"Экологиялық мәдениет қанмен беріледі"

2118

Қоршаған ортаны қорғаумен барлығымыз айналысуымыз қажет. 

"Экологиялық мәдениет қанмен беріледі"

Президент мектептерде экологиялық білім беру пәнін енгізуді тапсырғаны белгілі. Осы орайда "Серпін" Ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, Қазақстандағы БҰҰДБ тұрақты даму және урбанизация бағдарламасының үйлестірушісі Фируз Ибрагимов және NUR ALEM павильонының жетекшісі Әсем Омар сараптамалық баспасөз мәслихатында экологиялық білім беру мәселесі туралы өз ойларын ортаға салды.

Мұрат Әбеновтің сөзінше, жас ұрпаққа экологиялық білім беруге тек Білім және ғылым министрлігі ғана жауапты болмауға тиіс.

"Білім беру мәселесімен тек Білім министрлігі ғана айналысуы керек деген пікір дұрыс емес. Мысалы, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – мәдени сала, ал экологиялық таза өнім өндіру – өндірістік салаға қатысты. Жауапкершілікті бір-бірімізге сілтемей, қоршаған ортаны қорғаумен барлығымыз айналысуымыз қажет. Балаларға "қоршаған ортаны сақта" деп айта отырып, ауыл шаруашылығына жауапты адамдардың алқаптарды суару үшін өзендерді кептіріп тастағаны дұрыс емес. Дегенмен үлкен компаниялардың ұлттық парктерді қарауына алғаны маған ұнады. Қазір ұлттық саябақтарда "Келу орталықтары" ашылып жатыр. Оларға балалар барып демалады әрі табиғатты аялауды үйренеді. Екіншіден, EXPO 2017  кезінде қоқыстарды қайта өңдейтін, энергия қуатын жасайтын керемет технологиялар келді. Сол технологияларды балаларға көрсетіп, жақын таныстырып, Экспо аумағын  Диснейленд тәрізді қызықты әрі тәлім-тәрбие, білім беретін орынға айналдырған жөн. Сондай-ақ, қайта өңдеумен айналысатын "РОП" компаниясы балаларға қоқысты сұрыптауды үйретіп жүр. Бұл бір жағынан экологиялық тәрбие берсе, екінші жағынан бизнеске де өз пайдасын тигізуде. Жалпы экологиялық тәрбие беру тек білім саласының ғана міндеті емес, бұл іске барлығымыз да жауапты қарауымыз қажет", – деді "Серпін" Ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы.

Ал елордадағы NUR ALEM павильонының жетекшісі Әсем Омардың пікірінше, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі үгіт-насихат жұмыстары белсендірек жүргізілуі керек.

"Балаға экологиялық білімді, қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімді ата-анасы мен ата-әжесі оятуға тиісті. Мынау ұлан-байтақ, сұлу да бай жерімізге немқұрайлы қарауға болмайды. Жерге тасталған қоқыс ауру болып жабысады. Қазір әлемде ауаның ластануынан әр алтыншы адам уақытынан бұрын қайтыс болып жатыр. Адамдардың теңіздерге 15 млрд тоннадан астам қоқыс тастаудан бүгінгі күні өте көп жан-жануар қырылып жатыр. Сол себепті қоршаған ортаны қорғау мәселесі барлық жерде кеңінен айтылып, үгіт-насихат жұмыстары белсендірек жүргізілуі керек. Негізінен экологиялық мәдениет қанмен беріледі", – деді Әсем Омар.

NUR ALEM жетекшісінің сөзін жалғастырған Мұрат Әбенов табиғатты аялау біздің ұлттық құндылықтарымызда бар екенін ерекше айтты.

"Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі – табиғатқа құрметпен, аяушылықпен қарау. Жердің құнарлығын сақтау, шөпті таптамау, суды ластамау бұрыннан қалыптасқан нәрсе. Мысалы киіз үйдің өзін жерге қада қақпай орнатамыз. Экологиялық мәдениет біздің сана-сезімімізде ежелден бар. Экологиялық білімді ұлттық құндылықтармен байланыстырып үйреткен дұрыс деп ойлаймын. Мемлекет, бизнес, қоғам бәрі отбасынан басталады. Сол себепті отбасына арналған кітаптар, ойындар жасап шығару қажет", – деді қоғам белсендісі Мұрат Әбенов.

Қазақстандағы БҰҰДБ тұрақты даму және урбанизация бағдарламасының үйлестірушісі Фируз Ибрагимовтің сөзінше, елде экологиялық білім беруді ұйымдастырудың дайын үлгісі әзірленген. Бағдарламаны жасау үшін Германия, АҚШ тәрізді шет мемлекеттердің табысты үлгілері негіз болған.

Сараптамалық баспасөз мәслихаты барысында Мұрат Әбенов халыққа экологиялық тәрбие беру үшін елордадағы Кіші Талдыкөл көлдер тобын сақтап қалуды үлгі ретінде көрсетуді ұсынды. Оның айтуынша, Кіші Талдыкөлді сақтап қалу мәселесі Экология министрлігі мен әкімдік үшін қоғамдық алаң құруға жақсы себеп. Сондай-ақ, басқосуға қатысқан спикерлер Кіші Талдыкөлді сақтап қалу шараларына белсене араласып, көлді қоқыстан тазалау сенбіліктеріне баруға сөз берді.

Нұржан Көшкін


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу