ЭКСПО-2017: Әлем павильондарының әлеуеті қандай?

3330

Ұлттық павильон "Қазақстанмен танысу" және "Жасампаздық энергиясы" деген тақырыптарды қамтиды.

ЭКСПО-2017: Әлем павильондарының әлеуеті қандай?

Астана төрінде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне аз уақыт қалды. Бүгінде шет мемлекеттер өздеріне бөлініп берген аумаққа павильондарын орналастыру жұмыстарымен айналысуда.

Тайланд павильонының бойтұмары­ – Па-ланг

"ЭКСПО - 2017" көрмесіне қатысушы Тайланд өздерінің павильонын "Қолжетімді энергия" деп атағанды жөн көрген. Тайланд павильонының нышаны Т-тәріздес ауыл. Тайлықтар көрмеде биоэнергетикалық қуатты ауыл шаруашылығы саласында жеткен жоғары нәтижелері арқылы таныстырмақшы.

Көрме залында тайлықтардың өмір салты, түп  тарихы мен табиғи байлықтарының энергетикалық әлеуеті паш етілмек.  Бірінші бөлімде келушілер назарына Тайландтың кішірейтілген үлгісі ұсынылады.  Халыққа етене түсіндіру үшін жеңіл инфографикалар мен динамикалық демонстрациялар технологиясын барынша қолдану көзделуде.

Екінші бөлім – мәдени көрсетілім.  Сахнада барлық жастағы адамдардың назарын еріксіз аударатын – жарық диодты LED экран. Ұйымдастырушылардың пікірінше, аталмыш экран тай мәдениетінің түрлі тұстарын көрсетеді. Тайланд павильонындағы көрсетілім тұжырымдамасы  "Тайланд кереметі" деп аталады екен.

"Қазақ халқы сауық-сайранды жақсы көретіндіктен,  тамаша мәдени іс-шаралар мен ойын-сауықтар ұсынамыз", – дейді жоба авторалары. 

Тайланд павильонында болашақта пайдаға жарайтын қуаттың жаңартылатын көздері және энергия қуаты туралы ақпараттар легі топтастырылған.

Тайланд павильонының бойтұмары Па-ланг. Бұл – кәдімгі жүгері. Ол Король институтының деректері бойынша, болашақ қуатын алға жылжытуға арналған күшті көрсететін "билік", "күш" және "билік үшін әлеует" дегенді білдіреді. Бойтұмар Тайландтың тұрақтылығын және әлем үшін баламалы қуат көзі болып табылатын өсімдік тұқымдарына негізделген. 

"Жүгері Қазақстан халқы үшін негізгі азық-түлік өнімі. Бойтұмар ретінде жүгеріні пайдалана отырып, жергілікті тұрғындармен байланысты тиімді орнатуға болатыны сөзсіз. Сондықтан "ЭКСПО- 2017"  үшін бойтұмар ретінде жүгеріні таңдадық", – дейді олар.

Айта кетейік, көрме кезінде Па-ланг болашақ зертханаларды өз аузымен таныстырмақ. Ол ерекше хикаяны баяндап бермекші. Келушілерге болашақтың қуатын қалай пайдалану керектігін есте қалатындай тәсілмен  жеткізеді. Бұл бөлімде қант құрағы, эвкалипт, резеңке, күріш, жүгері және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдықтары, маниока мен пальма сияқты биомасса және биоотын туралы ақпарат топтастырылған. Биоотынды жасау агрономдардың табысын ұлғайтса, екінші жағынан қоқыс көлемін азайтады.  Тайлықтар тұрақты энергияның  дамуын  гүлдеп тұрған ағаш арқылы білдірмек. Ал олардың логотипі Тайланд картасына ұқсайды.

"Қуат машинасын" көрсетеді

"ВWM" сәулетшілері жеңіп алған жоба "Аустриялық қуат машинасы" деп аталады. Халықаралық көрмеге қатысушы Аустрияға  бөлінген 870 шаршы метр болатын павильон техникалық музей іспетті көрінеді. Онда энергияны қарапайым тілмен түсіндіру үшін әртүрлі ойын қосылған.

Нақты айтсақ, көрмеге келген жұрт түрлі қон­дыр­ғылар мен меха­низм­дерді өз қолдарымен қосу ар­қылы таныса алады. Мұндай тұтас шығар­машылық табыс әртүрлі жастағы адамдардың бәрін бірдей өзіне баурап алады. Мамандардың айтуынша, Аустрия павильоны  инновациялар мен ноу-хау технологиялар арқылы көптің  есінде ұзақ уақытқа дейін сақталады.

Жалпы, Аустрия елі көрмеге үлкен жауапкершілікпен дайындалуда. Бұл салада тәжі­рибеге бай.  Көрме өтетін айда ұлттық күндерін Аустрия салтанатты түрде атап өтеді. Яғни 14 маусым күні павильонында аталмыш күн тойланады. Ауқымды шара аясында эконо­мика­лық және мәдени жетістіктерін көрсетеді.

Қазақстан мен Аустрия арасындағы екі жақты байланыс әуелден жақсы дамып келеді. Тіпті Қазақстан павильоны орналасқан болаттан жасалған алып шардың құрылысында олардың қолтаңбасы бар.  Атап айтқанда, Аустралияның "Ertex Solar" компания­сы 380 күн бойы сәулелік панель жасап шығарған. Соның арқасында көр­менің басты ғимараты жарықтан­дырылды.

Сонымен қатар Ұлттық павильон кезінде Аустрия эко­но­ми­калық және туристік байланыс­тарды дамыту үшін В2В форматында кездесулер өткізеді. Ал "Үздік тәжірибелер ай­мағы" контентіне австриялық үш ком­панияның баламалы энергия тақырыбындағы же­тістіктері ұсынылмақ.

"Әрбір келушінің назарын аудартпай қоймайтын машина Аустрияның шығармашылық бейнесін танытады. "Иннова­ция­лар қабырғасы" тұрғын­дарды энергия саласындағы бола­шақ мәселелерді шешуге өз үлесін қосуға үндейді, сондай-ақ жобалар бойынша ақпарат алуға мүмкіндік береді, – дейді Аустрия павильоны жоба­сының авторы Йохан Мозер.

Қолжетімді қондырғылар

Ауданы 1069,1 шаршы метр болатын Франция павильоны  "Жасыл" өсім ба­ғы­тындағы энергетикалық бұры­лыс" деген атауды иеленген. Тақы­рыпты барынша ашу мақсатында  жасыл энергетика саласындағы елеулі жетістіктерін көрсетеді. Оның ішінде болашақтың қаласы, жаңартылған энергия және экологиялық көлік түрлерін таңдаған.

Жақында  Қытай мемлекеті де  павильондарын салтанатты түрде қабылдап алды. Таңдаған тақырыптары – "Болашақ энергиясы. Жасыл жібек жолы". Олар  дәстүрлі энергия көздерін жаңғырмалы энергия көздеріне ауыстыру, қоршаған ортаны қорғау сияқты маңызды мәселелерді алға тартпақ.  

"Біздің павильон  1000,27 шаршы метр ауданды алып жатыр. Көрмеге жаңа энергия саласында қыз­мет ететін қытайлық он кәсіп­кер қатысады. Сонымен қатар көрме аясында  еліміздің 25 қаласынан бизнесмендер келеді. Біз тауарлардан гөрі электр қуаты мен ядролық энергия саласындағы жаңа технологияларды ұсынамыз.  Шын мәнінде тауарлардан гөрі электр қуаты мен ядролық энергия саласындағы жаңа технологияларды көрсететін боламыз, - дейді Қытай павильонының конс­трукциялық топ басшысы Дже Джиен.

Венгрия павильоны "Болашақ энергиясы бізді біріктіреді" деп аталады. Қолжетімді энергия көздерінің географиялық және экономикалық ерекшеліктеріне сүйенген мажарлар электр және қала жобалау саласындағы жаңа қондырғыларын таныстыруды көздеп отыр.

Ал немістерге бөлінген павильон ауданы 1249,5 шаршы метр­ді құрайды. Оған "Энергияға апарар жолда" деген тақырып қойылған.

"Болашақ энергиясының мұражайы" деген тұжырымдама ұсынылады

5000 шаршы метр аумақты алып жатқан ұлттық павильон "Қазақстанмен танысу" және "Жасампаздық энергиясы" атты екі тақырыпқа  бөлінген. Павильонның бірінші бөліміне ландшафт, мәдениет, тарих, Қазақстанның өткені мен болашағы туралы баяндалады. "Жасампаздық энергиясы" аймағының контентін қалыптастыру жұмыстары энергетика министрлігімен бірлесіп жасалған. Көрмеге отандық ғалымдардың үздік жобалары, елбасының энергетика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы бастамалары, "Жасыл экономиканың" республика аймақтарында жүзеге асырылған жобалары қойылатын болады.

Қазақстан павильонында  "Болашақ энергиясының мұражайы" деген тұжырымдама ұсынылады. Алып шар тәрізді ғимарат 7 қабаттан тұрады. Әр қабат ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналады. Ал сегізінші қабат "Астана — болашақтың қаласы 2050" экспозициясына арнайы бөлінген. Сонымен қатар "Болашақтың энергиясы" көрмесін жан-жақты таныстыруды көздейтін 2 тақырыптық павильон құрылады. Егер Қазақстан павильонында көрермен табиғаттың тылсым күшінен туған барлық жаңғыртпалы энергия түрлерімен танысатын болса, тақырыптық павильондарда меймандарымыз энергия эволюциясын, оның бүгіні мен болашағын танып түсінуге, 21 ғасырдың энергетикалық қиындықтарын байқауға, технологиялық және зияткерлік жетістіктерді елестетуге, планетамызға орасан зор әсер ететін энергия тұтыну мәселесін көруге мүмкіндік алады.

Гүлназ Шарханқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу