Тайланд ЭКСПО-ға 8 млн доллар бөлді

Көрмеге қажет құралдарды сатып алуға жұмсалған қаражаттан басқасы түгелімен Қазақстан компанияларының қызметіне төленеді.

Тайланд ЭКСПО-ға 8 млн доллар бөлді Фото: liter.kz

20 ақпан күні Астанада Тайланд Корольдігінің Қазақстандағы өкілетті елшісі Нат Пиньоваттаначип мырза ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Тайланд павильонының жобасымен таныстырды. Өткен жылдың тамызында корольдіктің мәдениет және спорт министрі Кобкарн Ваттанврангкул ханым "Астана ЭКСПО-2017" ҰК басшысы Ахметжан Есімов мырзамен кездесіп, арнайы павильонға тапсырыс берген болатын. Бүгіннен бастап Тайланд өзіне бөлінген павильонды жарақтауға кіріспек.

Экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі басым ел ретінде жаңа баламалы энергия көздерін табуға бағытталған бұл көрме Тай өкіметінің оң жамбасына келіп тұрғаны анық. 20 жылдай қант құрағынан био-отын өндіріп келе жатқан тайлықтар Астанада қалдықсыз әрі қайта қалпына келетін қуат қорларын қолданудың түрлі тәсілін көрсетеміз деп, бел шешіп отыр. Соның ішінде марқұм король Пхумипон Адульядет ұсынған тұжырымда биоэнергетиканы қарқынды дамыту және тиімді пайдалануға баса көңіл бөлінбек. Көрменің де көздеген басты мақсаттарының бірі – ғаламдық проблемаға айналған көмірқышқыл газының бөлінуін азайту жолдарын қарастыру болғандықтан, бұл павильон ұйымдастырушылардың назарына ілігетініне сенеміз.

Сонымен қатар елші шараға бөлінген қаржының 7-8 млн доллары біздің елде жұмсалатынын айтты. Нат Пиньоваттаначип мырзаның айтуынша, бюджеттің Қазақстан өндірмейтін көрмеге қажетті құрылғыларды сатып алуға жұмсалған қаражаттан басқасы түгелімен Қазақстан компанияларының қызметіне төленеді. Бұл қызметтердің ішіне павильонның ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарынан бастап, электр қуатына дейінгі барлық саланы жатқызуға болады. Бұл – еліміздің құрылыс және қызмет көрсету саласын халықаралық деңгейге көтеріп, инфрақұрылымды жақсартуды талап етеді. Яғни Қазақстанда өмір сапасының артуының алғышарттарының бірі деуге болады.

Тайланд – Астанада бас қосуға ниет білдірген жүзден аса елдің біреуі ғана. Сонымен бірге ол ЖЭК енгізуде жетекші елдер қатарынан емес. Көрменің көрігі Қытай, Ұлыбритания, Франция, Коста Рика сынды осы саланың көшбасшылары келгенде қыза түспек. Олар ұсынған технологияның озық үлгілері "жасыл" энергетиканы дамытуда ізденістер жүргізу үшін Қазақстан қорында қалады. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалана алсақ, дамыған елдермен терезе теңестіруге мүмкіндік аламыз. Себебі қай мемлекет жаңа технологияға қаржы құйып, оны дамытуға күш салса, сол елдің даму қарқыны күшеймек.

Пікірімді нақты тарихи мысалмен қуаттай кетсем. 1873 жылғы Аустрияның Вена қаласында өткен көрмеге алғаш қатысқан Жапон делегациясы алдына үлкен мақсат қойып барған болатын. Олар шара барысында сол кездегі дамыған батыс технологиясы мен өркениетін үйреніп бақты. Нәтижесінде күншығыс елі электроника саласын қарқынды дамыту арқылы өндірісін жолға қойып, әлем көшбасшыларының қатарынан орын алды. Біздің де бұл шарадан үйренеріміз аз болмауы тиіс. Сол үшін бекітілген 3 ай ішінде 20-дан астам тақырыптық және іскерлік шара, форум және конференция өткізілмек. Ал ЭКСПО-дан кейін босаған павильондарда заманауи зерттеу орталықтарын құрып, оларды еліміздің жетекші оқу орындарына бекітіп беру жоспары да бар. Көрмеден кейінгі бай ғылыми-техникалық базаны негізге алған институттар қажетті деңгейде жұмыс атқарса, нәтижесі көп күттірмеуі тиіс.

Бүкіләлемдік көрмелер тарихына үңілсек, бұл шаралар тек экономикалық мақсатта ұйымдастырылмағанын аңғарамыз. 1857 жылы Францияда өткен көрмеде алғаш рет сауда-саттықтан бөлек, халықаралық қарым-қатынасты реттеу көзделген еді. Осы қадамның нәтижесінде қырғи-қабақ елдер жарасым тауып, келісімге келген. Сондықтан ЭКСПО-ға тек экономикалық жоба ретінде қарау дұрыс емес. Бұл туралы Астанадағы жиында Тайланд елшісі Нат Пиньоваттаначип мырза да қадап айтқан болатын.

"Біздің бұл көрмеге қатысудағы басты мақсатымыз – екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты паш етіп, оны одан әрі нығайту", – деді спикер.

ЭКСПО мүмкіндіктерін тиімді падалануға болатын тұсымыздың бірі – осы. Алыс-жақын шетелмен саяси, мәдени байланыс орнату арқылы Қазақстан әлемдік аренада жағымды иммидж қалыптастырып, өз позициясын айтарлықтай көтере алады. Бұл көрменің өту деңгейіне ғана емес, сыртқы істер министрлігінің қабілет-қарымына да байланысты.

Тайланд Астанада ғылыми жетістіктерінің үлгілерімен қатар, "Thailand Delight" танымдық презентациясы мен Тай дәстүрлерінен сахналық көріністер көрсетпек. Негізгі табыс көзінің бірі туризм саналатын мемлекет үшін бүкіл әлем көз тіккен көрмеде өз құндылықтарын көрсетіп, туристерді қызықтырудың тамаша мүмкіндігі. Ал Қазақстан үшін әлемдік деңгейде шара өткізу сыртқы туризмді дамытуға түрткі бола алғанымен, берілген мүмкіндікті барынша пайдаланған дұрыс.

2015 жылы Миланда ұлттық павильонымыз көрме тақырыбын аша білгені және ұлттық ерекшеліктерді ұтымды пайдаланғаны үшін үздіктер қатарынан көрінген болатын. Шара барысында Қазақстан павильонын 1 милионнан аса адам тамашалады. Бұл біздің салт-дәстүріміздің шетелдіктердің қызығушылығына ие екенін көрсетеді. Ал Астанадағы ЭКСПО-ға жалпы саны 2 миллиондай турист келеді деген болжам бар. Оларға арналып түрлі мәдени шара, бірнеше халқаралық спорттық жарыс ұйымдастыру қолға алынып отыр. Осылайша көрме қонақтарының жадында жағымды әсер қалдыру арқылы біз туристік ел ретінде өз бағымызды сынап көруімізге болады. Көздің жауын алатын тұмса табиғаты бар Қазақстанға бұл нарықты да игеру мүмкіндігі жоғары.

Қорыта айтқанда, биылғы жылдың басты шарасы – "ЭКСПО-2017" көрмесін абыроймен өткізу Қазақстанға көптеген мүмкіндік сыйлап, экономикадағы жаңа бағыттарға жол ашады. Жаңа технологиялар заманында кімнің асығы алшысынан түсетіні ғылымдағы жетістігіне байланысты болғандықтан, дамыған елдер инвестицияны дәл осы салаға құйып отыр. Көрмелер өзін қаржылай ақтауы да назарда ұсталғанымен, бұл шарада маңызды жаңалық ашу – басты мақсат. Мақсат орындалса, кеткен қаржыны ойланбастан ғылымның дамуына жұмсалған инвестицияға жатқызуға болады.

Бұл – көрмеге қатысушы елдердің ішінде алғашқылардың бірі болып өз жұмысына кірісіп, ақпарат құралдарымен байланысқа шыққан Тайланд Корольдігінің өкілдерімен болған сұхбаттан кейінгі пікір. Алда осы шараға қатысуға ниет білдірген жүзден аса мемлекеттің делегациясы мен олар ұсынатын ғылыми жаңалықтар, түрлі технология жетістіктері бар. Осы жазда төрткүл дүние бас қосып ғаламдық мәселелер сөз болған Астана алаңында шешілмеген түйін қалмайды деп үміттенеміз.

Серікбол Селеубайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу