Екібастұздағы жанжал: "Науқас баланы шизофреник ұрып кеткен"

3328

Психиатриялық аурухананың жағдайына қатысты дау туындады.  

Екібастұздағы жанжал: "Науқас баланы шизофреник ұрып кеткен"

Бұл мәселені алғаш болып, қоғамдық бірлестік белсендісі Марьям Галямова көтерді. Одан мұны науқас баланың анасы сұрапты.

Екібастұз тұрғыны Минзифа 34 жасар жалғыз ұлын – туғалы бері І-топ мүгедегі, керең-мылқау, эпилептик баласын тәрбиелеп отыр. Баласы психиатрда есепте тұр.

"Сегіз жылдан бері ұлымды ауруханаға жатқызбай келгенмін. Себебі, 2013 жылы ол психауруханада қатты жарақат алды, оны сонда шизофреник ұрып тастады. Осы оқиға бойынша прокуратураға да, жергілікті және облыстық әкімдікке де, полицияға да шағым жаздым. Алайда ешқандай шара қабылданбады. Ал бас дәрігері әлі күнге сонда жұмыс істеп келеді. Оның үстіне аурухананы былық жайлаған. Содан биылғы 19 ақпанда баламды психбольницаға жатқыздым. Ғимараты сол бойы аянышты күйде, көнерген, күтім көрмеген. Менің ойымша, оны не жабу керек, не жаңғыртып, лайықты жағдай жасау керек. Негізгі ғимаратқа қосымша, бос тұрған блоктар тұрғызыпты. Терезелер темір тормен жабылған. Ал құлыптар есіктің сыртынан, дала жақтан жабылған. Егер өрт болса, сырқаттар қалай құтылады?!", – дейді Минзифа.

Бұған қоса, ерлер мен әйелдер бөлімдері әртүрлі қабаттарға ажыратылмапты, араласып жүреді.

"Көп әйел жатыр екен. Бұл ауруханаға баланы жатқызу қорқынышты. Медұйымның артынан талай сөз ерді. Мысалы, "Еуразия бірінші арнасы" 22-ші шағынауданда тұратын сап-сау әйелді осында үш ай бойы зорлықпен ұстап келгені, күшті әрі уытты препараттар еккені туралы сюжет көрсетті. Сырқаттар антисанитарлық жағдайда емделуде. Кіреберісте антисептик таба алмадық. Жабық нысан емес пе? Кіреберісте қызу өлшеп тұрған ешкім жоқ. Медицина және асхана қызметкерлерінің бетпердесіз жүргенін байқадым", – дейді науқас анасы.

Сырқаттардың туыстарына олармен жертөледе кездесуге тура келіпті. Себебі карантин шараларына байланысты бөлімдерге кіруге рұқсат етілмейді. Келушілерге арналған жертөле-подвалда жалғыз кушетка қойылыпты, оның өзінде оған "отыруға болмайды!" деп жазылған.

Шағымданушы ғимараттың сол қанатында бос тұрған зал барын, сырқаттармен кездесуге соны бөлуді сұрайды.

"Бөлімде қызметкердің бірінің балалары жүгіріп жүргенін байқадық. Бұған қалай жол берген? Психиатр маман оның бірін ұстап алу үшін қуалап жүрді. Бұл балабақша емес, психиатриялық аурухана ғой. Бұл былықты бақылап жатқан ешкім көрінбейді. Салада жақсы мамандар жоқ деуге болмайды, бар: мысалы, Гузель Ерденқызы – нағыз дәрігер, сауатты, интеллигент, мейірімді, 8 жыл бойы үйге келіп, ұлымды қарап тұрды, оған жаны ашитын", – дейді Минзифа.

Алаңдаған ананың жүрегі алдамапты: ол 17 наурызда баласын алып кетуге келеді. Алайда бас дәрігер науқасты шақыру орнына, кабинетіне шақырып, баласының аяғынан жарақат алғанын айтады: "жуынуға бара жатқанда баспалдақта сүрінген". Бірақ болған оқиға туралы дер кезінде ата-анасын хабардар етпеген.

"Не травматологтың түсірілімдерінің көшірмесін бермеді, не оның тағайындағанын орындамаған. Балам емдеусіз қалған. Және бұл масқара ауруханада орын алуда. Мен ұлымды шашы бастырылған, қырынған, таза, жақсы күйде әкелгенмін. Осы жолы алып шыққанда талып қала жаздадым: ұлым "бомжға" ұқсап кетіпті. Бет-аузын түк басып кеткен, үсті-басынан сасық иіс мұңкиді. Шашы да өсіп кетіпті. Біраз уақыт қамауда ұсталған адам сияқты. Аяғы толған жара, гематомалар. Аяғында қатты, резеңкелі сланцы. Мейірбикеден мен әкелген қоңыр, жұмсақ, жылы шлепкалар қайда екенін сұрасам, білмейді. Бұған қоса, қырынатын құралдарын, сондай-ақ дәретхана қағаздарын, сабынын – бәрін әкелгенмін, оның бірін қажетке жаратпаған. Оның бәрі қайда кеткен?", – деген Минзифа ана Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдан ауруханадағы жағдайға назар аударуды сұрайды.

Әйтпесе, билік әдетте пациенттер өлсе ғана қимылдай бастайды.

Жалпы, жалғыз Екібастұзда ғана емес, еліміздің барлық дерлік өңірінде наркология және психотерапия орталықтары, психдиспансерлер ұқсас жағдайда екені жасырын емес. Бұлардағы сырқаттар ауруханадағы проблемалар түгіл, өз жағдайын дұрыс жеткізе алмайтыны мәлім. Сондықтан олардың ата-аналары және туысқандары шулап жүреді.

Айтпақшы, Минзифа ана ұлын ауруханадан алып кетіпті. Үйіне оралғасын ұлының ұзақ жуынғанын айтады. Аяғындағы жарақаттарына жақпа майлар жағып, емдеуге тура келген.

Кейде қоғам белсенділері иттер мен мысықтар қамалатын пана-приюттерді немесе зоопарктерді аралап, жануарларға жағдай жасалуына мән беріп жатады. Бұл да керек шығар. Бірақ елімізде ең алдымен адамдардың ауруханалар мен диспансерлерде қалай ұсталатынына баса көңіл аударған жөн.

Бұл мекемелер бүгінде бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Демек, ол ұйымдарға бармай-ақ, қашықтан бақылау жүргізуге мүмкіндік бар. Тек науқастардың ата-аналары ол камералардың жұмыс істейтініне күмәнданады.

Әлеуметтік желіде кейбір аналар бұл науқастарға фармкомпаниялар жаңа дәрілерінің клиникалық сынақтарын жасайды-мыс деп шулайды. Бұл әрине, жалған болуы мүмкін, бірақ сырқаттарға қандай дәрілер егілетініне қатысты ашықтықтың, жариялылықтың жоқтығы рас.

Екібастұз қаласы әкімнің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мариям Маликова Минзифа отбасына көмек көрсеткендерін хабарлады.

"Минзифа М. 2020 жылғы 24 желтоқсанда қала әкімі А.Қаңтарбаевтың жеке қабылдауына шақырылды, алайда ол шақыруды қабылдаудан бас тартты. Бюджеттік бағдарламаларда сырқат отбасына арнайы ортопедиялық матрас сатып алу, стоматологиялық қызмет көрсету және веранда салып беру қарастырылмаған. Сондықтан "Благотворительность" қоғамдық қорына матрас әперіп, қайырымдылық көрсету мәселесін қарастыру туралы хат жолданды. Басқасына келсек, қалада І-топ мүгедектері қоғамдық жолаушылар көлігінде тегін жүре алады. Тасымалдаушы "Жоламан-ЭК" компаниясы Минзифаға 3 айға – қаңтар, ақпан, наурызға жолда жүру билеттерін сыйға тартты", – дейді әкімнің орынбасары жауап хатында.

Тағы бір "қызықты" көмек жасалыпты: мүгедек баласы бар осы анаға "Қамқорлық" қайырымдылық айлығы аясында 5 тонна көлемінде көмір бөлінген. Ал аталған отбасы орталықтан жылытылатын үйде тұрады...

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу