ЕАЭО сүңгуір қайық сияқты, батсаң да түсіп қала алмайсың

3160

"Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі" деуші еді. Түйелер бір-біріне тақала бастады. 

ЕАЭО сүңгуір қайық сияқты, батсаң да түсіп қала алмайсың

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтан опық жеп отырған мысалы көп. Президент Тоқаевтың өзі де "одақтасым" деген елдердің бір-біріне шексіз кедергі қойып, протекционистік көзқарас танытуын бірнеше рет қатаң сынаған болатын. Әсіресе,  Ресей нарығы бұл жағынан алынбай тұрған қамал секілді. Губернаторларына дейін – кішігірім патша.

Ал кеше Кремль Ресейдің сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкиннің аузымен: "Еуразиялық экономикалық одақ Батыстың санкцияларына шоғырланып тұрып жауап беруі керек", – деп мәлімдеді.

"ЕАЭО-ға қатысты үшінші елдердің бізге салынған санкциялық әрекеттеріне жауап қатуы мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Ол қаралып жатыр. Қарала береді де. Алайда бұл шаруа ДСҰ көзқарасы тұрғысынан дәл сондай санкциялардың формасы, ауқымы, көлемі мен келтірілген зияны жағынан үйлесімді болуы керек",– депті Панкин.

Ресейлік шенеуніктің бұл мәлімдемесі Қазақстанда қатаң сыналып жатыр. "ЕАЭО сүңгуір қайық сияқты",–дейді сарапшылар – батсаң да түсіп қала алмайсың.

Пойыздан түсіп қалу керек еді...

Саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл жөніндегі пікірін Facebook парақшасына жазыпты. Оның пайымдауынша, бұл мәлімдеме – Ресейдің басқа елдерді мүлде бөтен геосаяси ойындарға тартуға тырысуының айқын көрінісі. 

"Осыдан бірнеше жыл бұрын біздегі саяси тұрғыда пісіп жетілмеген адамдар Мәскеудің ЕАЭО-ны экономикалық одақтан гөрі саяси одаққа айналдырғысы, ал Ресейдің өз маңайында бірыңғай саяси кеңістік құрғысы келетінін түсінбеді. 2014 жылдан бері елдегі сарапшылардың бір бөлігі бұл интеграциялық жобаны – түсіп қалуға болатын пойыз екенін бірнеше рет ескерткен еді. Алайда бұл одақ су түбіне бет алған сүңгуір қайыққа ұқсап бара жатқаны анық болатын. "Қырғи-қабақ соғыс" басталса, Ресей мен Батыстың конфронтациясы күшейе беретінін, мұның ұзақ жылдарға созылатынын ескерттік! Ресейдің қазіргі саясатының конфронтациялық әдісі ендігәрі "Бізбен бірге болмағанның – бәрі жау" қағидатымен өрбіп барады", - дейді Досым Сәтпаев.

Сарапшы Ресей пен Батыстың конфронтациясы геосаясатты бірінші орынға шығарғанын айтады. Ал экономикалық мүдде әдірем қалып барады.

"Іргемізде қолындағы бәтеңкесімен мінберді сабалап, бүкіл әлемге "кузькиннің шешесін" танытқысы келген Хрущевтың тұсындағы Одаққа ұқсас мемлекет қалыптаса бастады. Ал бұл ахуал біздің де, посткеңестік елдердің де шекесін қыздырмасы анық. Кремльдің кезекті геосаяси авантюрасының құрбаны болып кетуіміз мүмкін. 2018 жылы "Ресейдің геосаяси жалғыздығы Қазақстанның басына қауіп төндіріп тұр" атты мақаламда кремльдік идеологтар өзінің қым-қуыт әлеміне ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дағы серіктестерін тартқысы келетінін жазған едім. Оның үстіне дәл осындай жағдай ҰҚШҰ-да да байқалады. Николай Бордюжа аталмыш ұйымның бас хатшысы болып тұрған тұста осыған ұқсас мәлімдемелерді айтқаны бар. Украинадағы жағдайға байланысты Ресей мен НАТО-ның арасындағы бітіспес ерегес басталған кезде ол ашық түрде ҰҚШҰ-ның Ресейді бұлтарыссыз қолдап, НАТО-ны қауіп ретінде тануы керектігін мәлімдеген болатын", –дейді ол.

Досым Сәтпаев ресейлік шенеунік Александр Панкиннің мәлімдемесі Қазақстанның экономикалық мүддесіне мүлде қайшы екенін ескертеді.

"Егер Қазақстан шынында да тәуелсіз мемлекет болса, ол өзінің сыртқы саясатын, халықаралық экономикалық байланысын да өзі айқындауы керек!", – дейді Досым Сәтпаев.

Одақтың онсыз да пайдасынан зияны көп

Еуропалық ұшақты қорқытып біз тоқтатқан жоқпыз. Қырымды да басып алған біз емес. Навальныйдың тұтқындалуына да түк қатысымыз жоқ. Бұл әрекеттерді жасаған кезде бізбен ешкім ақылдаспады да. "Үйлесімді шешім іздейік" деген де емес. Ендеше, бұл тұрғыда "шоғырланып тұрып жауапкершілік көтерудің" қажеті қанша? Кімге бағыттаса да, әйтеуір сарапшы Талғат Қалиев осындай ойлы сұрақ қойып отыр

"Біз халықаралық құқыққа қарсы ешқандай әрекетке барған емеспіз. Оның үстіне Қазақстан отыз жыл бойы бар күшімен бейбітшілікті қалайтын мемлекетті құруға тырысып жатыр. Өзіне бекітілген міндеттемені қалтқысыз орындайды. Бізге бір кезде ЕЫҚҰ орынтағы тапсырылды. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық еттік. Адалынан мойындайық – біз бейбіт қана емес, байсалды мемлекетпіз. Бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінде біздің студенттер оқу оқып жүр. Инвесторларымыздың мемлекетімізге деген сенімі зор. АҚШ елшілігі құм толы бөшкелермен емес, клумбалармен ғана қоршаулы тұрған әлемдегі аз ғана мемлекеттердің біріміз. Ендеше, біз неге ЕАЭО-ның бүкіл әлемге бағыттаған санкциясына қосылуымыз керек? Біз Қырымда демалып, күшпен қондырылған ұшақтан пайда көріп отырмыз ба? Бірдеңені қисақ, ол бір айтулы идеямен ақталуы керек немесе олжа жағынан рационалды тұрғыда пайдалы болуы тиіс. Ал қазіргі жағдайда бізге оның екеуінің де қарасы көрінбейді", – деп кесіпті сарапшы.

Талғат Қалиевтің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтағы мүшеліктен Қазақстанға келер пайдадан гөрі зиян көп. Ал осынау интеграциялық бірлестіктен идеялық мазмұнды ешкім де іздеп жүрген жоқ. Оған әсіресе Думаның бұған дейінгі депутаттарының ойсыз мәлімдемелерін тағы қосып қойыңыз.

"Келіссөз жүргізетін біздің мәмілегерлердің санкцияларға қосылу жағынан күші, қағидатқа беріктігі мен аргументтері мығым болар деген үміттемін. Өз басым темір құрсауға кіргім келмейді, түк қатысымыз жоқ біреудің ісі үшін жауап берудің дым пайдасы жоқ", – деп ескертеді Талғат Қалиев.

Қазақстан санкцияға қосылып, суицидке бара алмайды

Саясаттанушы әрі Мәжіліс депутаты Айдос Сарым болса Ресейдің лауазымды адамдары бұған дейін де "бізге ортақ валюта керек" деп дүрбелең көтергенін еске салады.

"Менің ойымша, бұл да сол қатардағы әңгіме. Экономикалық одақты саяси құралға айналдыру, өз мүддесіне пайдалану – Ресейдің былайша айтқанда арман-қиялы ғой. Менің білуімше, мәлімдемеде (Панкиннің) көтерілген мәселе Дүниежүзілік Сауда ұйымдарының талаптарына қайшы. Оны Панкиннің өзі де айтып отыр. Бұған экономикалық одаққа мүше елдер көне қояды дегенге өз басым сенбеймін",– дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ дегеніміз – көбінесе Ресейдің тауарын өткізуге бейімделген ұйым сияқты көрінеді. Өйткені саудаға қатысты кедергілерді аламыз деген әңгіме Кремль тарапынан айтылғанымен, еш өзгеріс болып жатқан жоқ. Тіпті оларда кедергінің екі-үш сатысы, атап айтқанда федералдық, үкіметтік және аймақтық деңгейде барын естен шығармауымыз керек.

"Осы жағдайлардың бәрі де мүше мемлекеттердің ЕАЭО-ға деген теріс пікірін тудыратыны анық. Бұл – аса жауапсыздық. Ал "ортақ валюта керек" деген әңгімелер бүгінгі күннің күйбең тіршіліктен туындаған, ауқымды стратегиялық межелерді ескеріп, елемейтін әрекеттер. Бұл жағдайлар басқа мемлекеттердің саясаткерлерінің де, бизнес өкілдерінің де зығырданын қайнататын, теріс пікір тудыратынын ойлар",– деп атап өтті Айдос Сарым.

Мәжіліс депутаты экономикалық одаққа мүше болып отырған әр мемлекеттің өз мүддесі барын еске салды.

"Шынын айту керек, Беларусь, Армения, Қырғызстан бұл одақтың пайдасын көріп отыр. Олардың экономикасы әлсіздеу, қаржылық, валюталық құрылымы күрделі. Әсіресе, Беларусьты айтам. АҚШ пен Еуропа елдерінің санкцияларына ұшыраған Беларусьтың Ресейдің қолтығына кіруден басқа ешқандай амалы қалмай барады. Тіпті саясаттанушылардың арасында "бұл елді түбі Ресей жұтуы да мүмкін" деген ой айтылып жатқаны анық. Бұл бір мәселе. Менің ойымша, одақтың ішіндегі кез келген шешім консенсуспен қабылдануы керек деген қағидат бар. Екінші жағынан, біз өзіміздің сауда құрылымымызға назар аударуымыз керек секілді. ЕАЭО-ға кіретін бүкіл саудамыз – Қазақстанның жалпы саудасының 20-25 пайызын құрайды. Қалғаны – Батыс елдері мен Қытай. Осыны ескерер болсақ, Қазақстан мылтық алып, өз-өзіне оқ ата алмайды. Біз суицидке негізделген жасөспірім емеспіз ғой. Сондықтан меніңше, бұл шешім қабылданбауға тиіс. Қабылданбайды да. Себебі ол біздің түпкілікті ұлттық мүддемізге қайшы болар еді", – деп түйді Айдос Сарым.

Тобықтай түйін

Сарапшылардың пікірі осындай. Ақорда Панкиннің мәлімдемесіне анық жауабын бермесе, біздің мемлекет бастан қамшымен сабалай берген тұлпардай бүгелек күйге түсіп қалмай ма деген қауіп бар...

Аян Өрібай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу