Екібастұздың жарықдиодты шамдары сұранысқа ие

3243

Отандық компания жарықдиодты шаммен 49 млн теңге үнемдеген.

Екібастұздың жарықдиодты шамдары сұранысқа ие

Екібастұздағы "Свет ҒӨК" ЖШС жасайтын жарықдиодты шамдарға сұраныс күннен күнге артып келеді. Бұдан жеті жыл бұрын іске қосылған цех бастапқыда мыңға жуық өндірістік жарықдиодты шамдарды жасаса, бүгінде әлеуеті артып, тапсырысқа қарай жылына 3 мыңға жуық шамды тұтынушыларына ұсынып отыр.

"Біз бұдан 2-3 жыл бұрын Екібастұз қаласындағы ірі өндірістік кәсіпорынмен әріптестік байланыс орнаттық. Олар электр қуатын пайдаланғаны үшін жылына 69 млн теңге қаржы шығындап келді. Біздің шамдарды орнатқан соң, әлгі компания 49 млн теңге үнемдеуге қол жеткізді. Яғни, электр қуатын тұтыну мөлшері 17 млн теңгеге азайды. Осы оқиғадан кейін танымал кәсіпорын бізбен ұзақ мерзімді келісімшартқа отырды. Бұдан бөлек, Петропавлдағы шұжық зауыты, Павлодардағы "Казэнергокабель", "Қостанай минерал" АҚ, Екібастұздағы "Богатырь Көмір", "Шығыс" кеніші, "Проммашкомплект" және бірқатар кәсіпорындар – біздің тұрақты тұтынушыларымыз. Екібастұздағы Көк тудың астындағы шамды қалаға тарту ретінде орнаттық. Сонымен бірге, қала шетіндегі "Шанхай" шағын ауданы, теннис корты, "Смолл" сауда үйінің шамдары біздің қолымыздан шықты", – дейді "Свет ҒӨК" директоры Дмитрий Ярышев.

Дмитрий Ярышев 2009 жылы Екібастұз қаласына Петропавлдан қоныс аударыпты. Радиотехника маманы кәсіпкерлікке бет бұрмас бұрын 7 жыл бойы сыртқы жарнамамен айналысқан.

"Көшедегі жарнамалар көбіне биікке ілінеді. Жарнаманың дұрыс көрінуі жарыққа байланысты: көмескілеу түссе, жарнаманың жазуы, суреттері адамдарды тартпайды. Безендіру жұмыстарымен айналыса жүріп, жарнамаға ұзақ жанатын сапалы жарықдиодты шам қажет екенін түсіндім. Ойдан ой туып, нәтижесінде жарықдиодты шам жасау туралы идея пайда болды", — дейді ол.

Радиотехника, энергетика салаларынан хабары болғандықтан, осы іске батыл кіріседі. Интернетке кіріп, жарықдиодты шамдар туралы мәліметтерді ақтарады. Жарықдиодты шамдарды сататын сайттар көп болғанымен, оны жасау технологиясы жайлы мағлұмат мардымсыздау екен. Жолдасы Виталий Михнеев екеуі бірігіп, Қытайдағы жарықдиодты шамдар сататын сайтқа тапсырыс береді. Тауар жеткізілгенде, олар шамдарды бұзып, ішкі бөлшектерін зерттейді. Матрица — шамның ішіндегі маңызды бөлшектердің бірі. Бірнеше кристалдық түс беретін линзаны, шыныны, сыртқы металдарын қарап, жасалу технологиясы күрделі емес деген шешімге келеді. Әйтсе де қолбайлау болған жай, ішкі детальдар – матрица, линза, шыны қымбат тұрады екен. Сондықтан тәуекел етуге батылдары бармай, 60 мың долларға Қытайдан дайын жарықдиодты шамдарға тапсырыс береді. Бірнеше партиясы қолға тиген соң, сайт арқылы тендерге қатысып, Қазақстан Республикасы Парламенті орналасқан алаңды жарықтандыруды жеңіп алады. Белгілі мерзімде шамдарды орнату жұмысын аяқтайды. Көше самаладай жанып тұрады. Алайда көп уақыт өтпей әлгі шамдар біртіндеп істен шыға бастайды. Кепілдік мерзімі өтпегендіктен Қытайдағы зауытпен хабарласса, банкрот жарияланып, әлдеқашан жабылып қалған. Бизнесте тауар өндірушінің беделіне нұқсан келсе, іс алға баспайды. Амал жоқ, абыройды сақтау үшін өз қаржыларына шамдарды қалпына келтіреді. Осы оқиға оларға үлкен сабақ болды. "Сапасы күмәнді тауарды сатып алғанша, өзімізге неге жасамасқа?" деген нық ойға бекиді. Сөйтіп, 2010 жылы жарықдиодты шамдарды шығарумен айналысатын "Свет ҒӨК" жергілікті тауар өндірушілердің қатарына қосылады.

Дмитрий Ярышевтің айтуына қарағанда, инновациялық жобаны іске қосу үшін Толяттиден білікті маман шақыртуға тура келіпті. Онымен кеңесе отырып, шамдардың жаңа дизайнын ойластырады. Сыртқы корпусының жылу өткізгіштігіне мән береді. Жарықтың қандай түсі адамның көзіне қалай әсер ететініне дейін есте ұстайды. Сенімді болу үшін алғашқы өнімдерді электртехникалық құрал-жабдықтардың сапасын зерттеумен айналысатын Ресейдің Саранск қаласындағы А.Н.Лодыгин атындағы ғылыми-зерттеу институтына сараптамалық зертханаға жібереді.

"Сіздер жасайтын жарықдиодты шамдардың ерекшелігі қандай?" деген сауалымызға Дмитрий Ярышев: "Біздің жарықдиодты шамдар қоғамдық орындарды, тұрғын үй-жайларды, кеңселерді жарықтандыруға арналған. Кейде көшеде келе жатсаңыз, бағандардың арасындағы шамдардың көлеңкесі дақты елестетеді. Біз мұндай олқылық орын алмас үшін шамдарды көбелек тәріздес етіп жасаймыз. Сонда биіктен жарық жан-жаққа шашырайды, көлеңкені көлегелейді. Адам кеңседе немесе көшеде жүрсін, төбедегі шам көзді ауыртпауы тиіс. Сондықтан біз шамның ішіндегі жарық түске жауап беретін кристалдарға ақша үнемдемейміз", – деп жауап берді.

"Свет ҒЗК" ЖШС елімізде өткізілетін "Қазақстанның үздік тауары" және "Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы – ЭКСПО" көрмесіне жыл сайын қатысады.

2015 жылы Қазақстанның үздік тауары-өңірлік көрме-конкурсында "Халық тұтынатын үздік тауарлар" аталымында жеңімпаз атанды. Дәл осы жылы республикалық "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының президенті Тимур Құлыбаев өз қолымен  Дмитрий Ярышевке "Іскер-2015" сыйлығын тапсырды.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының Екібастұздағы филиалы мен "Даму" қоры жергілікті кәсіпкерге барынша қолдау көрсетуде. Қазіргі уақытта аталмыш кәсіпорын "Даму" қоры арқылы төмен пайызбен несие рәсімдеп жатыр.   

"Отандық тауар өндірушілер" деп аты айтып тұрғандай, бизнесте әділдік қажет. Елімізде жарықдиодты шам өндіретін бірнеше компания бар. Қайсыбірі қой терісін жамылып, Қытайдан арзан жарықдиодты шамдарды сатып алып, тендер арқылы саудаға шығаруда. Нағыз тауар өндірушілердің алдын орап, нарықтағы бағаны түсіреді. Бұл алаяқтық. Бұған тосқауыл қойылуы тиіс", – дейді екібастұздық кәсіпкер.

"Свет ҒӨК" ЖШС жасайтын 300 ваттық жарықдиодты шамның құны – 130 мың теңге, 600 ваттық 240 мың теңге тұрады.

"Біз ең төменгі бағаны белгілеп отырмыз. Елімізде 600 ваттық шамдардың нарықтағы бағасы 300 мың теңгеден жоғары", — дейді тауар өндіруші.  

Дмитрий Ярышев екібастұздық жарықдиодты шамдарға көршілес Ресей, Моңғолия, Өзбекстан елдерінен де тапсырыс түсіп жатқанын айтады. Алдағы уақытта кәсіпорынды кеңейту жоспарлануда.  

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу