағы қарулы жанжал кезінде пайда болып, сол шайқаста түріктің Kargu –2 дрондары толық автоматты режимде бірталай жауынгерді қырғынға ұшыратқаны айтылды.

Дегенмен, өндіруші STM компаниясы аталған баяндаманы "тексерілмеген" ақпаратқа негізделген деп есептейді. Және де осы кәсіпорын өкілі АР агенттігіне берген түсініктемесінде Kargu –2 оператордың бұйрығынсыз нысанаға шабуыл жасай алмайтынын мәлімдеген.

Толық автономды ЖИ қазірдің өзінде Украинаны қорғауға көмектесіп жатыр. Юта штатында орналасқан Fortem Technologies компаниясы Украина әскерін дрондардың соңына түсетін жүйелермен қамтамасыз етті. Бұл жүйелер кішігірім радарлардан және жасанды интеллектпен жабдықталған ұшқышсыз аппараттардан тұрады. Радарлар жаудың дрондарын анықтап берсе,  ұшқышсыз аппараттар дұшпанның дрондарын адамның көмегінсіз атып түсіреді.

Жасанды интеллектпен жабдықталған дрондардың саны қазір өсіп келеді. Израиль оларды ондаған жылдар бойы экспорттады. Бұл аппараттардың радар жойғыш құралы жаудың ПВО радаларының іске қосылуын аспанда тоғыз сағат бойы күте алады.

Өзге бір мысал – Бейжіңнің Blowfish –3 атты қаруланған ұшқышсыз тікұшағы. Ал, Ресей "Посейдон" деген ядролық оқтұмсығы бар су асты "беспилотнигін" жасап жатыр. Нидерланды болса, 50 калибрліе зеңбірекпен жабдықталған роботты сынауға кіріскен.

Гончардың пікірінше, халықаралық құқықты елемей Украинаның бейбіт халқына шабуыл жасап жүрген Ресей өзінде өлтіруші автономды ұшқышсыз аппараттар болса, оларды қазірге дейін пайдаланған болар еді.

ЖИ – Ресей үшін басымдық. Президент Владимир Путин 2017 жылы осы технологияда кім үстемдік етсе, соның әлемге билік ететінін айтты. Ал, желтоқсанның 21 –де сөйлеген сөзінде Путин РФ қорғаныс өнеркәсібінің ЖИ –ді соғыс машиналарына енгізу қабілетіне сенім білдірді. Және де сол кезде Кремль басшысы "ең тиімді қару жүйелері – жылдам әрі автоматтық режимде жұмыс істейтін арсенал" екенін атап өтті.

Ресейдің мәлімдеуінше, оның Lancet дрондары толық дербес жұмыс істей алады, яғни, адамның көмегінсіз.

"Ресейдің бұл белестен қашан өтетінін білу оңай болмайды", – дейді Пентагонның Жасанды интеллект орталығының стратегия және саясат жөніндегі бұрынғы директоры Григорий С. Аллен.

Оның сөзінше, бүгінгі таңда екі режимде де жұмыс істей алатын дрондар бар. Бірақ, олар адам басқарған кезде жақсырақ нәтиже көрсетіп келеді.

"Бұл технология аса күрделі емес. Аспиранттар бір адамды, айталық, ғимарат ішінен тауып, өлтіре салатын автономды дронды бір семестрде жасай алады", – дейді Калифорния –Беркли университетінің профессоры Стюарт Расселл.

Әскери дрондарға арналған халықаралық негізгі ережелерді бекіту әрекеті әлі күнге дейін нәтиже бермей келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында осы мәселе бойынша Женевада тоғыз жыл бойы бейресми келіссөздер өтті. Бірақ, олардан мардымды қорытынды жоқ. Өйткені, АҚШ пен Ресей тәрізді өзге де ірі державалар мұндай технологияға тыйым салуға қарсы.

Вашингтондық саясаткерлердің бұл тыйыммен келіспейтін себебі, өйткені бәсекелестер ұшқышсыз ұшақтарды этикалық нормаларды сақтап  пайдаланады дегенге әлі толық сенім жоқ.

Рассел сияқты өлтіруші роботтарға қарсы науқан жүргізген австралиялық академик Тоби Уолш кейбір шектеулер бойынша консенсусқа қол жеткізуден үмітті.

"Абай болмасақ, мұндай дрондар ядролық қаруға қарағанда әлдеқайда оңай таралады. Егер сіз роботты бір адамды өлтіруге мәжбүрлей алсаңыз, оған мың адамды да өлтірте аласыз", – дейді "Машиналардың тәртібі жаман" кітабының авторы Уолш АР агеттігіне берген сұхбатында.

Ғалымдарды жасанды интеллект қаруын лаңкестердің басқа мақсатқа қолдану мүмкіндігі де алаңдатып отыр. Бір қорқынышты сценарий сол – АҚШ әскері өлтіруші ұшқышсыз аппараттарға арнап код жазуға жүздеген миллион доллар жұмсайды. Ал, содан кейін бұл дрондар ұрланып, көшіріліп, террористтердің қаруына айналып кетуі ықтимал.

Құрама Штаттар қорғаныс министрлігінің бұрынғы қызметкері Алленнің айтуынша, Пентагон "ЖИ –мен жұмыс істейтін автономды қаруға" нақты анықтама берген жоқ және АҚШ армиясының мұндай қаруды қолдануына рұқсат етілмей отыр.

Бірақ, бұның бәрі осындай қару –жарақ жасауға тосқауыл емес. АҚШ Қорғаныс министрлігінің перспективтік ғылыми жобалар агенттігінде, әскери зертханаларында, академиялық мекемелерінде және жеке секторында түрлі жобалар жасақталып жатыр.

Пентагон адамның жауынгерлік мүмкіндіктерін күшейту үшін жасанды интеллектті қолдануға баса мән беріп отыр. Және де Америка әскери –әуе күштері өз пилоттарын ұшқышсыз ұшақтармен жұптастыру жолдарын зерттеп жатыр. Бұл идеяларды қолдайтын қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Роберт О. Уорк болса, өткен айда баяндама жасап, ЖИ –ді пайдаланатын жүйелер адамдарды артта қалдырып жатқанда, "автономды жүйеге көшпеу ақымақтық болар еді" деді. Айта кетсек, 2015 жылы компьютерлердің көру қабілеті алғаш рет адамдардікінен асып түсті.

Адамдар қазірдің өзінде кейбір қорғаныс жүйелерінен ығыстырылған. Мәселен, Израильдің "Темір күмбез" зымырандық қалқаны өз бетімен, демек, автоматты режимде ракета ата алады. Бірақ, белгілі бір объектіні дұрыс көздемесе, оның ісіне адам араласатын мүмкіндік бар.

Америкалық зерттеушілердің айтуынша, қазір көптеген елдер мен АҚШ армиясының әрбір саласы синхронды түрде шабуыл жасап, қарсыласты қырғынға ұшырататын ұшқышсыз аппараттар жасап жатыр.

Сонымен, болашақ соғыстар соңғы дронға дейінгі шайқасқа айнала ма?

"Бір тараптың ұшқышсыз ұшақтарын екінші жақтың дрондары жойғанда, алғашқысында берілуден басқа амал қалмайды",– деген еді Путин 2017 жылы инженерлік факультет студенттерімен өткен телевизиялық сұхбатта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу