Егемендік декларациясында "қазақ халқы деген сөз болмасын" деп табандағандар көп болды...

4043

Мемлекеттiк егемендiк туралы декларация – азат Қазақстан республикасының тұңғыш құжатына айналды. Бірақ ұлтжанды азаматтар күш біріктірмегенде, ол қабылданбауы да мүмкін еді.

Егемендік декларациясында "қазақ халқы деген сөз болмасын" деп табандағандар көп болды... Фото: elbasy.kz

Кеңес одағында Мемлекеттiк егемендiк туралы декларацияны ең соңғы болып Қырғызстан қабылдады: Қырғыз КСР-інің Жоғорку Кенеші бұл құжатты 1990 жылғы 15 желтоқсанда бекітті. Қырғыз саясаткерлерінің мойындауынша, Алатаудың ар жағындағы ағайын ел қазақтарға қатты қарайлады. Себебі Қазақстан сияқты Қырғызстан да көпұлтты мемлекетке айналдырылған еді. 1989 жылғы санақ бойынша Қырғыз КСР-інде мемлекет құраушы қырғыз жұртының үлесі 52,37% (2,2 млн адам) болды. Ал орыстардың үлесі 21,5%-ды (1 млн), өзбектер – 12,9%-ды (550 мыңнан астам) құраған. Бұдан бөлек ірі он диаспора тұрып жатқан.

Қазақстандағы жағдайы одан да нашар болатын. 1989 жылғы халық санағы дерегінше, тұрғылықты ұлттың – қазақтардың үлесі небары 39,6% ғана болған. Орыстардың үлесі 37,8%. Бірақ украин, беларусь және басқа орыстілділерді қосқанда, оларды жақтаушылардың қарасы басым болып тұрған. Олардың көбі Қазақстанның тәуелсіздік алғанын емес, Ресей құрамына қосылғанын ашықтан ашық қалады.

Сол кездегі тарихи оқиғалардың куәгерлері Егемендік декларациясының айналасында қырықпышақ талас-тартыс жүргенін еске алады. Қазақстанда сол бұрынғыдай жұмыс істеген кеңестік құқық қорғау және арнайы органдар тікелей және жанама түрде қоғамға, депутаттарға ықпал етуге тырысқан. Бірақ елдің басшысы Н.Назарбаев өзінен қолдау сұраған қазақ қайраткерлерінің жағына шықты. Бұл оған өзінің тарихтағы рөлін орнықтыру үшін де керек еді.

1990 жылғы 16 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев ХII шақырылымдағы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің I сессиясында сөз сөйлеп, "бұл азаттық ең алдымен қазақтыкі" деген ұлтжанды азаматтардың тезисін толық жақтайтынын жариялады.

"Біз Декларациядан республиканың ұлттық мемлекеттілігі туралы мәселені, сондай-ақ одан қазақ халқы туралы сөздерді алып тастауға табандап отырғандармен келісе алмаймыз. Оған келіссек, бұл қысастықты қазақтар түсінбейді. Бұл жағдайда қазақ халқы КСРО-дағы өзге ұлттарға тең емес, төмен болады. Кеңестік республикалардың кез келгенінің ұқсас декларацияларын алып қараңыздар. Барлығында ұлттық мемлекеттілік туралы ереже жазылған. Қарсылар Қазақстан территориясында қазақ халқының үлесі басым емес деп дәйектейді. Тек осы негізде ғана біздің құжаттан ұлттық мемлекеттілік туралы тезисті алып тастасақ, бұл саяси қателік болады. Өзінің бүкіл тарихында интернационализм идеяларына беріктігін дәлелдеп келе жатқан қазақ халқы өзге ұлттардың өзіне оң көзқарас танытуына әбден лайықты", – деді Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаев.

Бұл тарихи құжатты жасауға және қорғауға қазақтың беткеұстар ғалымдары, академиктер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Қайрат Сапарғалиев, Мұрат Баймаханов теңдессіз үлес қосты. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, сонда Декларацияның жобасын әзірлеу үшін арнайы комиссия құрылып, оның төрағасы ретінде академик Салық Зиманов сайланды.

"Комиссия құрамына 25 адам кірді. Олар декларацияның бір емес, үш жобасын қатар дайындады. Жоғарғы кеңесте декларация бірнеше күн бойы қызу талқыға тартылды. Ақырғы отырыста талқылау 6 сағатқа созылды. Қызылкеңірдек айтыс-тартыстың алғашқы үш сағаты өткенде, депутат Мұхтар Әлиев сөз алып, комиссия төрағасы С.Зимановтың 70 жастағы ақсақал екенін еске салып, қалған пікірталасты оның орнында отырып жүргізуіне рұқсат етуді ұсынды. Бірақ Салық аға одан бас тартып, 6 сағат бойы тікесінен тік тұрып, құйтырқы сұрақтарға тегеуірінді жауап берді. Сонда қазақтың жерін басып, суын ішіп жүрген Жоғарғы кеңестің 360 депутатының үлкен бөлігі Тәуелсіздік декларациясын қабылдауға қарсы болып жүрді. Қарсы сөз сөйлегендердің ішінде ірі-ірі мекеме басшылары, "Казахстанская правда" газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі, тіпті мектеп мұғалімі де болды", – дейді Мұхтар Абрарұлы.

Дегенмен ақыр соңында ұлтжанды арыстар оның көбін өз жағына шығара алыпты.

Білікті басшы, дарынды саясаткер Ерік Асанбаев басшылық еткен Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі 1990 жылғы 25 қазанда басым дауыспен "Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация жөнiндегі" №307-XII қаулысын қабылдады.

Бір қуантарлығы, ұлты басқа депутаттар арасында қазақтарды қызу қолдағандар болды. XII шақырылымдағы сол Жоғарғы кеңестің депутаты болған Александр Перегрин осыған назар аудартты. Олай болмағанда, ұлтжанды қазақтар азшылықта қалатын еді.

"1990 жылғы 25 қазанда қазақтар азат республикасын құратыны туралы алғаш рет әлемге жар салды. Декларация осынысымен құнды. Әйтпесе, ол құқықтық емес, негізінен символдық құжат болатын. Мысалы, ұқсас құжаттарды Ресей құрамында республикалар да жариялады, бірақ сол бойы бөлінбеді. Қазақстан Егемендік декларациясын өзгелерден әлдеқайда кеш қабылдады. Өйткені Кеңес одағын сақтап қалуды соңына дейін табанды жақтады. Бұл декларацияда көрініс тапты, онда "Қазақ КСР-і – егемендi мемлекет, ол басқа республикалармен Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi және олармен өзара қатынастарын шарттық негiзде құрады" деп жазылды. Декларацияда тіпті Қазақ КСР-і деген атау сақталды. Бірақ сол кездің өзінде қоғамнан республика атауын өзгерту ұсыныстары түскен. Мысалы, заңгер, комиссия мүшесі, Жоғарғы кеңес депутаты Виталий Воронов елді енді "Қазақ Республикасы" деп қайта атауды ұсынды. Сонда тарихи әділдік қалпына келетін еді. Өкінішке қарай, оның ұсынысы қолдау таппады. Билік ұлтаралық келісімді сақтау деген сылтаумен одан бас тартты", – деді А.Перегрин.

Сарапшылардың айтуынша, Мәскеу Қазақстан егемендігін жариялағанымен, Ресейге қайта қосылады деген сенімде болған. Себебі 1990 жылғы 20 шілдеде Солтүстік Осетия АКСР-інің Жоғарғы кеңесі де Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдады. 9 тамызда Карелия АКСР-і, 29 тамызда – Коми АКСР-і, 20 қыркүйекте – Удмурт республикасы, 27 қыркүйекте – Якут-Саха КСР-і, 8 қазанда – Бурят КСР-і, 11 қазанда – Башқұртстан, 18 қазанда – Қалмақ КСР-і, 22 қазанда – Марий елі, 24 қазанда – Чуваш КСР-і, 25 қазанда – Таулы Алтай автономиясы және басқалары дәл осындай Егемендік декларацияларын жариялады.

Бірақ әрі қарай олардың ешқайсысы тәуелсіз мемлекет бола алмады. 1992 жылғы 31 наурызда Ресей Федерациясы осы "егемен республикалармен" жаңартылған федеративтік келісімге қол қойды. Оған қол қоюдан тек Татарстан мен Шешен-Ингуш республикасы ғана бас тартты. Мәскеу артынша Татарстан билігін айламен иліктіре алды. Ал Шешенстан 2 соғыс нәтижесінде бодандыққа бас игені тарихтан белгілі. Әлгі келісім бойынша республикаларды төл президенті мен парламенті басқарды, өз үкіметі болды. Ресейлік сарапшылардың тұжырымдауынша, Путин тұсында ол егемендіктен ұлтарақ та қалмады. Билік орталықтандырылды. Республикалардың басшылары президент атағынан айрылды, қазір жай ғана басшы аталады.

Сонымен бүгін Азат қазақ Республикасының жаңа тарихының бастауы ретінде аталып өтіп отырған дата – 25 қазанда, 1990 жылы Қазақ КСР парламенті қазақ елінің Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларацияны қабылдады. Аттарын атап, дауысқа салу үдерісінде құжат үшін 261 депутат қолдау білдірді, 18 депутат қарсы шықты. 2 депутат қалыс қалды, бір депутат дауыс бермеді.

Бұл күн қазір "Республика күні" және егемендік мерекесі ретінде тойланады. Кейін, 1991 жылғы 16 желтоқсанда дәл осы декларация қағидаттары негізінде "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" конституциялық заң қабылданды. Ол заңның қабылданған күні "Тәуелсіздік күні" ретінде атап өтіледі.

1990 жылғы 25 қазанда қазақ елінің егемендігін қалпына келтіруге, азат республиканы құруға тарихи қадам жасалды. Биыл қабылданған заң бойынша бұл мерекенің мәртебесі өзге мерекелерден, соның ішінде Тәуелсіздік күнінен де жоғары. Республика күні – Қазақстандағы жалғыз ұлттық мереке. Басқасының бәрі – мемлекеттік мереке статусына ие.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу