ДСҰ құрамында Қазақстан бәсекеге қабілетті бола ала ма?

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
4021

Отандық банкті салық төлеушінің есебінен сауықтыру дұрыс емес.

ДСҰ құрамында Қазақстан бәсекеге қабілетті бола ала ма?

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) құрамына кіру үшін қаншама тер төкті. Келіссөз кейде бір адым ілгері жылжыса, бірде екі қадам кейін шегініп отырды. Әлемдік бәсекелестікке төтеп беретін тауар өндірмесек те, біз 2015 жылы дегенімізге жетіп, ДСҰ-ның 162-ші мүшесі болып қабылдандық.   

Ұйымдағы экономикалық әлеуеті жоғары 161 мемлекетпен иық тіресу Қазақстан үшін үлкен арман болса да, оған қауқары жете ме? Дамыған елдердің нарығына қандай тауар ұсынамыз?

Біз қазірден шетелден келетін тауарларға шекарамызды аштық. Бұдан былай Қазақстанға сырттан тауар шектеусіз ағылады. Сапасы жоғары әрі бағасы төмен тауарды халықтың тұтынатыны айдан анық. Ал онсыз да өлместің күнін көріп келе жатқан отандық тауар өндіретін кәсіпорындардың құрдымға кету қаупін кім ескереді?  

Әрине ДСҰ-ға мүше болу – Қазақ елінің жеңісі. Бұған жетудің оңай болмағанын билік басындағылар жақсы біледі. Бірақ ұйымға мүшелікке өткенімізді сөзбен емес, іспен дәлелдеу қажет емес пе?! Қазақстан халқы жаппай өзбек пен қырғыздың, түрік пен қытайдың тауарын тұтынып, солардың нарығына ақша құйып отыр.

Ол ол ма, нарықты қырғыз бен өзбектің киім-кешегі мен сүт өнімдері жаулап алған. Бағасы қымбат емес. Сапасы да қарапайым жұрттың көңілінен шығады. Сөйте тұра Қазақстан жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегіне айналады деу қаншалықты шындыққа жанасады?

Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа белеске бастайды. Кәсіпорынымыздың шетел нарығына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауар мен қызметтің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады", - деген сөзін қос қолымызбен қолдаймыз. Алайда біз отандық тауарды шетелге шығару былай тұрсын, ішкі нарықтың өзін  қамтамасыз ете алдық па? 

Кәсіпкердің де алаңдайтын жөні бар. Себебі бізде бәсекеге қабілетті кәсіпорын өте аз. Қазірдің өзінде Қазақстанның нарығын толыққанды жаулаған өнім жоқтың қасы. Күні ертең атағынан ат үркетін әйгілі брэндтермен бәсекеге түсу қиын болады. Таяқтың екі ұшы барын ескерсек, бізде нақты іске келгенде күлбілтеге салынатынымыз қарын аштырады.  

Қазір қалың ел банк жүйесіне сенуден қалды. Оған себеп те жоқ емес. Соңғы жылдары кейбір банк басшылары жұрттың ақшасын құрдымға жіберіп, ақыр аяғында банкті банкрот қылуы біраз жайттан хабар берсе керек.

Экономист Тоқтар Есіркеповтің айтуынша, кезінде "БТА банкті" құтқару үшін Ұлттық қордан 14 млрд теңге жұмсалса, қазір Qazкоm банкін сауықтыру үшін  4,5 млрд доллар қажет болып отыр. "Әрқайсысының өз акционері бар. Оларды неге халықтың есебінен құтқаруымыз керек? Қожайындары қайда? Неге біз қалтамыздан төлеуіміз керек? Осы тұрғыда шетелдік банктердің пайдасы бар. Олар нарыққа келсе, бәсеке күшейеді", – дейді маман.

Жалпы, елімізде бағалы қағаздар нарығында бас-аяғы 40-қа жуық банк әрекет етсе, оның көпшілігі екінші деңгейлі банк  тізімінде. Олардың  көретін бар пайдасы – халыққа берген несиені қосымша үстеме пайызбен қайтарып алу.

Қазақстанның екінші деңгейлі банктері шетелдік банктермен бәсекелесе ала ма? "Бұл банктер (шетелдік банктер. – abctv.kz) болашақта бөлімшелерін аша бастайды. Оларға біздің банктер не тәйірі? Былайша айтқанда ойыншық қой. Кейбір елдің қаржы нарығына енген шетелдік банктер ұлттық банктерді нарықтан 90%-ға дейін ысырып тастаған. Мұның екінші жағы бар. Әрине  қауіптен қорқып, отандық банкті бәсекелестік алаңына жібермей отырмаймыз ғой. Біз әлемдік банктермен біртіндеп бәсекеге түсуіміз керек", – дейді экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов.

Әлбетте, Қазақстан ДСҰ-ға мүше ел ретінде бәріне есігін айқара ашады. Алпауыт елдердің банктері біздің нарыққа ентелеп енеді. Сол кезде тек несие берумен күн көріп отырған біздің екінші деңгейлі банктеріміз не істемек? Жақында ғана Qazkom жапондық JCB төлем карталарына қызмет көрсетуді бастап кетті. Бұл әлі бастамасы ғана. Онсыз да сыртқы қарызымыз 153 млрд доллардан асып жатқанда, отандық банктердің әуселесі өзінен-өзі белгілі болмай ма?  

Тоқтар Есіркеповтің пікірінше, Қазақстан ДСҰ-ға ерте кірді деп айтуға болмайды. ДСҰ-ға мүше болуға өтінішті 1996 жылы беріпті, 20 жыл дайындалыпты. Экономист Тоқтар Есіркеповтің айтуынша, бұл аз уақыт емес. Көрші Қырғызстанның өзі ұйымға 1998 жылы мүше болды.

"Біз тауарларды алдымен Кеден Одағы (КО) елдеріне береміз. Шетелден тауар импорттауға немесе экспорттауға баж салығы бар. Бұл салық ДСҰ-ға мүше мемлекеттер арасында да бекітіледі. Бірақ оның қайсысы біздің экономикамызға тиімді?" - деп сауал қойған профессор Тоқтар Есіркепов оған "Ресей ұтты" деп өзі жауап берді.

"Бұл жерде алдымен Ресей ұтты. Неге десеңіз, Ресей өзінің басқа елдер үшін енгізген баж салығын бізге енгізді. Яғни баж салығының 92%-ы Ресейдің үлесіне тиеді. Ресей экономикасы шикізаттан ғана тұрмайды, басқа салалары да жақсы дамыған. Қазір санкцияға байланысты импортты шектеуімен қатты айналысып жатқан бұл елдің тәжірибесі бізге қолайлы емес.

Бір кездері Ресей басшылары Путин мен Медведев "ДСҰ-ға Ресей, Қазақстан, Белоруссия бірге кіреміз" деді. Сонда ұйым: "Мұндай тәртіп жоқ. Әр ел жеке-жеке кіреді" деп бетін кері қайтарған. Сөйтті де  әуелі Ресей кіріп, өз тарифін енгізді. Сорақысы сол - "Қазақстан Ресей мен ДСҰ арасындағы тарифті пайдаланады" деп кесіп айтты. Біз тағы да Ресейдің қоластында қалдық. Ал ДСҰ-ға кірген Қазақстан тауар бойынша Ресейдің келіскен баж салығынан бөлек салық алды. Тағы да Ресей мен Белоруссия "Қазақстанның тауары біздің нарығымызға кірейін деп жатыр" деп шошыды. Соның салдарынан шетелдік баж салығы төмен деңгейдегі тауардың өтеуін біз төлейтін болдық. Көрдіңіз бе, әр ел өз мүддесін ойлайды. Осыған ішің ашиды. Қазақстан ДСҰ-ға кірерде ауыл шаруашылығын қолдау үшін 8,5%-ға дейін қаржы жұмсауға мүмкіндік алды. Бізге мүмкін болса  ауылды қолдау керек. Ертең қандай да бір жағдай орын алса, бұдан да көп қаржы керек болады", - деп қорытындылады өз талдауын профессор Тоқтар Есіркепов.  

Қазақстан ДСҰ-ға мүше болуы тиіс деп алғаш мәселе көтергендердің бірі экономика ғылымының докторы, профессор Сағындық Сатыбалдиннің айтуынша, ДСҰ-ға кірудің бірінші шарты – бәсекеге қабілетті тауар өндіру.

"ДСҰ-ға кіргеннен кейін Қазақстан не істеуі керек?  Бі­ріншіден, өнім өндіретін зауыт-фаб­ри­ктерді қолға алу. Екіншіден, ауыл шар­­уа­­­шылығы. Ауыл шаруашылығы сала­сын өркендетпей, ел еңсесінің тіктелуі қиын. Үшінші, мұнай-газ саласы. Осы салаларды өркендету арқылы ғана біз бәсекелік қабілетімізді арттырамыз", – деп түйді ойын Сағындық Сатыбалдин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу