Эколог: Келес құрып барады! Министрлік: Facebook-ке сенбейміз!

3121

Қарапайым халық та, қоршаған ортаны қорғау мамандары да Келес өзені жойылу қарсаңында тұрғанын айтып, дабыл қағып жатыр. Алайда жауапты ведомство пәрменді шаралар қабылдайтын емес. 

Эколог: Келес құрып барады! Министрлік: Facebook-ке сенбейміз!

Түркістан облысындағы Келес өзені Қаржантау жотасынан бастау алып, қасиетті Қазығұрттың бұлақтарынан қуаттанып, ішінара Өзбекстан жерін басып өтіп, ақыр соңында Сырдарияны қоректендіріп отырған, жағалауындағы жұртшылықтың асыраушысына айналған киелі өзен. Бірақ Келесті қарау ниетті адамдар құртып тынатын түрі бар деседі жұртшылық.

Бұған наразы халық – Түркістан облысы Ақбұлақ ауылының тұрғындары былтырғы қарашада тосын шешім қабылдап, жолды да жапты. Биліктегілер былқ ететін емес. Дабыл қаққан посттар мен жанайқайға толы хаттар әлеуметтік желіні, Facebook-ті кернеп тұр.

Жергілікті тұрғын, экологиялық белсенді, тіркелмеген "Байтақ" экологиялық партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жанболат Самбетов осы мәселені көтеріп, Үкіметке хат жолдады.

Онда ол Түркістан облысының Келес ауданында, әсіресе, Ақтөбе ауылдық округінің әкімдігіне қарасты ауылдарда Келес өзенінен заңсыз қиыршық тас қазып, сатушылардың үстінен қатаң тексеріс жүргізуді сұрайды.

"Жалпы адамдардың Келес өзенінен заңсыз тас қазып сатып жатқанына 7-8 жыл болып қалды. Соның кесірінен Келес деңгейі 4-5 метрге дейін төмендеп кетті. Бұл апаттық деңгей саналады. Оның бойын мекен еткен ондаған мың халықтың суға сұранысы артып келеді. Белді экологтар: егер Келестен тағы бірер жыл тас тоқтаусыз қазылатын болса, онда бұл өзен түпкілікті құрғап, суы тоқтап қалады, онда аймақта экологиялық апат болады деген тоқтамға келді. Қаншама халықтың күнкөрісі осы Келестің суымен байланысты", – дейді Жанболат Самбетов.

Ол Келестің Қазығұрт тауынан бастау алып, Сырдарияға құятынын растады. Осы аралықта қазір өзенді бойлай халық тұрақтанды.

"Себебі су тіршіліктің көзі. Біз, ауыл тұрғындары бұл бассыздық пен заңсыздыққа қарсы қал-қадари күресіп келеміз. Күресудің нәтижесінде республикалық телеарналар, экологтар келіп, зерделеп, мәселенің күрделі екеніне елдің назарын аудартты. Проблеманы ауданның, облыстың құзырлы мекемелеріне жеткізіп кетті. Нәтиже жоқ емес, бар, сол күрестің арқасында өткен жылы бірнеше заңсыз карьерлер өз жұмысын тоқтатты. Алайда сол тоқтаған карьерлер бойынша Түркістан облыстық экология департаменті істер қозғалып, айыптыларға айыппұл салынуына қол жеткізген жоқ. Жылы жабыла салды. Салдарынан, осы жылы былтырғы тоқтаған карьерлер жұмысын қайта бастады", – деп қапаланады экологиялық белсенді.

Жасыратыны жоқ, ел Үкіметі еліміздегі өзен-көлдерді телім-телімге бөліп, оларды балық өсірушілерге, балық-аң аулаушыларға үлестірді.

Жанболат Самбетовтің мәліметінше, ниеті таза емес адамдар балық шаруашылығы дегенді қалқан етііп, ЖШС ашып, мемлекеттен субсидия алады. Бірақ шынында балық емес, Келес өзенінен тас қазып, сатады. Оны тексеріп жатқан билік жоқ.

Өйткені балық өсіруге шығынданып, кәсіп еткеннен тегіннен тегін жатқан қиыршық тасты қазып-көсіп алып, сата салған тиімді – табысы оның көл-көсір. Мысалы, биржаны айтпағанның өзінде, қарапайым Satu сияқты маркетплейс-сауда алаңдарында осындай қиыршық тастың 1 текше метрі 15 мың теңгеден қымбатқа сатылуда. Осындай көлеңкелі алапат сауда көрігі қызып жатқанда, құзырлы органдар көшеде бақшасынан жиған көкөнісі мен тосаптарын сатқан қариялармен күресіп әлек.

Жергілікті тұрғындар су жанынан алынған шикізаттың тау-тау болып үйіліп жатқанын, оны "Камаздар" тасып әкететінін видеоға түсіріп, Facebook-та жариялап жүр.

"Бұл тастың алдында бір бума бес мың теңгеліктер тұрғанда осыншама үйілген тасты әрі қарай да ешкім көрмейді", – дейді тұрғын Кеңесбек Сапахов.

"Басы ауырмастың демекші. Жоғарыдағы шенділер қара халықты ойлап қайтсін. Жер, ел қара халықтыкі. Шенділер Қазақстанда уақытша жүргендей, қалаған уақытында шетелге кетіп қалады", – дейді Ғабит Сабыралы.

"Бұлардың қолына кісен салынбай тоқтамайды. Облыс басшысы Ө.Шөкеев аудан басшылары мен барлық тиісті орындарға тапсырма бердім деген еді, бос сөз болып қалғаны өте өкінішті. Аудан басшылары мен полиция бөлімі басшылары да уәде берумен келеді. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді дегенді осындайда айтатын шығар", – деп түңіледі Марқа Оразалиев.

Халықтың толқуына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі министр Серікқали Брекешевтің ресми блогы арқылы жауап берді. Онда Facebook-тағы халық дабылы негізінде тексеру жүргізілмейтінін айтты. Тіпті соны дәлелдейтін видеоайғақтар беріліп отырса да.

"Жанболат Самбетовтың Түркістан облысы Келес ауданында Келес өзенінен заңсыз қиыршық тас қазып жатқан сатушылардың үстінен қатаң тексеріс жүргізуді сұраған арызы қарастырылды. Аталған арызда баяндалған жер қойнауын пайдаланушыларға жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізуге болмайды. Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабының 3-бөлігіне сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жоспардан тыс тексеру тек адам өміріне, денсаулығына, қоршаған орта мен жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік заңды мүдделеріне зиян келтіру қатерінің туындауы туралы нақты фактілер бойынша, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері болған жағдайда ғана жүргізіледі", – делінген жауапта.

Ведомство бұл жөнінен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасының тексеруді тіркейтін маманынан кеңес алыпты.

"Оның барысында белгілі болғандай, тексеру жүргізу үшін арыз, не тапсырмада тексерілетін тұлғаның не объектінің нақты мәліметтері көрсетілуге тиіс. Ал жалпылама жазылған мәселелер бойынша тексеру тіркеуге алынбайды, заңсыз болады. Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған, Келес ауданындағы Ақтөбе ауылдық округінің аумағынан ағып өтетін Келес өзенінің бойынан заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілері бойынша Түркістан облыстық экология департаменті Келес аудандық полиция бөлімінен және Келес ауданы әкімі аппаратынан анықтама сұратты. Алдағы уақытта заң бұзушылық анықталып жатса, Экология департаменті өтініш иесіне хабарлайтын болады", – деп түсіндірді Экология министрлігі.

Жалпы өтініш иелері – жергілікті тұрғындар ол жерде заң бұзушылық болып жатқанын онсыз да біледі. Көріп-біліп отыр. тек биліктен соған қатысты шара қабылдауды сұрап келеді. Брекешев командасының бұл жауабына қарағанда қиыршық тас сияқты құрылыс заттарын заңсыз өндіру жалғасатынға ұқсайды. Облыс астанасындағы құрылыс елордадағыдай қызып жатқанда, қиыршық тас сияқты құрылыс материалдарына сұраныс зор бола бермек.

Тек Келес құрғап қалғанда, "қап" деп сан соқпаса болғаны. Ата заңға "Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі" деп жазып қойды. Бірақ сол байлығын қорғап, ұрпаққа табыстау үшін жаны шырқырай шулаған халық өз билігін жүзеге асыра алар емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу