Екібастұзда асылтұқымды мал санын көбейтпек

4417

Өндірістік аймақ ауыл шаруашылығы саласына ден қойды.

Екібастұзда асылтұқымды мал санын көбейтпек

Биыл екібастұздық шаруаларға "Қазагроқаржы" АҚ арқылы 1 071 832 000 теңге көлемінде несие беру жоспарлануда. Ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту үшін асылдандырудың маңызы зор.  7 шаруа қожалығы аналық мал басын көбейту үшін шетелден 1  мыңнан аса ірі қара малды жеткізуді жоспарлап отыр.

Жақында Қоянды ауылдық округінде орналасқан "Гранат" шаруа қожалығы "Сыбаға" бағдарламасы шеңберінде Ресейдің Хакасия Республикасындағы шаруашылықтардың бірінен 45 бас асыл тұқымды симментал сиырын сатып алды.

Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Назгүл Әбілденованың мәліметіне сүйенсек, ірі қараны сатып алуға жыл басынан бері шамамен 20 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Бағдарлама талаптарына сәйкес, оның бірі бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланбақ. Қазір сиырлар карантинде тұр.

Бұдан бөлек, Төртқұдық ауылдық округіндегі "Үш ата" шаруа қожалығы қой санын 500-ге көбейтпек. Әлкей Марғұлан атындағы ауыл шаруалары "Мясной двор" ЖШС ангус тұқымды ірі қара малды Ақмола облысынан тасымалдамақ. Бүгінге дейін Екібастұз өңірінде малдың осы тұқымын көбейтумен бірде-бір шаруашылық айналыспаған екен. "Марс" шаруа қожалығы 1000 бас қаз асыруға ниетті. Осы мақсатқа Төртқұдық ауылдық округінде 10 гектар жер учаскесі бөлінді.  Бұдан бөлек, қазір жұмыс істеп тұрған мал сою цехтарын ұлғайту – алдағы күннің еншісінде.  

Өткен жылы мал шаруашылығын жақсартуға жалпы сомасы 237,2 млн теңге несие берілген. Бұл қаржы ірі қара мал, қой-ешкі, жылқы, импорттық аналық мал алуға жұмсалыпты. Биыл да мал шаруашылығын дамыту мақсатында көптеген жобалар қолға алынбақ. Ақкөл ауылдық округіндегі "Табыс" шаруа қожалығы тәулігіне 500 литр қымыз өндіретін цех құрылысын жүргізбекші. Мал сою цехының өндірістік қуатын  тәулігіне 1,5 тоннадан 2,2 тонна өнім шығаруға жеткізбек. Сонымен бірге, биыл 3 шаруа қожалығының әрқайсысы 1000 басқа шақталған бордақылау алаңының құрылысын бастағалы отыр, олар: "Жарсор" және "Жаңауыл" ЖШС-лері және "Табыс" шаруа қожалығы.

Дария Ерғазина, Екібастұз

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу