Екібастұздың 2-МАЭС-і көмір күлінен қосымша пайда табады

16821

Стансада күлқож өндіретін инвестициялық жоба іске асырылды.

Екібастұздың 2-МАЭС-і көмір күлінен қосымша пайда табады

Акциясының 50% үлесі  "Интер РАО ЕЭС" ААҚ мен "Самұрық-Энерго" АҚ-ға тиесілі Екібастұз 2-МАЭС-і экологиялық жобаны іске асыруға 2 млрд 238 млн теңге қаражат салды. Яғни сөз белгілі бір технологиялардың көмегімен құрылыста пайдалануға болатын компанияның қалдықтары – күлді қайта өндіру туралы болып отыр.

"Көмірді жаққанда пайда болатын күлді электрлік фильтрлер ұстап қалады. Оны кәдеге жарату үшін күл жинау жүйесі қолданылады, оған құбыр арқылы күл жеткізіліп отырады. Қарапайым тілмен айтсақ, біз күлді көлге ашық жерге тастап жүрдік. Оны тасымалдау үшін су пайдаланылады. Жылына екі энергиялық блоктан миллион тоннаға дейін күл шығарылады, ал оны тасымалдау үшін алты миллион текше метрге жуық су қолданылады. Жоба толық қуатымен жұмыс істегеннен кейін осыншама мөлшердегі су қажет болмай қалады", – деп әңгімелеп берді abctv.kz-ке станцияның жөндеуді жоспарлау және күрделі құрылыс басқармасының бастығы Арыстанбек Әбілдинов.

Күлді кәдеге жарату үшін күл жинауға қолданылатын аумақтарды үнемі қайта салып, кеңейту қажет. Осылайша бұл іс операциялық шығындарға ұшыратып, аумақты тиімсіз пайдалануға әкеледі. Өткен жылы, экология департаментінің мәліметі бойынша, 32 гектар күл жайылған аумақтың шаңын басу үшін 63 млн теңге қаражат жұмсалса, Сәтпаев атындағы арнадан су жіберетін учаскелерді жөндеуге 30 млн теңге және күлқожды жою жүйесін жөндеуге 45 млн теңге жұмсалды. Стансаның жөндеуді жоспарлау және күрделі құрылыс басқармасы бастығының ақпараты бойынша, экологиялық жобаны компания өз қаражаты есебінен іске асыруда. Оны іске қосумен павлодарлық "ҚазҚұрылысЖоба-ПВ" ЖШС" компаниясы айналысты. Өндірісте немістің "Мюллер" фирмасының жабдықтары пайдаланылған.

Бүгінгі күні өнімді іске қосумен станса мамандары айналысып жатыр.

"Қазір күл шығару сынақтан өткізіліп жатыр. Әлемдік тәжірибеде бұл жоба кеңінен қолданылады. Мысалға, қытайлық стансалар қалдықсыз өндіріске бағытталған,оларда күл қалдық болып шығарылмайды, барлығы да іске пайдаланылады. Біз ұсыныстарымызды Семей, Қапшағайдың цемент зауыттарына жібердік. Көпшілігі қызығушылық танытып отыр, осыны өндіріске енгізу үшін біраз уақыт керек. Бізге украинның "Юмджи ресурс" компаниясы ұсыныспен шықты, бұл – күлқож материалдарын сатумен айналысатын Украинадағы ірі оператор", – дейді Арыстанбек Әбілдинов.

Стансаның номиналды жүктемесі бойынша жоба айына 196560 тонна күл өндіре алады. Стансаның еңбекті қорғау жөніндегі жетекші инженері Татьяна Кондратенко abctv.kz-ке өз пікірін білдірді.

"Бүгінгі таңда біз 50 мың тоннаға келісімшарт жасастық. Мұндай мөлшердің өзі қоршаған ортаға келтірілген залал үшін төленетін шығынды үш млн теңгеге дейін қысқартады. Жыл сайын қоршаған ортаға шығарылған қалдық үшін 800 млн теңге ақы төленеді. Қазір бізден күлді жол жөндейтін компания алып жатыр, олар оны бетонмен араластырып жол жасауға пайдаланады. Жол өте мықты шығады деп жатыр".

Күлді кәдеге жарату жөніндегі интернетте жарияланған ұсыныстардан шығатын түйін, өнімге деген сұраныс үлкен, бұл тұтас бір индустрия. Енді бұған Павлодар облысы да қосылды. Тілге тиек ете кетсек, Еуропа елдері мен Жапонияда күлді тиімді пайдалану үлесі 90-95%-ға жетеді, негізінен құрылыста пайдаланылады. Әлемдегі ең биік мұнара БАӘ-де орналасқан "Бурдж-Халифа", әлемдегі ең ұзын көпірдің бірі – Даниядағы Үлкен Бельт, Ла-Манштың астындағы тоннель, сондай-ақ бірқатар ірі бөгендер, электр стансалары, әуежайлар және өзге де инженерлік құрылыстар мен өнеркәсіптік ғимараттардың құрылысына күл пайдаланылды.

Әйгерім Сүлейменова, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу