Мені сотқа сүйреген медицина мафиясы – Біртановпен эксклюзив сұхбат

2445

Денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртановтың бір жылға созылған соты бастан-аяқ орыс тілінде жүріп жатыр. Заң тілінің ауырлығы, даудың өзегі боп отырған медицина мен ІТ-саланың күрделі терминдерге толы болуы қазақ тілді қауымды сот барысын қалт жібермей бағуға ынталандыра қоймайтын фактор екенін уақыт көрсетті.

Мені сотқа сүйреген медицина мафиясы – Біртановпен эксклюзив сұхбат

Inbusiness.kz осы жайттарды ескеріп, Елжан Біртановты бүкіл сот процесінде айтылған уәждерді халыққа түсінікті тілмен баяндап беруді өтініп, сұхбатқа тартты.

Асқар Мамин қоңырау шалған күн

- Елжан мырза, сіз елде пандемия өршіп тұрған кезде әуелі отставкаға өтініш беріп, кейін тұтқындалдыңыз. Өтінішті жазу туралы пәрмен кімнен түскен еді? Әлде шынымен өз еркіңізбен өтініш бердіңіз бе? Жалпы сол кезде шымылдық сыртында не болып жатқанын айтып бере аласыз ба?

- 2020 жылдың 14 маусымында мені ауруханаға жатқызды. Бір жеті қалалық инфекциялық орталықта жаттым. Сол кезде де мен мүмкіндік бойынша Денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестеріммен онлайн режим арқылы жиналыстар өткізіп, тікелей басшыларыммен, Премьер-Министрмен жұмыс істеп отырдым. Бір апта жатқаннан кейін жағдайым жаман емес болғандай көрінді. Содан ауруханадан сұранып үйге кеттім. Ондағы ойым ПТР-талдауым дұрыс болса, кабинетіме барып, жұмысты оқшауланған режиммен жалғастыру еді. Бірақ келесі күні сатурациям (қандағы оттегінің үлесі – ред) түсіп, дәрігерлер басқа ауруханаға жатқызды. Себебі менде 50 пайыз пневмония болды. Сатурациям төмендегеннен кейін қорқып, кардиологиялық орталыққа жатқызды. Екі күннен кейін сол кездегі Премьер-Министр Асқар Мамин қоңырау шалды.

"Елжан Амантайұлы, жағдай осындай, пандемия өте қауіпті болып бара жатыр. Бізге толық функциялық министр керек", - деді.

Себебі мемлекеттік ведомствоаралық комиссияда күн сайын түрлі мәселелер қаралатын. Арнайы байланыс құралдары арқылы сондай жиындар көп өтетін. Түрлі бұйрықтар қабылдау керек еді. Сол кезде жұмыс көп болды ғой.

Премьер-Министр айтты: "Сен ауырып жатырсың. Қанша емделетініңді біз де білмейміз, сен де білмейсің. Ал Үкіметке толық жұмыс істейтін министр керек. Қалай ойлайсың?", - деп сұрады.

Мен айттым: "Әрине, түсінемін, қолдаймын. Себебі мынандай қиын жағдайда толық жұмыс істейтін министр қажет. Сіз осындай ұсыныс берсеңіз, қандай қарсылық болуы мүмкін? Ешқандай қарсылық болмайды. Шешім қабылдай беріңіз. Мен қажетті арызды жазып берем", - деп келістік.

Одан кейін Премьер-Министр мемлекет басшысымен келісіп, сол шешімге Президенттен келісім алып, мәселе осылай шешілген. Ол кезде ешкім білмеді ғой. Мен тірі қалам ба, ауруханада қанша уақыт жатам? Оны ешкім білмеді. Оның үстіне сол жазда сырқаттану көрсеткіші күрт көтеріле бастады. Біз әскери тәртіптегі қызметкерлерміз ғой. Бастық кет десе, қасарысып отырам ба? Жалғыз айтқаным мынау болды.

"Пандемия өршіді деп байбаламға түсудің қажеті жоқ. Бүкіл жүйе бақылауда", - дедім.

Сол кезде жеке өзім күніне 1-2 рет бүкіл аймақтардағы облыстық денсаулық сақтау басқармаларының басшыларымен, санитарлық стансалардың, ғылыми зерттеу институттарымен селекторлық мәжіліс өткізетінмін. Орынбасарларым қосымша сондай селекторлар өткізетін. Емдеу протоколы бойынша онлайн треннингтер өткізіп жаттық. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі бар. Соның бәрін 24 сағат бойы жұмыс істеп бақылауда ұстадық. Бірақ, өкінішке қарай, мен сол қызметтен кеткеннен кейін 2-3 апта мүлде ондай штаб өткізілмепті. Ең қиын уақытта жаңадан келген министрлік ешқандай онлайн жұмыс істеген түрі жоқ. Өзім де таңғалдым. Мен таңғы сегізден бастап бүкіл өңірлермен селектор өткізетінмін. Әр облыстың басшысы маған қанша науқас бар екені, қанша адам қайтыс болғаны, қандай карантин шаралары енгізіліп жатқаны туралы тікелей ақпарат беретін. Сол жүйе тоқтатылған. Оның себебін білмеймін. Орныма келгендіктен жаман ештеңе айтқым келмейді. Жаңа бастық келгеннен кейін кабинетте отырып, бүкіл қағаздарды қарастырған ба, білмедім. Әйтеуір өңірлер не істерімізді білмей қалдық деп айтып жатты. Тіпті маған хабарласқандары болды. Мен шамам келгенше көмектесіп жүрдім. Маусымның ортасында басталып, шілдеде ауру жұқтыру көрсеткіші мүлдем жоғары болып кеткенін білесіз. Ол кезде қылмыстық іс туралы ешқандай ой болған жоқ.

- Өзіңіздің Қаржылық мониторинг агенттігі мамандарының назарына ілінгеніңізді қашан білген едіңіз?

 - Тергеу басталғанын біз оның алдында білгенбіз. Мамыр айында қылмыстық тергеу басталған. Министрлікке келіп, тексеру жасап, қағаздарды іске тартты. Біз таңғалғанбыз. Бүкіл республика бойынша төтенше жағдай режимі енгізілген, карантин – жұмыста біреу бар, біреу жоқ, көбі қашықтан істеп жатты. Сол кезде тергеу жасап, назарымызды бұрғаны несі деп ойладық. Бірақ сол кезде Олжас Әбішевтен сұрадым.

"Платформа бойынша сұрақтар қозғалып жатыр, қандай  рисктер бар?", - деп сұрадым.

Ол айтты: "Бәрі заң бойынша, келісімшарт мерзімі әлі біткен жоқ. Карантин болса да, қашықтан  жұмыс істеп жатырмыз", - деді. Оны естіген соң мен де әрі қарай алаңсыз жұмыс істей бердім. Шілде айында мен жұмыстан кеттім. 1-2 айдан кейін басқа жұмысқа шақырып, тамыз айында басқа жұмысқа бардым. Сол кезде ауқымды тергеу басталғанын естідік. Көп өтпей Олжас Әбішевті қамады. Оның туыстары менімен кездесіп, менен көмек сұрады. Мен қазір жұмыссыз екенімді, тек шындық айтылу керек деген кеңес айттым. Себебі тергеушілер Олжасты қысымға алып, "Біртановқа қарсы мәлімет берсең, өзіңе жеңілдік болады" деп айтқан.

- Осыны айтқан тергеушінің аты-жөні кім еді?

- Олжас Әбішев сот кезінде бірнеше рет оны айтты. Аты Кеңес болуы керек. Бұрын фамилиясы басқа болған екен. Бір облыста істеп,  сол жерде мас болып, полициямен төбелесіп, басқа орталыққа ауысқан. Интернеттен сот кезінде шыққан материалдардан тауып алуға болады. Қазір Батыс Қазақстанға ауысып, сол жерде басшының бірінші орынбасары болып жүр.

"А.Цойдың кезінде коронавирустан қайтқандар саны үш есе артты"

- Сол кезде сіздің тұтқындалуыңыз билікке де керек болған сияқты. Өйткені елдің қарсылығы өршіп тұрды ғой. Қарапайым қан сұйылтатын дәрінің өзін таппай қиналғанымыз, оны кей қалалардың дәрі қоймаларында тығып ұстап отырғаны, "СҚ Фармация" басшыларының ауысқаны есімізде. Коронавирустың кесірінен туысынан айырылған кей адамдар әлеуметтік желіде сіздің тұтқындалғаныңыз дұрыс болды дегенді қазір де жазып жатады. Сондай пікірдегі адамдарға қазір не айтар едіңіз?

- Мен оларға не айтам? Бір адам өзінің жақын туысынан осындай жағдаймен айырылып қалса, мен қалай жұбатам? Жұбатуым керек деген ойым да жоқ. Себебі ол кезде көп адам қайтыс болды. Бұл – пандемия. 2020 жылдың жазында сырқаттану ауқымы қатты көтерілді. Бірақ 2021 жылы, бір жылдан кейін тура сол жаз айларында 2020 жылдың жазындағыдан 3 есе көп адам қайтыс болды. Оны ешқандай ақпарат құралдары көтерген жоқ. Ал 2020 жылы ерекше көтеріп, "Біртанов осыған жауапты" деген сияқты көптеген әңгіме шығарды.

Әрқашан мынаны айтам. Мен бұрынғы Денсаулық сақтау министрі ретінде өзімнің жауапкершілігімнен ешқашан қайтпаймын. Қорықпаймын да. Әр деңгейде жауап беруге дайынмын. Пандемия кезінде Қазақстан болсын, Америкада болсын көп адам қайтыс болады, қайтыс болды. Ол, біріншіден, пандемияға байланысты.

Дәрі-дәрмектің жетіспеуіне келсек, оның түрлі-түрлі себептері болады. Мысалы, сол кезде біз толық дәрі-дәрмек, маска, қорғаныш костюмі және басқа да медициналық заттарды сатып алуға көп тырыстық. Қазір көбі ұмытқан шығар, есіңізде болса, 2020 жылдың сәуір, мамыр айларында көптеген мемлекет медициналық тауардың экспортын тоқтатып тастады. Іргеміздегі Ресейдің өзі бізге дәрі-дәрмек жібермеді. Қытай, Үндістан, Пәкістан, Түркия бәрі жапты. Біз де өзіміздің экспортты жаптық. Қолда ақша болғанмен, экспорт жабық болса, қайдан аласың? Ең бірінші проблема сол болды. Наурыз айынан бастап  өкпеге жасанды дем беретін аппараттарға, басқа да заттарға қосымша өтінім беріп, мүмкіндік бойынша сатып алып отырғанбыз.

Біздің ең бірінші жауапкершілігіміз ауруханалар мен емханаларда дәрінің болуы еді. Ал меншік дәріханаларға ол кезде де, қазір де Денсаулық сақтау министрлігінің ешқандай қатысы жоқ. Ертең ол дәріханаларда дәрі бола ма, болмай ма, бізге қарамайды да. Министрлік жеке меншік дәріханаларға тек рецензия ғана береді. Қандай дәрі  сатып алады, қандай көлем ұстайды? Ол жағын заң бойынша біздің тараптан ешқандай бақылау, қадағалау мүмкін емес. Ал дәрі-дәрмекті өндіру Индустрия министрлігіне қараған. Сәуір, мамыр айларында Президентке осы мәселені айттық. "Біздің ақпарат бойынша қазақстандық зауыттар ең қажетті дәрі-дәрмек пен масканы өзімізге арзан бағамен бермей, шетелге жіберіп жатыр" деп ақпарат бердім. Қытайға жіберіп жатты. Біздің сатып алатын бағамыз 50 теңге болса, олар бізден 150 теңге сұрады. Себебі дәріханаларда 250 теңгемен сатылып жатты. Оның құжаттарын Премьер-Министрге жібергенмін. Отандық өндірушілер тапсырысты біздің баға бойынша бермей, Қытайға, шетелге немесе жеке секторға жіберіп жатқанын мәлімдедік. Бірақ медициналық дәрі дәрмек пен құралдарды өндіру мәселесі Индустрия министрлігінде сол күйі қалды. Кейін бір жыл өткен соң ғана Денсаулық сақтау министрлігіне берілді. Оның нәтижесі қандай болғанын мен білмеймін.

Қоймаларда дәрі-дәрмекті тығып отырды деген әңгімелер болды. Біздің құқық қорғау органдары көп тексеріс жасады. Сіз естідіңіз бе? Бір де бір қылмыстық іс сотқа жетті ме? Шынымен сондай жағдай болды ма?

Болған жоқ. Есіңізде болса, "СҚ Фармацияның" басшысын соттаған кезде бірінші сотта ол толық ақталды. Тек үйінде газ тапанша табылғаны үшін жауапқа тартылды. Ал "СҚ Фармацияда" бір де бір жемқорлық мәселесі анықталмады. Себебі бұл мәселе қатты зерттелген. Тек "СҚ Фармация емес, мен жұмыстан кеткелі бүкіл министрлік, министрлікке қарайтын басқа да медициналық ұйымдар көптеген тексеруден өтті. Жоғары жақтан сондай бір пәрмен келді ме, мен оны білмедім. Әйтеуір көп адам жұмыстан кетті. Бүкіл денсаулық сақтау басқармаларының басшылары кетті. Көп қылмыстық іс қозғалды. Бірақ қазіргі күнде Денсаулық сақтау министрлігі болсын, "СҚ Фармация болсын, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры болсын, маған қараған ұйымдарда бір де бір жемқорлық іс қозғалған жоқ. Тек қана Берік Шәріп бар шығар. Оған да менің нақты көзқарасым бар. Ол ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Ол – адал адам. Аудандық сот оны ақтады. Бірақ қалалық сот соттап жіберді. Бәлкім саяси жағдай сондай болған шығар, мен оны білмеймін. Арнайы қорғаныш костюмін сатып алу бойынша келісімшартқа толық заң аясында қол қойылған. Бірақ Қытай тарабы келісімшартта көрсетілген міндетін мерзімінде орындамаған. Тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де солай тоқтап қалған. Әкелінбеген тауардың қаражаты түгел Қазақстанға қайтарылды. Бір теңге де сыртқа кеткен жоқ. Ол қаражатты біз өңірлерге тараттық. Өңірлер өздері қажетті көлемді сатып алды. Ешқандай жымқыру болған жоқ.

Гуманитарлық көмектің дәрісін қоймаларда тығып ұстап отырыпты, оны ұрлап сатыпты деген әңгімелер көп айтылды. Оның бәрі толықтай жала. Менің ойымша, кейбір адамдар арнайы түрде қоғамға сондай месседж жіберді. Халықтың көбі сеніп қалды. Құдай бетін аулақ қылсын, ертең тағы осындай төтенше жағдай болса, тағы да дәрі тапшылығы болады. Себебі қазіргі аурухана қойма емес. Бір айдың, әрі кетсе, екі айдың қоры болады. Ертең науқас саны бірден 10 есе көбейіп кетсе, дәрі тапшылығы міндетті түрде болады.

Біздің Денсаулық сақтау кодексі бойынша жергілікті ауруханалар тікелей облыстық әкімдіктерге бағынады. 2020 жылғы наурыз, сәуір, мамыр айларындағы Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның протоколдарын оқысаңыз, әр қаулыда комиссия әкімдіктерге "дәрі-дәрмектің, төсек орынның тұрақты қоры қамтамасыз етілсін" деген сияқты тапсырма берілген. Біз сол қаулы негізінде әр өңірмен тікелей жұмыс істеп отырдық. Менің адвокаттарым сотта келтірді. Ауруханада жатып, Премьер-Министрге карантинді күшейту керектігі таруалы хаттар жазғанмын. Карантинді әкімдердің көбі қолдамайтын. Керісінше, "экономикаға әсер етеді", "халық жақтырмайды" деп қарсы болды. Менің ойымша, карантин, өкінішке қарай, Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда ғана қатты сақталған шығар. Бірақ өңірлерде не болып жатқанын көріп отырдық. Есіңізде болса, тығылып той жасап, базарларда тығылып сауда жасап жатты. Оны бақылау кімнің жұмысы еді? Әрине, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапкершілігі ғана емес еді. Бізден басқа ешкім жұмыс істеген жоқ деп отырған жоқпын. Бірақ жауапкершілік мәселесіне келсек, бәріміз жұмылып атқаратын шаруа еді. Сол кезде Президент айтқан. "Мынау жағдайды біз толық зерттейік", - деген. Бірақ аяғында Біртанов қана кінәлі болып шықты.

Тағы да айтайын. Сол кездегі жағдайға менің кінәм бар деп айтуға бармаймын. Себебі аптасына 24 сағат, аптасына жеті күн толық істедік. Мен және менің әріптестерім солай жұмыс істеді. Әріптестерім дегенде вице-министрлерден бастап санитарларға дейін.

Әрине, сол кезде қайтыс болған адамдардың туыстарына қайғым ортақ. Өзімнің де жақын туыстарым қайтыс болды. Бірақ пандемия деген сондай болады.

Дәрі делдалдары 100 млрд теңгеден қалай қағылды?

- "Ericsson Nikola Tesla" платформасына оралсақ, бұған дейін берген сұхбатыңыздың бірінде аталған платформаның іске қосылуы ІТ-компанияларға немесе фармацевтикалық компанияларға тиімсіз болуы мүмкін еді депсіз. ІТ компанияларға тиімсіз болатыны, мемлекет олардың қызметінен бас тарта ма? Ал фармацевтикалық компанияларға несімен қауіпті болды?

-  Есіңізде болса, біз министрлікке келген 2017 жылдан бері медицина саласындағы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін тазалау үшін, жемқорлықты тоқтату үшін көп жұмыс істедік. Біз сол кезде жыл сайын дәрі-дәрмекке бюджеттен 120 млрд теңгеге жуық қаражат салатынбыз. Соған қарамастан, күнделікті халықтан түрлі-түрлі шағымдар түсетін. "Дәрі-дәрмек жетпейді", "толық алмадық" деген әңгімелерден басталды. Біз ондай шағымдарды тексердік. Сол кезде көп ұрланған дәрі-дәрмекті тауып алдық. Есептен шығарады да, сатады. Өйткені бәрі қағазда ғана болды. Онкологиямен, туберкулезбен, гипертониямен ауыратын науқастарға тегін беру үшін тізім бойынша көп дәрі-дәрмек сатып алатынбыз. Тізім бойынша бәрін аламыз, бірақ науқастарға жетпейді. Тексерген кезде көп жалған науқастар таптық. Мысалы, 2018 жылдың қаңтарында бір дәріханадан 4 млрд теңгеге жуық соманың есептен шығарылған дәрі-дәрмегін таптық. Сонда біз түсіндік, кейбір мемлекеттік ауруханаларда, емханаларда науқастардың санын қағаз жүзінде қолдан көбейтеді. Ол кезде ешқандай ақпараттық жүйе жоқ, бір-біріне қосылмаған еді. Қағаз журналдарға науқастардың санын көбейтіп, сол бойынша өтінім беріп, дәрі-дәрмек алып отырған. Ол дәрілерді есептен шығарып, жеке қолдарға, дәріханаларға, тіпті шетелге жібереді. Сонда мемлекеттен тегін алады да, қайта сатады. Іс жүзінде "таза табыс" қой. Ешқандай шығынсыз таза пайдаға кенеліп отырған. Сондай қылмыстық істер көп болды. Мен тікелей Бас прокурорға сондай материалдарды апарып, 28 қылмыстық іс қозғатуға әрекет жасағанмын. Бірақ кейін бүкіл қылмыстық іс тоқтатылды. Тек бір ғана қылмыстық іс қалды. Оның өзі Денсаулық сақтау министрлігіне қарсы зерттеу болатын – бізге қысым жасалды. Сол кезде мен түсіндім, фармацевтикалық  компаниялардың билігі орасан. Оның себебі қожайындары жай адамдар емес, "крышалары" бар. Екіншіден, ақшалары көп. Мысалы, біз 2018 жылы 60 млрд теңге үнемдедік. 2019 жылы 40 млрд теңге үнемдедік. Оның өзі ғана 100 млн долларға жуық ақша ғой. Әрине, біреу қалтасына салып жүрген ақшаны біз мемлекеттің қазынасында қалдырдық.

Жаңа платформа арқылы әр медициналық мекемедегі бүкіл ауру тарихын, амбулаториялық картаны электрондық формаға өткізіп, әр науқасты, әр дәріні интеграцияланған платформа арқылы бақылау мүмкіндігі ашылды. Бұл негізі 2015 жылы басталған. 2018 жылдың аяғында "Ericsson Nikola Tesla" компаниясы жұмыстарын бітірді. Біздің ІТ-мамандар "Ericsson Nikola Tesla" әзірлеген платформаны тексеріп, келісімшартқа сәйкестігін мақұлдап, техникалық сарапшылар қабылдады. Бірақ біздің ауруханалардағы, Денсаулық сақтау министрлігіндегі информациялық жүйелер ескірген болып шықты. Соларды "Ericsson Nikola Tesla" платформасына лайықтау үшін уақыт қажет болды. Кейін екі арада келісім болды. 3 жылдың ішінде – 2019, 2020, 2021 жылдың ішінде өзіміздегі ақпараттық жүйелерді кезек-кезек қосатын болған. Хорваттар оған көмек көрсетуге келіскен. Оның сыртында хорваттар 5,5 млн долларлық банк кепілдігін бізге тапсырды. Сөйтіп платформаны енгізуге 2020 жылы дайын болдық. 17 маусымда, мен ауруханада жатқан кезде біздің министрліктің, Ақпарат министрлігінің мамандары басқа да мемлекеттік органдардың адамдарынан комиссия құрылып, осы платформаны  қолданысқа енгізген. Яғни, платформа дайын, іске қосылған, пайдалануға жарамды. Бірақ бір айдан кейін Қаржылық мониторинг агенттігі менің орныма келген министрге хат жібереді. "Қылмыстық іске байланысты бүкіл платформаны тоқтатыңдар" деген пәрмен береді. Сонда мен ойлаймын, тергеу органдары неге килікті бұған? Келісімшарт мерзімінің аяқталуына әлі 1,5 жыл бар еді. Мына жақтан хорваттар күн сайын хат жазады, "Біз бәрін жасадық, қандай проблема болса да реттейміз", - деп. Менің ойымша, біздің пайымымызша тергеу органдарына, Денсаулық сақтау министріне біреу үлкен қысым жасаған. Платформаның қолданысқа енуіне жол бермеген. Бұл енді біздің ойымыз. Нақтысын білмейміз. Ондайды бізге ешкім айтпайды ғой. Өзіңіз қарасаңыз, сол кезде 2020 жылы, 2021 жылы әлгі платформа арқылы денсаулық сақтау саласындағы дәріге салып жатқан қаржыны бақылауға алып, қанша үнемдеу жасайтын мүмкіндік болды?! Оны жасамады.  Қазір де "платформа жұмыс істемейді" деп отыр.

Әбішевті тамыз айында, мені қазан айында түрмеге қамап, содан бері 2,5 жыл болды, үйқамақта отырмыз. Қылмыстық істі зерттеу 2021 жылдың шілде айында бітті. Содан бері біз сотқа дайындалдық. Соттың басталғанына бір жыл болды. Олар платформа жұмыс істемейді дегенді айтудан жалықпай келеді. Бірақ біз білеміз. Сол 2021 жылы тергеу біткеннен кейін хорватиялық компания Қазақстанға екі рет келіп, біздің мамандарға платформаның жұмыс істеп тұрғанын дәлелдеген. Үкіметке барып Е.Тоғжанов (Премьер-Министрдің сол кездегі әлеуметтік салаға жауапты орынбасары – ред.) мырзамен кездесті, толық техникалық есептерін көрсетті. Бірақ біздің Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары Қаржылық мониторинг агенттігінен қорқып, оны іске қоспады. Сотта ол жайында тікелей айтылды. "Платформа 99 пайыз  дайын. Бірақ бізге оны қоссаңдар, сотталасыңдар, деді", - деп сотта тікелей айтты. Оның жазбасы бар. 99 пайыз деп отырғаны, платформаға қазақстандық 8 жүйе қосылмаған. Бірақ келісімшарт бойынша оны жалғау хорваттардың емес, біздің міндеттеме болған. Нақтырақ айтсақ, Республикалық электрондық денсаулық орталығының міндеті еді. Сол жерде біздің бүкіл ІТ-мамандар жұмыс істейді. Қазақстанның ақпараттық жүйесін хорватиялық платформаға дайындау солардың міндеті еді. Мысалы, үй салғанда токты немесе ыстық суды өз күшіңізбен қосасыз ғой. "Су да, жарық та тартылған, бірақ люстрам жанбай тұр" деп, құрылысшыдан ақша сұрамайсыз ғой. Өйткені үйіңіз орталық магистральға жалғанбаған. Бұл да сол сияқты нәрсе. 

Айыптаушылар "Ericsson Nikola Tesla" өз жұмысын толық атқармады, Е.Біртанов О.Әбішевке тапсырма берді. Әбішев оны төледі, қабылдады. Сол үшін кінәлі" деген уәж айтады. Тағы да айтайын, платформа 100 пайыз келісімшарт бойынша жасалған. Яғни, төленген ақшаның бәрі заңды және келісімшартқа негізделген болатын. Бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ. Одан кейін 3 жылдың ішінде платформаны іске қосуға мүмкіндік болды. Бірақ 1,5 жылдың ішінде тоқтатып тастады. Сотқа куәгер болып келген ІТ-мамандар да осыны айтты. "Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берген жоқ", - деді.

2021 жылдың күзінде хорваттар тағы келіп, Е.Тоғжановпен кездесті. Сол кезде 3 желтоқсанға дейін платформа қосылады деп келіскен. Бірақ оны қосқызбай, "Ericsson Nikola Tesla"-ның банктегі кепілдігін тартып алған. Бұған хорваттар ренжіді деп айтсам тым аз болады. Олар тікелей дипломатиялық нота жіберді. Біздің Сыртқы істер министрлігіне Хорватияның Сыртқы істер министрлігі протест жіберді. Яғни, хорват үкіметі қазақ үкіметіне ескерту жіберіп, "Бұларыңыз заңсыз. Бұл әрекетті тоқтатыңыздар, әйтпесе біз халықаралық арбитражға жүгінеміз", - деп жазды.

Жоғарыда банк кепілдігіне 5,5 млн доллар салған дедім ғой. Ол сома келісімшарт мерзімі бітуге жақындаған сайын кеміп отырады. Соңғы 500 мың доллардың мерзімі 2021 жылдың қарашасына дейін болған. Сол мерзімнің бітуіне 1 күн қалғанда кепілдікті тартып алған. Бірақ оның алдында хорватиялық компания мен Елші келіп, Е.Тоғжановқа бәрі дайын екенін айтқан. Бір айдың ішінде қосып бере аламыз деген. Соған қарамастан, кепілдігін тартып алған. Бұл енді келісімшартты бұзу болып есептеледі. Халықаралық заңнама бойынша бұл заңсыздық. Қазір хорватиялық компания біздің мемлекетті халықаралық сотқа тартамыз деп бізге уәде беріп отыр. 2021 жылы бірінші ескерту жіберген. 2022 жылдың аяғында тағы да ескерту жіберді. "Швейцарияға келуге дайындалыңыздар, біз Қазақстан үкіметін сотқа береміз" деп ескерту жолдады. Олар неге бұлай қатты кетіп отыр дейсіз?

"Біртанов пен Әбішевтің үстінен шығарылған соттың шешімі толық қате, біз келіспейміз. Себебі сол үкімнің негізінде біздің келісімшарттағы міндеттемелеріміз орындалмаған болып шығады", - деп отыр. Бұл олар үшін репутацияның мәселесі. Қисын бойынша бізді соттағаннан кейін Қазақстан хорватиялық компанияны айыптап, платформа үшін төленген қаражатты қайтару керек. Біздің сотымыздың шуы ол жаққа да жетіп жатыр. Жоба Дүниежүзілік банктің тарапынан қаржыландырылған. Ертең осы даулы істі алға тартып, бір де бір халықаралық банк ол компанияға несие бермей қоюы мүмкін. Олар соған алаңдап отыр. Сондықтан үкімнің теріске шығарылуына олар да күш салмақшы. Швейцариядағы сотта олар Қазақстанға тікелей талап қояды деп ойлаймын. Біріншіден, платформаны толықтай қабылдап, іске қосқызады. Платформаны енгізу жұмыстары толық келісімшартқа сай орындалғанын Қазақстанның мойындауын талап етеді. Ал қылмыстық тергеулерді толық тоқтатқызып, моральдік шығын талап етеді деп ойлаймын. Себебі олардың бұқаралық ақпарат құралдары да, басқа ақпарат көздері де Қазақстандағы сот туралы ақпарат жариялады.

Жалғасы бар...

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу