Екі облыстың шаруалары жерді бөлісе алмай әлек

1821

Ал құзырлы органдар қол қусырып отыр. 

Екі облыстың шаруалары жерді бөлісе алмай әлек

Павлодар облысы Баянауыл ауданы мен Қарағанды облысы Осакаров ауданының шаруалары 17 мың гектар жерді бөлісе алмай отыр. Бір қызығы, бұл алқап екі ауданның ресми құжаттарында көрсетілген. Кәсіпкерлер де заңды қожайындары ретінде тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Екі өңір арасындағы жер дауының шыққанына 10 жылдың жүзі болып қалды. Бірақ мәселе әлі күнге дейін шешілер емес. Жергілікті билік шаруаларды орталық органдарға жібереді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолынан түк келмей отыр.

Баянауыл ауданы "Нұрасыл" шаруа қожалығының басшысы Бұқар Нұрлан 2013 жылы конкурс арқылы 1477,6 гектар жайылым жер алғанын айтады. Жас кәсіпкер "Сыбаға" бағдарламасы арқылы шетелден ірі қара әкеліп, ауылда мал шаруашылығын дөңгелетуді көздеген. Бірақ араға бір жыл салып, яғни 2014 жылы конкурс негізінде алған жердің Қарағанды өңіріне тиесілі екенін ойда жоқта біледі. Тіпті, бұл аумақ сол жылы басталған пилоттық жоба бойынша Қарағанды облысының электронды картасына кірген. Ал қағаз жүзіндегі құжаттарда мыңдаған гектар жер Павлодар облысына тиесілі екені тайға таңба басқандай жазылған. Бір жер телімінің құжаттарда екі облыстың қарамағына берілуі салдарынан шаруашылық зардап шегіп отыр.

"Бұл мәселе көтерілген тұста екі аймақтың басшылығы кездесіп, мәселе нақты шешімін тапқанға дейін даулы аумақ ешкімге берілмейтінін айтқан еді. Алайда 2019 жылы қарағандылық шаруалар жерді жыртып, жұмысты бастап кетті. Сол уақытқа дейін бұл жер телімінің салығын мен төлеп келген едім. Ал көршілес өңірдегі кәсіпкерлердің мұндай әрекеттерінен соң шабындық жерсіз қалып, малды жаяр жер таппадым", – дейді Бұқар Нұрлан.

Бұл мәселеге қатысты екінші тараптың өз уәжі бар. Молодежный кентінің тұрғыны Темірлан Егізеков ұзақ жылдар бос жатқан жерге мал азығын егу үшін өңдеу жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. Бірақ бұл жердің тағы бір қожайыны шығып, ол заңды құжаттарын көрсеткен соң, істі тоқтатуға тура келді. Сөйтіп, екі шаруаның да жұмысы үзілді.

Қос тарапты әбден титықтатқан жағдайдан екі облыстың басшылығы хабардар. Павлодар облысының жер қатынастары басқармасы мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған жүйесінде даулы аумақ Баянауыл ауданында белгіленгенін алға тартып, "жер біздікі" дейді. Қарағанды облысы Осакаров ауданының жер қатынастары бөлімі кеңестік кезеңнен бері бұл 17 мың гектар аумақ Қарағанды облысына тиесілі әрі оны растайтын рұқсатқағаздар барын айтып, "жер біздікі" деп отыр.

Даулы жайтқа нүкте қою үшін осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Алайда оның тындырған шаруасы жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі кәсіп дөңгелетіп отырған ауылдағы ағайынның ресми сауалдарына жауапты әне береміз, міне береміз деп "құрғақ" уәдемен "тойдырып" келеді.

Енді көктемгі дала жұмыстарына қамдануға тиіс екі облыстың шаруалары не істерін білмей дал. Мәселе биыл да шешімін таппаса, кәсіпкерлердің тығырыққа тірелер түрі бар. Ал бұл уақытта жерге қатысты құжаттарды толтырған әкімдіктің, олардан үнемі есеп қабылдайтын министрліктің қызметкерлері ешқандай жауапкершілікке тартылған жоқ. Сонда екі облыс тұрғындарының әуре-сарсаңға түсуіне кім кінәлі?

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу