Экологиялық реформаның табыстылығы азаматтық қоғамның белсенділігіне байланысты - EcoJer

2022

Жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануы нені өзгертеді? 

Экологиялық реформаның табыстылығы азаматтық қоғамның белсенділігіне байланысты - EcoJer

ATAMEKEN BUSINESS телеарнасының "Басты тақырып" бағдарламасында EcoJer қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығы кеңесінің   төрайымы Лаззат Рамазанова қазақстандықтардың экологиялық саясаттағы өзгерістерді қалай бағалайтындығы туралы айтты.

Оның айтуынша, Экологиялық кодекс жобасында азаматтық қоғамның рөлі күшейтілген, құжат айыппұлдар жинауға емес, қоршаған орта үшін қауіптің алдын алуға бағытталған.

"Жоба қолданыстағы кодекстен несімен ерекшеленді? Егер бұрын ірі ластағыш-кәсіпорындар қоршаған ортаның әлемдік сапа стандарттарын өз  қалаулары бойынша қолданған болса, енді оны міндетті түрде енгізетін болады. Бұл эмиссиялардың төмендеуіне әсер етеді, әр түрлі ластағыш заттар шығарылуының қомақты бөлігі солардан бөлінеді ғой",– деді EcoJer төрайымы бағдарлама эфирінде.

Мемлекет осы талаптарды орындамағандар үшін барынша қолайсыз жағдай туғызады.

Лаззат Рамазанованың пікірінше бұл ретте қоғамдық бақылау аса маңызды болып табылады. "Қазір кәсіпорындар қоршаған ортаға әсері бойынша өздерінің ішкі мониторингін жүргізіп отыр, өздерінің не басқалардың зертханаларында зерттеулер жүргізеді және ол ақпаратты жарияламайды. Сондықтан жобада бұл процестердің барлығына қоғамдық мониторингтің болатыны қуантады", – деп түсіндірді ол.

Бұдан басқа, стратегиялық экологиялық бағалау (СЭБ) рәсімі енгізілмек. Атап айтқанда, индустриалды кәсіпорындар құрылысы туралы шешім қабылдау немесе қандай да болмасын салалық бағдарламаны жүзеге асыру экологияға әсер тұрғысынан қаралатын болады. Қоғамшылдар құрылыс туралы идея кезінде-ақ өздерінің ойларын, яғни жаңа өндірістің өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне қаншалықты әсер етуі мүмкін екені туралы жеткізе алады. Инвестор, өз кезегінде, экологияға келетін зиянды мүмкіндігінше азайту үшін қандай шаралар қолданатыны туралы айтуға және ол шараларды кәсіпорын жобасына енгізуге міндетті. Бұл зауыт құрылысына қатысты түрлі қарсылықтар мен халық наразылығын болдырмауға мүмкіндік береді.

Табиғатты өңірлік деңгейде тиімді пайдалану тәсілі де өзгереді. Егер бұрын жергілікті билік экологиялық айыппұлдарды өз білгенінше жаратқан болса, енді олар экоқауіпсіздік бойынша өздерінің салалық көрсеткіштерін көрсету керек болады.

"Бұл реформаның сәтті іске асатынына сенімдімін, өйткені Экология министрлігі бұрынғыдай уақытын әр нәрсеге жұмсамайды, барлық табиғат пайдаланушының қызметін қадағаламайды, олардың саны 1,5 млн-ға жуық, енді ол ірі кәсіпорындардың қызметін бақылауға алады. Олардың саны 3 мыңнан астам, бірақ атмосфераны ластайтын шығарылымның шамамен 80%-ы соларға тиесілі", – дейді сұхбат беруші.

Сондай-ақ экономика мен экология арасында баланс сақтау үшін әлі де көп жұмыс жасау керек. Егер кәсіпорындар барлығы бір мезетте жетілген қолжетімді техникаға (әлемдік сапа стандарттары) көшсе, бұл тарифтердің өсуіне әсер етеді, яғни тұтынушылардың қалтасына да әсер етеді. Сондықтан  Лаззат Рамазанова бұл жерде кәспорындарды экономикалық ынталандыру шаралары қажет деп есептейді.

Әзірге жоғарыда айтылған жаңа енгізілімдер тек қағаз жүзінде ғана, іс жүзінде қалай болатынын уақыт көрсетеді. Дегенмен оның тиімді қолданылуы үшін EcoJer өз Кеңестері арқылы өңірлермен тығыз қарым-қатынас орнатпақшы. Олар мемлекет, бизнес және қоғам арасында тиімді диалог орнату арқылы экологиялық проблемаларды бірлесіп шешуді мақсат етіп отыр.

"Кез келген өзгеріске мемлекет қана емес, азаматтық қоғам да дайын болуы керек.  Қазақстан индустриалдандыру мен экономикалық өсу мәселесін қалай да шешу керек деп емес, бірінші кезекте өз азаматтары үшін экологиялық қолайлы жағдай басты мәселе деп қарайды. Мен, экологиялық қауымдастықтың төрайымы ретінде, мұндай көзқарасқа өте қуаныштымын", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу