ЕАЭО елдері Ресейге ілесе алмай қалуы мүмкін

13288

Ресей Федерациясы 2024 жылға дейін таңбаланатын тауарлардың тізімін жариялады.

ЕАЭО елдері Ресейге ілесе алмай қалуы мүмкін

Осы жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда темекі өнімдерін міндетті таңбалау басталды. Әзірше бұл талап фильтрлі темекіге ғана қойылып отыр. Сигара, қыздырылған темекі секілді өнімнің басқа түрлерін таңбалау келер жылдың 1 сәуірінен жүргізіледі. Бұл ретте, нарықтағы ойыншыларға қойма мен дүкендерде жатқан таңбаланбаған темекi өнiмдерiн сатуға бір жыл беріліп отыр.

Республикада өндірілген темекіні таңбалауды өндіруші жүзеге асырады. Елімізден тыс жерлерде шығарылатын темекі өнімдерін таңбалау импорттаушыға жүктеледі. Бұл ретте, жыл басынан бері нарыққа 8 млн қорап темекінің заңсыз енгізілгені анықталған. Ал былтыр 5 млн қорап шылымның "көлеңкелі айналымда" жүргені белгілі болды.

"Цифрлы таңбалау "көлеңкелі экономиканың" көлемін төмендетеді. Нарықтағы заңсыз сатылатын тауарлардың жолын кеседі. Сөйтіп, адал бәсекелестікті орнатуға мүмкіндік береді. Жалпы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес ел 2015 жылы тауарларды міндетті цифрлы таңбалау туралы келісімге келді. Содан бері бірнеше тауар бойынша қанатқақты жобалар жүзеге асырылды. Қазір әр мемлекет осы бағытта жұмыс жүргізуде. Әсіресе, Ресейдің қарқыны жоғары. Солтүстіктегі көршіміз 2024 жылға дейін таңбаланатын тауарлардың тізілімін жариялады", – дейді Цифрлы экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.

Оның айтуынша, таңбалау туралы келісім бес мемлекетке ортақ болғанымен, әр ел таңбалауға жататын тауарларды өздері анықтайды.

"Аяқкиім өнімдері де таңбаланады. Бұл нарықта "көлеңкелі" айналымның бары рас. Сондықтан жаңашылдықты өндірушілер де, импорттаушылар да бірден қолдады. Олар аталған нарықты жарыққа шығару арқылы жаңа мүмкіндіктердің пайда болатынына сенімді", – дейді орталықтың бас директоры.

Қазақстанның киімді таңбалау тұрғысынан жинаған тәжірибесі бар. Осыдан төрт жыл бұрын елімізде тері өнімдерін таңбалау жүргізілген болатын. Бұл жоба әлі де жалғасуда.

"Әуелде қанатқақты жоба болды. Қазір қалыпты дүниеге айналды. Нарық та бұған үйренді. Жаңашылдық саладағы "көлеңкелі" айналымды азайтты. Шетелден заңды түрде әкелінетін тауардың көлемі артты. Мәселен, 2018-2019 жылдары импорттық өнімнің үлесі 189 пайызды құрады", – дейді Б.Құрманғалиева.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 31 желтоқсанында алкоголь өнімдерін таңбалау бойынша қолға алынған қанатқақты жоба аяқталады. Бұл саладағы таңбалау келер жылдың басында міндетті нормаға айналмақ. Одан кейінгі кезекте аяқкиім өнімдері тұр. Сондай-ақ 2021 жылдың сәуірінде дәрі-дәрмекті таңбалау басталады.

Жалпы алғанда, Қазақстан жақын болашақта тек 4 тауарды ғана таңбаламақ. Ал Ресейдің бұл бағыттағы үлесі жоғары болатын секілді. Өйткені аталған елдің таңбаланатын тауарларының саны біздікінен бірнеше есе көп. Демек ЕАЭО елдері Ресейге ілесе алмай қалуы мүмкін.

Мәселен, Ресей 2021 жылдың қаңтарынан бастап сүт өнімдерін таңбалауды айналымға енгізеді. Демек одақтағы өзге мемлекеттер Ресейдің осы қадамына жауап беруге тиіс. Таңбалауға көшеді не бас тартады. Бұл ретте "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталған бастаманың тиімсіз екенін алға тартуда. Яғни сүт өнімдері нарығында "көлеңкелі экономиканың" үлесі онсыз да төмен.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу