Дженнифер Лопес концертінің сатылымы елді ұятқа қалдырды

5608

Концертті ұйымдастырушылар тексеру бастағандарын айтып ақталды.

Дженнифер Лопес концертінің сатылымы елді ұятқа қалдырды Фото: rbc.ru

Америкалық атақты әнші әрі актриса Дженнифер Лопестің концерті Қазақстанның халықаралық имиджін жақсартуға бағытталған еді.

Inbusiness.kz жазғандай, Astana Concert продюсері Мәлік Хасенов Джей Лоның бұл келісі "Астананың А санатындағы жұлдыздардың гастрольдік картасына енуіне жол ашатын тарихи сәт болатынын" нықтады.

Алайда әзірге "тарихи шараның" алғашқы қадамы абыройсыз болып, елді ұятқа қалдырып, фанаттардың жаппай ашуын туғызды.

Германияның қазағы, Дюссельдорф тұрғыны Омар Кескин 3 күн бұрын Джей Лоның Қазақстанға баратынын естігенде бойын шаттық буып, қатты қуанғанын айтады.

"Биылғы жазда алғаш рет атажұртқа балаларыммен баруды жоспарлағанмын. Сүйікті әншімнің концерті соған дөп келгенін қарасайшы?! Үлкен қызым да оның өнеріне өте тәнті. Содан қолсағатымды Қазақстанның уақытына көшіріп, айтылған мерзімде, 11 сәуірдегі сағат 11-де "Тикетон" сайтына кіріп, қажетті билетті сатып алмақ болдым. Түк шықпады. Орыс тілінде ғана бір үлкен мәтін шыға береді, орысша білмеймін. Виртуалды аудармашы арқылы онда виртуалды кезегім 4 сағаттан кейін келетінін түсіндім", – дейді Кескин.

Астана мен Дюссельдорф арасында 3 сағат айырмашылығы бар. Содан ол бұл істі қызына жүктеп, жұмысына кетіп қалады. Қызы 4 емес, 5 сағат тапжылмай, кезегінің келуін күткен.

"Алайда 9 минут қалғанда, үнемі өздігінен қайта жүктелумен болған "Тикетон" тосыннан істен шығып қалғаны. Мұны көре сала, сайтты қайта-қайта жүктеп, дәнеңе шығара алмаған қызым жасын көлдетіп, маған қоңыраулатты. Қазақстандағы жауапты адамдардың мұнысы енді ұят болды. Неге сатылымды тек бір операторға тапсырған? Мысалы, Imagine Dragons тобының іргедегі Цюрихта берген концертіне бардық. 25 мыңдай адамды сидырған үлкен футбол стадионы. Viagogo сервистік операторы арқылы партердегі орынға 300 доллардан билетті еш қиындықсыз алдық. Астанадағы конценттің билеті арзан емес, Қапталдағы бір қия шеті 300 доллар тұрады, соны да ала алмадық", – деді Омар Кескин.

Дженнифер Лопес табынушыларының көбіне билет жетпей қалды, билет бірер сағат ішінде толық өтіп кеткен. Ал, сұраныс "Астана Арена" стадионындағы орын санынан 8 есе (!) асып түскен.

Сондықтан "JLovers"-тер (фанаттары – "Джей Ло" және "Love" сөздерінен құралған) ұйымдастырушылардан Астанада тағы екі концертін өткізу жөнінде келіссөз жүргізіп, соған қол жеткізуді өтінуде.

Сатып алушылар басқа да проблемаларға тап болды. Мысалы, біраз адамның төлемі өткен, шотынан ақша кетіп қалған, алайда электронды поштасына ваучер сол бойы келмеді (нағыз билеті тек концертке бірнеше күн қалғанда ғана таратылады).

Пайдаланушылардың шағымдануынша, концертке билет сатып алу кезінде түрлі ақау болды. Мысалы, ондаған мың адамның банктердегі есепшоттарынан кешегі бір күн ішінде жүздеген мың теңге қаражаттар жаппай аударыла бастағанда, банктердің қауіпсіздік жүйесі іске қосылып, кейбір адамдардың төлемін бұғаттап тастады.

Сондықтан банкке дереу хабарласып, есепшотты бұғаттан босатуға күш салуға тура келіпті. Кейбір клиенттер өздеріне банк қызметкерлері қоңырау шалып, шотының немесе аударымының бұғатталғанын хабарлағанын және мән-жайын сұрағанын айтады.

Бұл кедергіден өте алғандардың алдынан тағы бір қиындық шықты. Концерттің көрермені атануға тырысқан адамдар ұзақ күтіп, кезегі жетіп, таңдаған орны үшін билет ақысын және Ticketon-ның қызметінің ақысын (орта есеппен әр билетке 9–-мың теңгеден үстемеақысын) төлеген. Алайда төлемнен кейін ешқандай құжат ала алмады.

Threads әлеуметтік желісінің ladi_di8887 бүркеншік есімі бар пайдаланушысы осындай проблемаға жолыққанын айтады.

"Ticketon платформасы арқылы билет сатып алдым. Картамнан сол үшін 200 мың теңгедей қаржы шешіп алды. Маған тіпті есепайырысуда банктің картасын пайдаланғаным үшін 25 мың теңге кэшбек аударды. Алайда билет сол бойы келмеді. Банктегілер билетті сатып алу бойынша ақырғы шешімді Ticketon қабылдайтынын мәлімдеді. Мұны қалай түсінуге болады? Билет болмаса, ақшамды кері қайтаруды сұраймын!" – деді қыз.

Компания пайдаланушылардың шағымына үн қатты. Тикетон өз жүйесі артық жүктемеден арылып, жағдай тұрақтанғаннан кейін билеттердің төлеміне қатысты проблемаларды шешуге кіріскендерін хабарлады. Бірақ осындай қиындыққа кезіккендердің бір бөлігі концертке кіре алмауы мүмкін, оларға тек қаржысы қайтарылады.

Қалай болғанда, компания әрбір нақты шағымды бөлек қарап, жеке-жеке шешім қабылдайтынын жеткізді.  

Осы дербелеңнің қарсаңында, Freedom Ticketon бас директоры Виктория Торгункова әлеуметтік желі арқылы хабар салып, әрбір төлемді растау ваучер көмегімен жүзеге асырылатынын түсіндірді. Ваучер – билеттің бронға қойылғанын растайтын электронды құжат.

Оның айтуынша, ваучер әрбір клиенттің өзі көрсеткен электронды поштасына жолданады. Жылдың басты мәдени іс-шарасының басталуына бірнеше күн қалғанда сол ваучер билетке айырбасталады. Торгункова ваучер – билеттің берілетіндігінің кепіліне айналатынына сендірді.

Ашулы клиенттер дәл сатылым басталар алдында Тикетон сайтының күйрегеніне, билет алғысы келгендерді бірнеше сағаттық ұзынсонар электронды кезекке қойып, сергелдеңге салғанына, сервисте үнемі техникалық ақаулар болып тұрғанына наразы.

Сондай-ақ, ваучер келмеген жағдайда ақшаны қайтарудың нақты жүйесінің болмағаны да көңілтолмастық туғызды. Сонымен бірге, сағат 11-де билет саудасы бастала салысымен біраз сектор билеттерінің тұтас сатылып кеткені адамдардың таңданысын тудырды.

Бұдан бөлек, осының алдында "Дженнифер Лопестің концертіне билеттер бағасы 40-тан 150 мың теңге аралығында болатыны" жарияланды. Бірақ сатылым басталғанда, фанаттар билет бағаларының шынында негізінен 130-160 мың теңгеден басталатынын біліп, айран-асыр болды. 40-100 мың аралығындағы билеттер тез сатылып кетсе керек, табылмапты.    

Компания билеттердің жетіспеуіне сұраныстың ұсыныстан 8 есе асып түсуі себеп болғанын алға тартты. Орта есеппен әрбір адам 3 билеттен рәсімдеген.

Билет операторы Дженнифер Лопестің Астанада 1 тамызда өтуге тиіс концерті қазақстандық шоу-бизнес тарихында бұрын-соңды болмаған ғаламат ажиотаж туғызғанын мәлім етті.

"Билет сатып алуды қалағандардың саны сауданың бірінші секундтарында-ақ стадиондағы орындардың көлемінен айтарлықтай асып кетті. Сауда басталған кезде сайтқа бір мезгілде 50 000-нан астам бірегей пайдаланушы кірді. Орташа алғанда бір тапсырыс аясында 3 билеттен рәсімделді. Бұл дегеніміз, 150 000-нан астам адам концертке келгісі келді деген сөз. Бұл – осы іс-шараға бөлінген орындар квотасынан 8 есе асады", – деп хабарлады Freedom Ticketon.

Оның түсіндіруінше, пайдаланушылар легінің үлкен болуы салдарынан билет сататын сайт "құлады". Орын бәріне бірдей жетпеді.

Компания өкілдері сайтқа кірушілер арасынан мысалы, бағасы арзандау бір орынға бір мезгілде тапсырыс бергендер орасан көп болғанына назар аудартты. Бұл да жүйе жұмысының баяулауына соқтырған. Кейбір жағдайда "бір орынға таласқандар арасынан кімнің озатынын бір секундтың мыңнан бір бөлігі" шешіп кетіпті.

Билет операторы Instagram  парақшасында өз командасының барлық төленген тапсырыстар мен брондарға жаппай тексеріс жүргізуге жұмылдырылғанын мәлімдеді. Компания шағымдар мен тапсырыстардың үлкен көлеміне байланысты бұл процестің белгілі бір уақытқа созылатынын ескертті.

"Біз 2 жұмыс күні ішінде міндетті түрде сатып алушылармен байланысамыз. Оның барысында кейбір жай-жапсарын нақтылаймыз және тапсырысын растаймыз. Егер тапсырысына қатысты бәрі дұрыс болса, шамалы күте тұруды өтінеміз: ваучер сатып алу кезінде көрсетілген электронды поштаға автоматты түрде жеткізіледі. Ол тапсырыстың рәсімделгенін және жүйеде тұрғанын растайды", – деп түсініктеме берді Freedom Ticketon.

Сонымен бірге, біраз адамның билеттерді бизнес жасау үшін сатып алғаны байқалады. OLX  тегін хабарландырулар сервисінде концерт билеттерін үстемеақысымен сату басталды.

Сондықтан әлеуметтік желілерде пікір білдірген қазақстандықтар компаниядан тексеру қорытындысында спекулянттардың билеттерінің ваучерлерін жоюды ұсынды. Алыпсатарлықпен күрес Қазақстанда бұрын да жүрген, оның барысында алыпсатарлардан билеттер тәркіленетін.

Finratings.kz жазуынша, клиенттердің бір бөлігі билет операторының өздерін мазақ етіп, жарамсыз билетті сатқанына шағымданыпты.  Зардап шеккендердің бірі mari_alim оның қалай болғанын төл аккаунтында жария етті.

"Жылдың "обломы"! J Lo концертіне 600 мың теңгеге билет сатып алдым, алайда онысы сәуірдің әзілі болып шықты. Соны білдірген хабарлама келді. Ал, менің 600 мыңым қайда? Бізде, Қазақстанда концертті осылай ұйымдастырады", – деп ренжіді қыз.

Ол Ticketon-нан электронды поштасына келген ресми жауапты көрсетті.

"Вы получили данное уведомление, так как приобрели билеты в онлайн-сервисе Freedom Ticketon. Сообщаем Вам, что билеты, приобретенные Вами на событие “ВПЕРВЫЕ В КАЗАХСТАНЕ! JENNIFER LOPEZ”, были выкуплены в период тестирования продажи данного мероприятия. К сожалению, данные билеты не являются действительными. Вам оформлен возврат, сумма возвратится на счет, с которого была произведена оплата", – делінген хабарламада.

Компания бұл клиенттерге қаражаты тегіс қайтарылғанына сендірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу