Экология министрі: "Балқаш құрымайды", Сенат депутаты: "Экологиялық апат болуы мүмкін"

1807

Іленің Балқашқа құятын суы 39 пайызға кеміп кеткен. 

Экология министрі: "Балқаш құрымайды", Сенат депутаты: "Экологиялық апат болуы мүмкін"

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Балқаш көлінің қазіргі тереңдігі оның құруына жол бермейді дегенді алға тартып, арқасын кеңге салып отыр. Ал Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында Іленің ағысын жоғарыдан шектеу тыйылмаса, экологиялық апатқа әкелеуі мүмкін екенін айтып дабыл қақты, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің оптимизмге толы мәлімдемесіне тоқталайық. Қараша айының ортасында азаматтық қоғам өкілдерімен онлайн кездесу өткізген министр су шаруашылығындағы өзекті мәселелерді айта келіп, Балқаштың басындағы ахуалға жеке тоқталған болатын.

"Көпшілікті Балқаш көлі мен Жайық өзені су нысандарының экологиялық жағдайы толғандырады. Балқаш көлі бойынша тамызда конференция өткіздік. Сарапшылар, су мамандары, ғалымдар жиналды. Соңғы жылдары Балқаш көліндегі судың орташа деңгейі 342,5 метр деңгейінде сақталуда. Біз үшін 341 метрдегі белгі қауіпті саналады. Мәселені талқылау нәтижелері бойынша "Балқаштың құрғау қаупі жоқ" деген қорытынды жасалды. Сонымен қатар қажетті ағынды сақтау үшін біз Балқаш көлін сақтау жоспарын әзірледік. Оған су объектілерін тереңдету және тазарту, каналдарды жөндеу, суару нормаларын қайта қарау және тағы басқаларын қамтитын арнайы іс-шараларды қарастырдық", – деді ол онлайн кездесуде.

Биология ғылымдарының кандидаты Евгений Брагиннің 2009 жылғы зерттеуіне сүйенсек, 1988-2000 жылдары көлдің орташа тереңдігі 341,08-341,54 метр аралығында құбылып келген. Ал 2005 жылы 342,5 метр деңгейіне жеткен. Ғалым мұны 1992 жылдан бері Балқаштың маңайындағы елді мекендерде ауыл шаруашылығының қатты құлдырауымен байланыстырады.

"1992-2005 жылдар кезеңінде Балқаштан ауыл шаруашылығына су алу көлемі 6,2 текше шақырымнан 2,9 текше шақырымға дейін кеміді. Дегенмен суармалы егінмен айналысатын аудандарда ылғалды ысыраппен пайдалану белең алып келеді. Бұрын Балқаш бассейнінен егіске жіберілетін судың 31 пайызы ысырап болып келсе, қазір 40-ға дейінгі барады", – деп жазды зерттеуші.

Осыдан 12 жыл бұрын жарияланған зерттеуден дәйек келтіріп отырғанымыздың себебі мынада. Серікқали Брекешевтің айтқаны шын болса, Балқаштың тереңдігі 2009 жылғы деңгейден өзгермеген. Ал көл суының 70 пайызын қалыптастыратын Іледен келетін судың мөлшері секундына 200 метрге кеміген. Сенат депутаты Рысқали Әбдікеровтің мәліметі бойынша, Балқаш суының деңгейі бірқалыпты болып тұруы үшін секунд сайын 400-500 текше метр су Іледен құйылып тұруы керек. Ал кейінгі жылдары секундына 306 текше метр ғана су келетін болған.

Іленің өр жағы Қытайға тиесілі болғандықтан, суды солар буып отыр деп топшылауға болады. Іленің біздегі бөлігінде су мөлшері 39 пайыз азайса да, Балқаштың өз деңгейін бірқалыпты ұстап тұруында қандай сиқыр бар? Министрдің де, сенатордың да дерегі рас болса, Қытайда шегерілген судың орнын Балқашқа құятын Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендерінің есебінен толтырып отыр деп топшылауға болады. Бірақ аталмыш өзендердің мұздықтары кеміп бара жатқанын ескерсек, бұл ақылға қонымсыз. Тағы бір нұсқа бойынша, Балқаш маңайындағы халықтың ауыл шаруашылығымен айналысу деңгейі бұрынғыдан да кеміп кеткен.

Бұған дейін Алматы облысының күрішшілері Экология министрлігінің өңір бойынша 10 мың гектар күріш алқабын қысқарту туралы жоспарына қарсы шыққан болатын. Егер Балқаш көліне құру қаупі төніп тұрмаса, күріштен басқа дақыл өсе бермейтін Балқаш маңындағы елді мекендердің халқын жалғыз кәсіп көзінен шектеудің не керегі бар деген сауал туындайды.

Биыл тамызда Балқаш ауданына қарасты "Балатопар ауылында қуаңшылықтан мал жаппай қырылды" деген ақпарат тарап, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі кейін оны жоққа шығарған болатын. "Қытай тосып қалған судың зардабын Балқаш көлі емес, оның маңайындағы елді мекендер шегіп жатқан жоқ па" деген күдікке осындай деректер түрткі болып отыр.

Әлде Іледен келетін су мөлшері 39 пайыз кемісе де, Балқаштың деңгейін 2009 жылғы қалпында сақтап тұрған бұрмалауға көнгіш статистика дейтін сиқырдың құдыреті ме?

Сенатор Рысқали Әбдікеровтің депутаттық сауалына келсек, Іле өзенінің қалыпты ағу жылдамдығы секундына 400-500 текше метрді құрауы тиіс. Қазір бұл көрсеткіш секундына 306 текше метр болып қалған.

"Мұның ықтимал себептерінің бірі – көрші мемлекет аумағындағы өзеннің жоғары ағысында реттелуі. Сонымен қатар Балқаш көлінің жағдайына жауап беретін мемлекеттік органдардың жұмысында бірізділік жоқ. Соңғы 14 жылда көлді зерттеу бойынша кешенді зерттеулер іс жүзінде жүргізілмеген. Сондықтан көлдегі су деңгейінің өзгеруі туралы нақты статистика жоқ. Жұмыстағы мұндай тәсіл болашақта экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Іле өзенін ұтымды пайдалану туралы келісімді Қазақстанның мүддесіне сай келетіндей етіп қайта пысықтауды, Балқаш көлін келешек үшін сақтау бойынша нақтыланған арнайы жоспар әзірлеуді, Іле өзені арқылы көлге құйылатын су мөлшерін арттырып, үнемдеу үшін өзенге салынған гидромелиоративтік жүйелерді қайта жаңартуды сұраймыз", – делінген депутаттың Асқар Маминге жолдаған сауалында.

Түйіндесек, Балқаштың басындағы басты проблема маңайындағы халықтың ысырапшылыдығы да, Қытайдың қатаң саясаты да емес, экологияға жауапты министрліктің түйеқұс позициясын ұстанған көзжұмбайлығы болатын сияқты.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу