Дүниежүзіне соңғы 100 жылдағы ең алапат экономикалық дағдарыс төніп келеді

8540

Қазақстан экономикасының жағдайы, ел болашағы не болмақ?

Дүниежүзіне соңғы 100 жылдағы ең алапат экономикалық дағдарыс төніп келеді Фото: inbusiness.kz

Еліміздің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2021 жылы 4,3%-ға, 2022 жылы – 3,2%-ға нақты өсті. Ал, 2023 жыл қорытындысында ЖІӨ бірден 5,1%-ға артты.

Дүниежүзілік банктің түсіндіруінше, бұған Қазақстан Үкіметі мұнай өндірісін арттыру, Ұлттық қор мен бюджеттен экономикаға көбірек қаржы құю және жоғары тұтыныс есебінен қол жеткізген.  

Осы жоғарғы өсім республиканың 2000 жылдары болған қарқынды өрлеу даңғылына оралғанына қатысты үміт отын жағып еді. Бірақ ол от жалп етіп сөніп қалғанға ұқсайды. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Қазақстан экономикасының өсімі баяулайтынын болжады. Сарапшыларының байламынша, оған әлемдегі үрдістер кері әсер етпек.

Ұйымның жаңартылған болжамына сәйкес, ағымдағы 2024 жылы жаһандық экономикалық өсім небәрі – 3,2%, келесі 2025 жылы – 3,3% болады. Салыстырсақ, өткен 2022 және 2023 жылдары әлемдік экономикалық өсім бұдан жоғарырақ, тиісінше 3,5% және 3,3%-ды құрады. Яғни, жыл сайын құлдырап барады.

2024 жылы ЖІӨ-сінің ең көп өсуі дамушы елдерде күтіледі: Үндістанда – 7%, Филиппинде – 6%, Индонезияда және Қытайда – әрқайсысында 5%-дан.

"Атап өтетін жайт, ХВҚ Қазақстанның ЖІӨ-сі биыл – 3,5%, 2025 жылы 4,6% ғана өседі деп болжады. Көрші Ресейде 2024 жылы – 3,2%, 2025 жылы – бар-жоғы 1,5% ғана өсім болуы мүмкін. Бұл ретте Қазақстанның ЖІӨ-сінің өсіміне қатысты болжамын ХВҚ нашарлатты және биылғы сәуірдегі болжамын 1 пайыздық пунктке төмендетті. Бұдан нашары – тек Сауд Арабиясында: оның 2025 жылғы экономикалық өсімі 1,3 п.п.-ге кемітілді", – деп назар аудартты отандық Finprom мониторинг агенттігінің сарапшылары.

Жалпы, тағы бір халықаралық қаржылық институт – Дүниежүзілік банктің Қазақстан ЖІӨ-сінің биылғы өсіміне қатысты болжамы ХВҚ-дан да нашар: сарапшылары 2024 жылы ел экономикасы 3,4%-дай ғана өседі деп бағалады. Егер биыл құлдыраған мұнай өндірісі қалпына келіп, арта бастаса, келесі жылы ЖІӨ өсімі 4,7% болуы ықтимал.

Қазақстанның экономикалық өсімінің баяулауына шикізат өндірісінің төмендеуі ғана емес, сондай-ақ елге келетін тікелей шетелдік инвестициялардың құлдырауы да әсер етіп отырған көрінеді. Бұл туралы бұдан бұрын "Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және Ислам даму банкінің қолдауымен әзірленген исламдық қаржыландыру жөніндегі елдік есепте де айтылды.

"Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) едәуір мөлшерін тартты. Алайда, ТШИ 2022 жылғы 28,2 млрд доллардан 2023 жылы 23,4 млрд долларға дейін құлдырады. Тартылған инвестиция бір жыл ішінде 17%-ға құлады. Төмендеу негізінен мұнай-газ секторы есебінен болды, ол 2022 жылға қарағанда 4 млрд долларға аз жинады. Салалық көрсеткіштерге келетін болсақ, ауыл шаруашылығындағы ТШИ-дің жалпы көлемі 2023 жылы шамамен 50 млн доллар ғана, бірақ тарихи тұрғыдан алғанда отандық ауыл шаруашылығы тарта алған ТШИ ешқашан 72 миллион доллардан аспаған. Сауда саласы, оның ішінде қызмет көрсету секторы ТШИ-дің жалпы ағынына үлкен үлес қосты: 2023 жылы 5 млрд долларды құрады", – делінген АХҚО жариялаған есепте.

Осылайша, Қазақстанның шетелдік инвесторларды қызықтыратын екі басты саласы ғана бар: шикізат (негізінен, мұнай) және сауда.

АХҚО шығарған есепте Қазақстанға тартылған инвестициялардың 2019 жылдан бері құлдырап келе жатқаны көрсетілген: 2018 жылы экономикаға құйылған тікелей шетелдік инвестиция – 24,3 млрд, 2019 жылы 24,4 млрд доллар болса, 2020 жылы – небары 17,2 млрд, 2021 жылы 23,8 млрд доллар ғана болды. Яғни, әлі күнге 2018-2019 жылғы көрсеткішке де жете алар емес.

Бұл инвестицияға жауапты қаптаған құрылымдарды, министрлер мен әкімдерді, Үкіметті ойлантса керек. Инвестиция тарту бағытындағы қарқынына қарқын қосып, ахуалды қазірден түзету қажет етіледі.

Өйткені Халықаралық валюта қорының Вашингтондағы штаб-пәтерінде сөз сөйлеген Еуропалық орталық банктің Президенті Кристина Лагард әлемге соңғы 100 жылдағы ең алапат кризис таяп келе жатқанын ескертті.

Ол бұл жолғы экономикалық күйзелістің терең және зұлмат болуына ықпал етіп жатқан "ең үрейлі үш оқиғаны" атады. Сондай-ақ постпандемиялық кезеңде инфляциясын тұрақтандыра алмаған мемлекеттерге күрделі болатынын айтты.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда инфляция (желтоқсаннан желтоқсанға) 2021 жылы – 8,4%, 2022 жылы – 20,3%, 2023 жылы – 9,8% болды. 2024 жылдың тамыз айының қорытындысында инфляция 8,4%-ды құрап, бәрібір жоғары болып қалуда. Ел Үкіметі 2021 жылы инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізіне дейін төмендету міндетін қойған болатын. Ол меже әзірге тым алыс.

Еуропаның бас қаржыгері Кристина Лагард қазіргі жағдайды өткен ғасырдың 20-шы жылдарымен салыстырды. 1920 жылы да дүниежүзілік экономика көптеген салмақты сын-қатерлерге тап болды, оның қысымымен үкіметтер "экономикалық национализмге", қатаң протекционизмге көшті. Оның ақыры халықаралық сауданың күйреуіне және "Ұлы депрессияға" соқтырды.

Лагард кейінгі жылдары жаһандық экономикаға күйретуші соққы берген ең қорқынышты үш факторды атады. Біріншісі – COVID-19 вирусының жаһандық пандемиясы. Еуроодақ орталық банкінің басшысы оны "1920 жылдардан бергі ең жойқын пандемия" деп атады және оның "әлем елдерінің ақша-несие саясаты үшін эктремалды стресс-тестке айналғанын" жеткізді.

Екіншісі – Еуропаның етегінде, Украинадағы соғыс. Лагардтың пікірінше, бұл 1940 жылдардан бергі Еуропадағы ең сұрапыл қақтығыс". Үшінші қорқынышты фактор ретінде "сонау 1970 жылдан бергі ең күрделі энергетикалық шокқа айналған қуат ресурстары бағаларының қымбатшылығын" атады.

"Экспорттық өнімдердің, әсіресе, азық-түлік және күнделікті тұтынатын тауарлардың жеткізілім тізбектері де бұзылды. Тағы басқа қосымша факторлар қосылғанда, осы проблемалардың бәрі, Еуропалық орталық банк басшысының тұжырымдауынша, әлемдік экономикалық белсенділікті мәңгілікке өзгертті. Ол жаһандық технологиялық  прогресс пен сауда интеграциясының сәтсіздіктеріне нұсқады. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары да адамзат белгілі бір мерзімге осылай тығырыққа тірелген болатын", – деп жазды Bloomberg.

Financial Times мәліметінше, сондай-ақ Лагард ХХ ғасырға қарағанда, ХХІ ғасырда орталық банктердің әлдеқайда сауатты ақша-кредит саясатын жүргізетінін жақсыға жорыды. Инфляциясын құрықтай алмаған бірқатар елдерді қоспағанда, өзгелерінде орталық банктердің баға тұрақтылығын сақтау бойынша заманауи құралдары анағұрлым тиімді болып шықты. Бірақ Кристина Лагард әлемдік қоғамдастықты жеткенге тоқмейілсіп, тоқтап қалудан сақтандырды.

ЕО орталық банкі төрағасының пікірінше, таяу уақыт "орталық банктер үшін нағыз сынға айналады". Өйткені сауда-саттықтың жолын кеңейтетін жаһандану процесі дағдарып, жаһандық жеткізілімдер тізбегі ары қарай ыдырауда.

Лагард Google сияқты "супержұлдыз компаниялардың", технологиялық алпауыттардың әлемдік ықпалының қарқынды артуын, жасанды интеллектің жылдам дамуын сын-қатер ретінде бағалады. Жер жүзіндегі мемлекеттер бұлардан да төнетін қатерлерге, мысалы, адамдардың жұмысынан айрылуына, жұмыссыздықтың артуына, ел табысының төмендеуіне дайын болуы, салдарларын еңсерер пәрменді шараларды қазірден қабылдауы қажет.

"Жаһандық экономикадағы терең тектоникалық қозғалыстар инфляцияны ұзақ жылдарға тұрақсыз етуі мүмкін. Бұл бағаларды бақылау жұмысын қиындатып, қымбатшылыққа соқтырады. Мұндай жағдайда ұлттық-орталық банктер үшін оңды стратегия – инфляцияны таргеттеу режимін сақтау болады", – деп кеңес берді Кристина Лагард.

Дүниежүзіндегі дамыған елдер де "тар жол, тайғақ кешті" заманға тап болғандай. Озық өркендеген елдер арасындағы ең ірі экономика АҚШ-та биылғы жылғы экономикалық өсім 2,6% болып, келесі 2025 жылы ол 1,9%-ға дейін баулайды деп болжанды. Бұған жұмыс орындары санының тым мардымсыз өсуі және биліктің фискалдық саясатты қатайтуы ықпал етпек.

Еуропаның лидері Германияның экономикасы екінші жыл қатарынан рецессияны өткеруде. Ресейдің арзандау газын жеткізуді доғаруы нәтижесінде ГФР-дің өңдеу өнеркәсібі бәрінен көп зардап шекті. Неміс елінің ЖІӨ-сінің 2024 жылғы өсімі бар-жоғы 0,2%, 2025 жылы – 1,3% болады деп тұспалданды.

Ұлыбритания, Жапония, Италия, Нидерландыда осы жылы ЖІӨ өсімі де айтуға тұрғысыз: 0,7% болмақ. 2025 жылғысы да оңып тұрғаны шамалы: Ұлыбритания мен Нидерландыда өсім – 1,5%, Азияның дамыған жалғыз елі Жапонияда – 1%, Италияда – 0,9%.

Бүкіл әлемді жайпайтын терең экономикалық дағдарыстан тынымсыз ізденіп, қарымды қимыл танытқан, сауатты саясат ұстанған елдер аман шыға алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу