Еліміз үшін ЭКСПО-2017 көрмесі – ішкі туризмді дамыту үшін таптырмас мүмкіндік. Сондықтан көрме кезінде үш бағытта туристік маршруттар ұйымдастырылмақшы. Соның бірінде экологиялық бағытта шетелдік туристер мен қонақтарға ұлттық парктерге бару ұсынылмақ. Ал олардың бүгінгі ахуалы қандай?
Елімізде табиғаты тамсандыратын Алматы облысының өзінде үш ұлттық парк жұмыс істейді. Бірақ қызмет көрсету мен инфрақұрылым саласында шешілмеген мәселе жетерлік. Жуырда ғана ұлттық парктерді дамыту мәселесіне арналған жиында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Марлен Айнабеков 2017 жылы ұлттық парктерді дамытудың жол картасы әзірленетінін және қолданыстағы бас жоспарға жаңа учаскелер мен бағыттар енгізу қайта қаралатынын мәлімдеді.
"Бұл мәселелер жөнінде қазір өтінім қабылдаймыз. 2017 жылдың соңына қарай жол картасы аясында барлық маршрутты көрсетіп, толығымен экологиялық сараптамадан өткіземіз. Ұлттық парктерді құрудағы басты мақсат – бизнес емес, биологиялық тепе-теңдікті сақтау. Туристік нарықты дамытуда барынша сақтық танытқан жөн. Әрине табиғатты қорғау туралы заң талаптарын сақтай отырып, әріптестік ынтымақтастықта жұмыс істеуге әзірміз", – дейді Марлен Айнабеков.
Ия, туристік бизнесті дамытуда ұсыныс пен ескерту жетерлік. Мәселен AlmatyCityTour және VDA Company турфирмасының өкілі Анатолий Савичевтің айтуынша, туристік топтарды бастап жүретін гидтер мен жүргізушілерді экологиялық салықтан босатқан жөн. Негізінде салық заңнамасына сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 0,1 АЕК мөлшерінде экологиялық құн алынады.
"Бұл адамдар жұмыс барысында, яғни туристік топтарды ертіп жүрген уақытта әркез құн төлейді. Мөлшері аз болғанымен, соңында туристік сапардың жиынтық құны ұлғаяды. Бұл мәселені шешуде жеңілдіктер қарастырылса немесе арнаулы тарифтер енгізілсе", – дейді ол.
Нақты айтқанда, бұл – бұған дейін де көтерілген ұсыныс. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті салық төлеуден босатуды көздейтін бастаманы қарастыру үшін мемлекеттік кіріс комитетіне жолдаған.
Ал балаларға, мүгедектер мен соғыс ардагерлеріне арнаулы жеңілдіктер қарастыру туралы ұсынысты ұлттық экономика министрілігі ескерусіз қалдырса керек. Басты себебі, бюджетке түсетін түсімдер қысқарып қалмақ. "Атамекен" КҰП қызмет көрсету саласы жөніндегі департамент директорының орынбасары Қарлығаш Алтаева бұл сауал кәсіпкерлер палатасының бақылауында екенін және алдағы уақытта қайта көтерілетінін жеткізді.
Қауіпсіздікті кім ойлайды?
Туроператорлар үшін тағы бір мәселе бар. Ол – қауіпсіздік. Елімізге өз қаржысымен демалуға келген туристердің қауіпсіздігін ескерусіз қалдыруға болмас. Олардың айтуынша, Қайыңды өзенінен бастап аттылы жол мен жаяу жүргіншілердің жолын реттеу қажет.
"Қазір аттылы адамдар да, жаяу адамдар да бір соқпақпен жүреді. Кейде шеткері жүрген жылқылар шыршаны тамырымен құлатып кете барады. "Шарын" шатқалына қатысты тек бұл ғана емес, аумақта жол сілтейтін белгілер мен таңбалар жеткіліксіз. Біз желтоқсан айында барғанымызда жолдарды қар басып қалған. Жол көрсететін белгі болмағандықтан, бағдарымыздан жаңылдық. Ендігі жерде жол бастайтын белгілер барлық талапқа сай орнатылса. Туристер үшін бұл қолайлы болмақ", – дейді Анатолий Савичев.
Мұндай жағдайдың басқа да парктерге қатысы бар екені жасырын емес. Оны ұлттық парктің директорлары да мойындап отыр.
"Туристік инфрақұрылымды дамытумен қатар қызмет көрсету сапасын арттыру көзделіп отыр. Негізінде отандық және шетелдік туристерді тартуда ешқандай қиындық жоқ. Мәселен 2016 жылы парк аумағына келген туристер саны – 9603 болса, оның 2380-і шетел азаматы. Дегенмен Шарын шатқалына апаратын кірме жол салу, жол құрылысы туралы ұсыныс жиі айтылады. Туристерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында "Шарын" шатқалына 32 шақырым жол салу мәселесі қиындық туғызып отыр. Осы орайда мемлекет қаржылай қолдау көрсетсе деген ұсынысымыз бар. Жалпы біздің ұлттық паркте туристің демалуына толық жағдай жасалған. Парк аумағына келген демалушы тек ризашылығын білдіреді. Қазір паркте 3 туристік бағыт маусым бойы туристерге қызмет көрсетеді. Биыл "Темірлік-Кіші шатқал" туристік маршрутын ашу қолға алынды", – дейді "Шарын" ұлттық паркі директорының орынбасары Гүлмира Нысанбаева.
Сайттары сын көтермейді
Турист тартудың ең тиімді тәсілі – ресми сайт арқылы насихат жұмысын жүргізу. Байқауымызша парктердің сайттары сын көтермейді. Астана туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаеваның айтуынша, ұлттық парктер қосымша қаржы табу мүмкіндігін толық пайдаланбайды. Демалыс билетін тікелей сату, қонақүй және тамақтану орындарымен қатар қосымша пайда табуға болатын қызмет түрлерін, нақтырақ айтқанда атпен серуендеу, ішкі транспортты ұйымдастыру және жалға дүрбі беру мәселесін қолға алған тиімді. Ал ұлттық парктің өзі саяхатшыға арналған порталда өзін жарнамалау жағына келгенде белсенділігі төмен.
"Көпшілік ұлттық парктер туралы біле бермейді. TripAdvisor интернет ресурсын қарағанымда "Алтын Емелге" қатысты бар-жоғы он пікір бар. "Шарын" шатқалы туралы көптеген қолданушы жарыса жазса, "Іле-Алатау" паркі туралы мүлдем кездеспейді. Шетелдік қонақтар болсын, отандық туристер болсын, ең алдымен сайт арқылы ақпарат іздеп, баратын жерінің қандай екенін алдын-ала зерттейтіні белгілі. Сондықтан ең болмаса әдемі суреттерімен толтыруға болады", – дейді Рысты Қарабаева.
Маманның айтып отырғаны шындық. Ақпараттың қарыштап дамыған заманында ресми порталдың атқарар жүгі орасан. Ұлттық парктердің сайтына бас сұқсаңыз, "қатып" қалған анықтамалықпен ғана шектелесіз. Тіпті бағасын ашық көрсетпегені былай тұрсын, уақтылы жаңарып жатқаны байқалмайды. Туристер мен турфирмалар үшін ақпарат алу қолжетімсіз.
Қазіргі таңда "Атамекен" палатасы мен Астананың кәсіпкерлер қауымдастығы туризмді ұйымдастыру мәселесіне қатысты ұлттық парк директорларының Түркияға жұмыс сапарын пысықтап жатыр.
"Ұлттық парк жетекшілерімен кездесу барысында байқағаным, оларға "мың түсіндіргеннен, бір көрген артық" екенін ұқтым. Біз олардың басқа елдермен тәжірибе алмасқанын қалаймыз. Қазіргі уақытта біздің қауымдастық іссапар мәселесін шешумен айналысады. Алғашқы хатымызды жіберіп қойдық, сонымен қатар түрік әуежолдарымен де байланыс орнатып жатырмыз", – дейді Рысты Қарабаева.
Келушілер қатары қандай?
Елімізде мемлекеттің айрықша қамқорлығына алынған 12 ұлттық саябақ бар. Оның бесеуі Алматы және Талдықорған облыстарына тиесілі. Соңғы екі жыл ішінде осы парктерге келушілер саны артқан.
"Шарын" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы 2009 жылы кеңейтілгені белгілі. Ол Алматы қаласынан шығысқа қарай 200 шақырым қашықтықта орналасқан. Паркте 32 түрлі сүтқоректі, бауырымен жорғалаушының 18 түрі, амфибияның 4 түрі және 100-ден аса құс түрі мекендейді. Жалпы парк аумағы флора мен фаунаға бай. Мыңға тарта жоғарғы сатыдағы өсімдік пен омыртқалы жануардың 194 түрі тіршілік етеді. Оның 27 түрі еліміздің Қызыл кітабына енген, ал өсімдіктің 50-ден аса түрі сирек кездесетін түрге жатады. Парк аумағында жалпы қашықтығы 49 шақырым 3 туристік бағыт жасалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірінші бағыт — Шарын ерен саяжайы. Мұнда келушілерді таң қалдыратыны – тоғайда 7 адамның құшағы әрең жететін алып ағаштар. Екіншісі, автомобильге және жаяу жүргіншіге арналған бейіттер мен қорғандар бағыты. Қазақстанның ортағасырлық тарихына, өлкенің туған тарихына қызығатын туристерге таптырмас мүмкіндік. Ал үшінші бағыт "Қамалдар мекені" деп аталады. Қазір бұл бағыттарда көру алаңдары, автотұрақ, қонақ үйлер ұйымдастырылған. Ұлттық парк директоры Елнұр Ахметов алдағы уақытта парк аумағында тағы екі бағыт ашылатынын айтады.
"Бүгінде парк аумағына қажетті барлық инфрақұрылым жасақталған. Егер 2013 жылы 2000 турист келсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 9000 адамға жетті. Оның 3 мыңы әлемнің 46 елінен келген қонақтар. Сонымен қатар жол мәселесі де шешіледі", – дейді Елнұр Ахметов.
Жоңғар-Алатауы ұлттық паркі осыдан 7 жыл бұрын құрылған еді. Туризм инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес 15 туристік бағыт ұйымдастырылған. Бірақ қазір 7 бағыт жұмыс істейді, қалған төртеуі бекітіліп жатыр. Бұған қоса инвестиция есебінен 13 жоба әзірленеді. Яғни ұлттық паркте жер телімдерін ұзақ уақыт жалға беру қарастырылып отыр.
Айта кетейік, осыған қатысты өткен жылы тендер ұйымдастырылған. "Ашық әрі әділ өтуі үшін комиссия құрамына "Атамекен" палатасының өкілдері де кірді. Қазіргі уақытта 13 жеңімпаз анықталды, тек 2 нысан бос тұр. Бас жоспар бойынша 22 нысанды жер телімімен бірге қысқа уақытқа жалға беру қарастырылып отыр. Бүгінде паркте көру алаңдары мен ойын алаңдары жеткілікті. Ең негізгі мәселе, жөндеуді қажет ететін жолдар мен көпірлердің аздығы", – дейді Жоңғар-Алатауы ұлттық паркі директорының орынбасары Талғат Мусин.
Ұлттық паркке 2014 жылы – 375, 2015 жылы 470 адам келсе, 2016 жылы мыңнан асқан. Әрине, салыстырмалы түрде алып қарағанда, аз көрсеткіш.
Іле-Алатауы ұлттық паркінің іргесі 1996 жылы қаланған. Аумағында 42 бағдар ұйымдастырылған. Бас директоры Дамир Малгелдиевтің айтуынша, бүгінде сегіз турфирмамен келісімшарт жасалған.
Белгілі болғандай, мұнда ұзақ мерзімде пайдалану үшін 104 учаске бөлінген. Ал қысқа уақытқа жалға берілетін орындар саны – 38. Екінші тоқсанның басында бас жоспарға өзгеріс енгізіп, жаңа учаскелердің тізімін енгізу жоспарланып отыр.
Егер паркке 2014 жылы 114 665 адам келсе, 2016 жылы 117 571 адамға жеткен. Оның 718-і шетелдік азамат.
Не десек те, ұлттық парктер мәселесі күн тәртібінен түспеуге тиіс. Турист тарту мақсатында жасалып жатқан жұмысты мемлекет қолдап, бақылап отырғаны дұрыс-ақ.
Гүлназ Шарханқызы