ЕАЭО-ның ортақ тәртібі отандық фарминдустрияның түбіне жетуі мүмкін

2933

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер биылдан бастап дәрі-дәрмекті тіркеу және саланы реттеудің ортақ тәртібіне көшеді. 

ЕАЭО-ның ортақ тәртібі отандық фарминдустрияның түбіне жетуі мүмкін

Бұл "жаңа ойында" Ресейдің жетекші елге айналғалы тұрғаны – сенаторларды алаңдатып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Саяси реңі қоюлана түскен Еуразиялық экономикалық одақтың дәрі-дәрмекке қатысты жаңа тәртібі жақында күшіне енеді. Сенаторлардың айтуынша, бұл тәртіп онсыз да шекесі қызып тұрмаған отандық фармацевтикалық индустрияны құрдымға кетіруі мүмкін. Әйтсе де Денсаулық сақтау министрлігінің бұл мәселеге байланысты өз позициясы бар екен. "Нарық ашылады", – дейді олар. 

"Еуразиялық экономикалық одақ аясында біздің елдің дәрі-дәрмегіне медициналық бұйымдары бойынша ұстанымын білдіруіңізді сұраймын. Өздеріңіз білетіндей, ұлттық сараптама процедурасы мен дәрі-дәрмекті тіркеу ісі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап тоқтатылады. Ал медициналық бұйымдар бойынша бұл шектеу 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қойылады. Яғни біз толығымен ЕАЭО аясында дәрі-дәрмекті тіркеу тәртібіне көшеміз. Бұл саланы реттеу ортақ тәртіпке айналып барады. Әйтсе де бұл жерде жетекші рөл Ресей Федерациясына тиесілі. Еуразиялық экономикалық комиссияның медициналық бұйымдардың айналымында ұлтүсті регуляторын құру туралы бастамасы – дәрі-дәрмекті тіркеу ісінің толығымен орталықтандырылатынын көрсетеді. Бұл – Қазақстаннан зор күш-жігер мен қаржылық шығыстарды талап етеді. Бұл мәселе әлі талқыланып жатыр", – деді бүгінгі Сенат отырысында депутат Ақмарал Әлназарова.

Оның айтуынша, шетелдік фармтехнологиялардың біздің елге трансферті де маңызды рөлге ие. Реттеудің жаңа механизмі жаңа препараттардың өндірісін тежейді. 

"Тиісінше дәрі-дәрмектің бәрі қымбаттап, ЕАЭО ішінде біздің елдің өнімінің бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Отандық фарминдустрияға да жайсыз тиеді. Яғни біздің ел алдағы уақытта дәрі-дәрмек импортына зәру болып қалайын деп тұр. Бұл біздің отандық фарминдустрияның өсіміне жағдай жасай ма өзі?", деп сұрады депутат Үкімет мүшелерінен.

Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді. Оның айтуынша ЕАЭО елдерімен дәрі-дәрмектің бірыңғай нарығы туралы келісім жасалған.

"Бұл бағытта аталмыш айналымды реттейтін 91 акт қабылданды. ЕАЭО нарығы Қазақстан үшін, оның ішінде отандық өндірушілерге де стратегиялық тұрғыда өте маңызды екенін түсіну керек. Сектораралық өзара әрекеттер ерекше бақылауда. Жекелеген жұмыс топтарымен бірге ЕАЭО алаңында жұмыс істеп жатырмыз. ЕАЭО-ға мүше 5 мемлекеттің 200 миллион кісілік нарығы инвесторлар үшін де өте маңызды екенін ұғыну керек. Себебі Қазақстанға келетін әрбір инвестор салмақты фармөнім шығарайын десе, біздің нарыққа аса қатты қызықпайды. Нарық үлкен болуы керек",деді ол.

Алексей Цойдың айтуынша, бұл келісім отандық дәрі-дәрмек өндірушілерге экспортты арттырып, дәрі-дәрмекті тіркеудің бірыңғай жүйесінің арқасында сыртқы нарыққа шығуға мүмкіндік береді.  "Бұл әдіс әу баста ойластырылған",– дейді ол.

"Сондықтан бұл тұрғыда Қазақстанға түсетін пайда көп. Кең нарыққа шығу мүмкіндігі мол. Сонымен қатар, біз өзіміздің дәрі-дәрмектің сапасын арттырып, халықаралық стандарттарды енгізуіміз керек. Яғни бұл біз үшін басымдық. Ұлтүсті деңгейінде реттеу мәселесіне келер болсақ, Қазақстан үшін қандай тәуекелдер барын бәріміз біліп, талдап, есепке алып отырмыз", дейді министр.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу