Ел авиациясын британдық модельмен реттеу ұсынылды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4351

Былтыр отандық әуе компаниялары жолаушылар тасымалдау бойынша соңғы 25 жылдағы үздік нәтижеге қол жеткізді.

Ел авиациясын британдық модельмен реттеу ұсынылды

ҚР инвестициялар және даму министрлігі еліміздің авиация саласын мемлекеттік реттеуді британдық модельге көшіруді ұсынып отыр. Министр Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл қадам арқылы ұшу қауіпсіздігі деңгейін 80%-ға дейін жеткізуге болады. Осылайша, ICAO-ның (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) талаптарына сай болатын тамаша мүмкіндік бар. Сондай-ақ, білікті инспекторлардың саны артады. ICAO-ның шартына сәйкес, авиациялық әкімшілік инспекторларының саны қазіргіден екі есе жоғары болуға тиіс.

Үкімет отырысында баяндама жасаған инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ведомство аталған міндетті жүзеге асыру үшін дайындық жұмыстарына кірісіп кеткен. Бұл ретте, Британ азаматтық авиация агенттігімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған. Тіпті, британдық мамандар Қазақстанға бірнеше мәрте келіп,  техникалық ынтымақтастық жобаларын пысықтаған, тиісті ұсыныстарын айтқан.

"Бірлескен жұмыстар негізінде біз британдық модельді енгізудің тәсілдерін жасадық. Ол үшін қолданыстағы заңнамаға ұшу қауіпсіздігін бақылау функцияларын азаматтық авиация саласындағы қадағалау, бақылау жөніндегі ұлттық компания түріндегі жаңа құрылымға ауыстыру туралы өзгерістер енгізу керек. Яғни, жаңа құрылым министрліктің алдында есеп беретін болуға тиіс. Инспектор ретінде жұмыс істейтін кейбір қызметкерлер ұлттық компанияға ауысады", – деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, авиация саласын мемлекеттік реттеуді британдық модельге көшіру бастамасы инвестициялар және даму министрлігінің жаңындағы модернизациялау жөніндегі жұмыс тобына енгізіледі. Ал одан кейін ұлттық комиссияның қарауына жіберіледі.

Еске сала кетейік, азаматтық авиацияны реттеудің британдық моделі әлемдегі ең дамыған басқару формаларының бірі болып табылады. ІCAO шартына сәйкес, оның ұшу қауіпсіздігі 93%-дан жоғары көрсеткішті құрап отыр. Яғни, әлемдегі ең тиімді әрі сенімді модель. Салыстырар болсақ, әлемдегі ұшу қауіпсіздігінің орташа деңгейі 63%-ға, Еуропадағы орташа деңгей 76%-ға тең. Ал Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігінің орташа деңгейі 74%-ды құрап отыр. Қысқасы, британдық модель әлемдік, еуропалық деңгейден әлдеқайда жоғары.

Жеңіс Қасымбектің баяндауынша, алдағы уақытта еліміздегі бірқатар өңірлік аэродромдарды жөндеу, сондай-ақ, ұшақтар сатып алу да жоспарда бар.

"Жергілікті әуе желілерінің аэродромдарын дамыту үшін қатты жабындысы бар 5 аэродромды, тегіс жабындысы бар 11 аэродромды салу және қайта құру жоспарланып отыр. Жобаларды қаржыландыру республикалық бюджет есебінен қарастырылған. Жергілікті әуе желілерінің ұшуын қалпына келтіру үшін өңірлік санаттағы біршама ұшақ керек", – деді министр.

Алдын ала жүргізілген талдауға сүйенсек, 2018-2020 жылдар аралығында өңірлік санаттағы 20 шақты ұшақты сатып алу керек. Бүгінде "Жетісу" әуе компаниясы оператор ретінде анықталды. Өңірлік санаттағы ұшақтарды сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

"Екі қозғалтқышы бар, сыйымдылығы 20 орындық, санитарлық-жолаушы және көлік нұсқаларында жедел қайта конфигурациялау мүмкіндігі мол, сондай-ақ сипаттамалары талапқа сай жаңа ұшақтарды сатып алу жоспарлануда. Мұндай бір ұшақтың орташа құны 2,2 млрд теңге тұрады. Өз қаражатымыз бен "БРК-Лизинг" АҚ-ның займ қаржысы қаржыландыру көзі ретінде пайдаланылмақ", – деді министр.

Осылайша, шағын авиация жобаларын қаржыландыруға 23 млрд теңгеден астам қаржы қажет.

Әуе тасымалының артуына байланысты саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету де маңызды мәселеге айналып отыр. Осыған орай, мамандарды дайындау сапасын көтеріп, жетілдіру үшін 2018 жылы Астанада авиациялық-оқыту орталығының құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Оның құрылысы 2020 жылы аяқталуға тиіс.

Сондай-ақ, министрлік "Азаматтық авиация академиясы" АҚ-ын салалық ведомствоға беруді ұсынып отыр. Мұндағы мақсат – авиациялық мамандардың біліктілігін арттырудың бірыңғай жүйесін құру.

Қазіргі уақытта Қазақстанның азаматтық авиациясында 20 мың адам жұмыс істейді. Олардың 10 мыңы – әуежай жұмысшылары, 3 мыңы – жазғы құрамның өкілі (330-ы – шетел ұшқыштары), 2 мыңы – инженерлік-техникалық құрамның өкілі, 650-і – авиадиспетчер, 4 350-і – әуе компаниясының қызметкерлері, техникалық орталықтардың, авиациялық оқу орталықтарының мамандары.

Жеңіс Қасымбек баяндағандай, 2017 жылы қазақстандық әуе компаниялары 620 мың транзиттік жолаушыны тасымалданған. Биыл 900 мың жолаушы тасымалданады деп күтілуде. Ал 2020 жылға қарай жолаушылардың санын 1,6 млн адамға дейін жеткізу міндеті тұр.

"Соңғы 8 жылда қазақстандық әуе компанияларының транзиттік жолаушылар саны 30 есеге артты. Яғни 20 мыңнан 620 мыңға дейін өсті. Қазақстан арқылы өтетін негізгі транзиттік жолаушылар ағынының өсімі Қытайдан Еуропаға, Түркияға, Ресей мен Украинаға, Еуропа мен Оңтүстік Корея арасына, Украинадан Өзбекстан мен Үндістанға және Түркия мен Өзбекстан бағыттарында байқалды", – деді Жеңіс Қасымбек.

Министр атап өткендей, биыл отандық әуе компанияларымен Астана – Түмен, Астана – Краснодар, Астанадан Вильнюс, Томск, Челябі, Сочи, Батуми, Душанбе қалаларына тұрақты рейстер ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Air Baltic, Emirates, Fly Dubai, Ангара, Аэрофлот секілді шетел әуе компанияларымен Рига – Алматы, Дубай – Алматы, Дубай – Ақтау, Красноярск – Алматы, Мәскеу – Қызылорда бағыттары бойынша тұрақты рейстер ашылмақ.

Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде, яғни 2017 жылдың 7 маусымынан бастап қазақстандық әуе компанияларымен Астана және Алматы әуежайлары арқылы транзитпен өтетін ҚХР азаматтары үшін үкімет қаулысымен пилоттық режимде 72 сағаттық визасыз режим енгізілген болатын. Жақында оның мерзімі 2018 жылдың соңына дейін ұзартылды.

Транзиттік әлеуетті одан әрі дамыту үшін мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, Үндістанның және басқа да елдердің транзиттік азаматтарына арналған балама режим енгізу қарастырылуда.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қазақстан әуежайлары арқылы транзитпен өтетін Үндістан азаматтарына 72 сағаттық визасыз режим енгізу маңызды екенін еске салды.

"Себебі, бұл елде 1 миллиардтан астам халық тұрады. Бұл мәселе шешілетін болса, транзиттік жолаушылардың санын еселеп арттыруға мүмкіндік бар", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Географиялық орналасуының нәтижесінде Қазақстан транзиттік әуе қатынасы үшін тартымды болып отыр. Қазақстан территориясында ұзақтығы 84 166 шақырым болатын 92 әуе жолы бар. Олар арқылы тәулігіне 700 әуе кемесі ұшып өтеді. Транзиттік тасымалдардың 80%-ы Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияны жалғайтын 12 негізгі бағыт бойынша еліміздің территориясы арқылы өтеді.

Былтыр отандық әуе компаниялары жолаушылар тасымалдау бойынша рекорд орнатты. Өткен жылы жолаушылар ағынының өсу қарқыны 23%-ды құраған. Бұл соңғы 25 жылдағы үздік көрсеткіш. Мұндай жетістікке жетуге ЭКСПО-2017 көрмесі ықпал еткені анық. Сондай-ақ, транзиттік жолаушылар өсімі 30%-ды, жүк тасымалы 24%-ды құраған.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2020 жылға қарай жолаушылар әуе тасымалын 35%-ға, транзиттік әуе жолаушыларын 2,5 есеге және жүк тасымалын 2 есеге арттыру жоспарланып отыр.

Былтыр Қазақстанның авиациялық билігі ICAO аудитінен сәтті өтті. Әуежайлардың қауіпсіздік жүйесін кешенді түрде тексерілді. ICAO сарапшыларының алдын ала бағалауы бойынша Қазақстанда айтарлықтай өрлеу бар. Ресми нәтижелер 2018 жылдың 1 ақпанында жарияланады.  

"Бүгінгі таңда ұшу қауіпсіздігіне қатысты қазақстандық әуе компанияларынан Еуропалық одақ елдеріне ұшуға қойылған барлық шектеулер алынып тасталды. Енді отандық 5 әуе компаниясы (Эйр Астана, СКАТ, Комлюкс, ҚазЭйрДжет және Прайм Авиэйшн) Еуропаға ұшуға толық құқылы", – деді Жеңіс Қасымбек.

Қазақстанда 53 әуе компаниясы жұмыс істейді. Оның ішіндегі 20 әуе компаниясы коммерциялық әуе тасымалын жүзеге асырады. Мемлекеттік тізілімде 913 әуе кемесі тіркелген. Елімізде әуе кемелерінің саны жыл сайын артып келеді. 

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев соңғы жылдары еліміздегі әуежайлардың басым бөлігі халықаралық стандарттарға сәйкестендірілгенін атап өтті. Енді қалған әуежайлар бойынша жұмыстарды 2020 жылға дейін аяқтау керек. Бұл бағытқа қаржы бөлінген. Тек, жұмыстардың орындалуын бақылау ғана қажет.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу