Құрылғалы бір құлап, бір тұрып келе жатқан Екібастұздағы Қазақстан вагон құрастыру зауытының еңбек ұжымы алдындағы қарызы көбейіп барады. Осы жылдың тамыз айының соңындағы дерек бойынша, компания бұрынғы және қазіргі қызметкерлеріне 117,6 млн теңге берешек. Дәлірек айтсақ, 508 адам тиісті еңбекақысын біраз уақыттан бері ала алмай жүр.
"Компания тапсырыстың жоқтығынан қаңтарылып тұр. Заң бойынша, компания жұмыс берушінің салдарынан қызметін уақытша тоқтатса, жұмысшыларына кем дегенде еңбекақының 50 пайызын төлеп отыруға міндетті. Біз аталған кәсіпорында тексеріс жүргіздік. Тексеріс қорытындысына сәйкес, компанияға жұмысшылар алдындағы қарыз 2019 жылдың 3 тамызына дейін төленуі керектігі туралы ұйғарым берілді. Алайда төлем жасалған жоқ. Сондықтан іс сотқа жіберілді", – дейді Павлодар облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов.
Басқарма басшысының сөзінше, бүгінде Қазақстан вагон құрастыру зауытын "ЗИКСТО" ЖШС сенімді басқаруға алған. Құрылытайшылар алдағы уақытта кәсіпорынның жұмысын қайта жандандыру керектігі я керек еместігі туралы шешім қабылдайтын болады. Дәл қазір зауытта 370 жұмысшы тіркелген.
"Павлодар облысындағы шағын кәсіпорындар жыл сайын жұмысшылар алдында жүздеген миллион теңгеге қарыз болып қалады. Өкінішке қарай, бұл үрдіс жылда қайталанады және қарыз арқалаған кәсіпорындардың саны азаймай тұр. Жалақы бойынша жинақталған қарыз көлемі де жыл сайын бір деңгейде тұрады. Еңбек басқармасы апта сайын еңбекақыны уақытылы төлемеуге қатысты кем дегенде 20 шағымды қарастырады. Жыл басынан бері 2100 тұрғын дәл осындай мәселемен шағымданды. Аталған шағымдар бойынша, шағын бизнес басшыларынан еңбек ұжымдарының пайдасына 319 млн теңгеден астам қаржы өндіріліп алынды", – дейді басқарма басшысы.
Негізінен, еңбекақыны уақытылы төлемеу мәселесі шағын кәсіпорындарда жиі орын алады екен. Мұндай жағдай ірі кәсіпорында өте сирек кездеседі.
"Еңбек ұжымы алдындағы міндеттемелерін орындамайтын жұмыс берушілер іске еңбек инспекторлары араласқан соң, жалақы бойынша жинақталған қарыздары мен айыппұлдарын дереу төлейді. Оған дейін тырп етпейді. Бұл ретте, еңбек шартын сақтамаған жұмыс берушілерге атқаратын қызметіне байланысты айыппұл салынатынын атап өткен жөн. Айыппұл көлемі 30 айлық есептік көрсеткіштен басталып, 150 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Ақшаға шақсақ, 75 750 теңгеден 378 750 теңге аралығын құрайды", – дейді Асқар Қапанов.
Павлодар облысында әлдеқашан банкрот болған, бірақ жұмысшыларға алдындағы жалақы бойынша жинақталған қарызын төлемеген кәсіпорындар да жетерлік. Тамыз айының соңындағы ресми дерекке сүйенсек, қарыз арқалаған банкрот болған кәсіпорындардың қатарында "Нұр Павлодар" ЖШС, "Муса Импекс" ЖШС, "Унистрой-ПВ" ЖШС, "Green House-Павлодар" ЖШС, "Food Center Astana" ЖШС, "Эк Алпар" ЖШС секілді компаниялар бар. Олардың еңбек ұжымдары алдындағы қарызы 52,4 млн теңгені құрайды. Бұл ретте, 146 адам аталған компаниялардан өзіне тиесілі ақшасын ала алмай жүр.
Фархат Әміренов