Сарапшылар зейнетақы активтерінің төмен кірістілігіне қаржы нарығының дамымауы мен төмен кірісті инвестициялық стратегиялар әсер етеді деп топшылайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Halyk Finance сарапшыларының сөзінше, зейнетақы активтерін басқару тиімділігінің негізгі көрсеткішіне зейнетақы активтеріне нақты жылдық инвестициялық кірістілік жатады.
"Нақты кірістілік бағалы қағаздар бойынша номиналды кірістілік пен бір жылдағы инфляция арасындағы айырмашылық ретінде анықталады. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің он жылдағы орташа жылдық нақты кірістілігі (2014-2023) небәрі 0,1% болды. БЖЗҚ-ның ұзақ мерзімді актуарлық есептеулерінде болашақта БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығының орташа жылдық мөлшерлемесі 2%-ды құрайтын болады деп болжанады", - делінген шолуда.
Сарапшылар БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығының тарихи және болжамды нақты жылдық мөлшерлемесі өте төмен екенін жазады.
"Мәселен, биылғы мамыр айында Фин зейнетақы орталығы түрлі дамыған мемлекеттердегі зейнетақы активтерінің кірістілігіне салыстырмалы талдау жүргізді. Тиісті зерттеуге Солтүстік Еуропадан, Солтүстік Америкадан және Азиядан 24 зейнетақы қоры қатысты. Олардың барлығы халықты қамту, зейнетақы активтерінің мөлшері тұрғысынан да өздерінің зейнетақы жүйелеріндегі ірі қорлар болып есептелінеді. Бұл зерттеу көрсеткендей, он жыл ішінде (2014-2023) аталмыш 24 зейнетақы қорындағы зейнетақы активтерінің орташа жылдық нақты табыстылығы 4,5% болды. Бұл БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерінің болашақ табыстылығы туралы болжамынан 2,5 есе көп", - деп жазады Halyk Finance сарапшылары.
Экономист Сапарбай Жобаев зейнетақы қоры мемлекеттің жауапкершілігіндегі халықтың қаржысы екенін баса айтты.
"Сондықтан Ұлттық Банк кейбір инвестициялық компаниялар сияқты үлкен тәуекелге бармайды. Мәселен, Мета акциясын сатып алмайды, Apple-дің акциясын сатып алмайды. Бұлар не істейді? Мемлекеттің ақшасы болғаннан кейін тек қана мемлекеттік бағалы қағаздарды, облигацияларды сатып алуға бағыттайды. Олардың табыстылығы, әрине, акциялар сияқты емес. Менің білуімше, зейнетақы қорындағы 50-60 пайыз қаржы мемлекеттік бағалы қағаздарға салынған", - деді сарапшы.
Бірақ зейнетақы қоры туралы заңнамада әр жылдық инфляция деңгейі есептелінеді делінген, деп жалғастырды спикер.
"Мәселен, биыл біздегі инфляция 10 пайыз болса, зейнетақы қорындағы табыстылық 8 пайыз болса, айырмашылық 2 пайыз бюджеттен толтырып тұрады", - деді экономист.
Сарапшы қазіргі зейнетақы жүйесіне қатысты пікірімен де бөлісті.
"Көңілім толмайды деп айтар едім. Себебі дамыған өркениетті мемлекеттерде зейнетақы қорлары жекешелендірілген компаниялардың қолында. Біз де солай бастадық. Бірақ сол жекешелендірілген компаниялардың кейбіреулері жемқорлықпен айналысып кетті, салымшылардың табыстығы төмендеп кетті. Сондықтан үкімет жемқорлықтың алдын алу үшін мемлекеттік басқаруды қолға алды. Бұл енді мәжбүрлі нәрсе. Бірақ мемлекеттік болғандықтан, үлкен табысқа жетуі қиын, тәуекелге бармайды", - деді экономист.